Перейти к содержимому

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру

Қазіргі қоғамда жастардың құқықтық сауатты болуы өте маңызды деп ойлаймын. Себебі бүгінгі жас — ертеңгі елдің дамуына жауап беретін буын. Егер жастар заңды біліп, өз құқығы мен міндетін түсінсе, қоғамда тәртіп те жоғары болады. Құқықтық сауаттылық — бұл жай ғана заңдарды жаттау емес, кез келген жағдайда өз абыройыңды заң аясында қорғай алу қабілеті.

Құқықтық мәдениет дегеніміз — адамның заңдарды білуі, оны құрметтеуі және өмірде дұрыс қолдана алуы. Көп жағдайда жастар заңды тек жаза немесе айыппұлмен байланыстырады. Бірақ құқықтық мәдениет — тек қорқу емес, сонымен бірге өз құқығыңды қорғай білу. Менің байқауымша, университетте көптеген студенттер плагиат пен көшіруден тек «ұсталып қалсақ, оқудан шығамыз» деп қорқады. Алайда құқықтық мәдениет — тек жазадан сескену емес, өз біліміңді адал көрсету және қажет болса, әділетсіздікке қарсы өз құқығыңды сауатты қорғай білу.

Жастардың құқықтық мәдениеті ең алдымен отбасы мен білім беру орындарында қалыптасады. Мектепте және жоғары оқу орындарында құқықтық тақырыптағы сабақтар, кездесулер мен талқылаулар көбірек болса, бұл жақсы нәтиже береді. Сонымен қатар әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы да заң туралы түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілуі керек. Себебі жастар ақпаратты көбіне интернеттен алады.

Қорытындылай келе, құқықтық мәдениет — әр жасқа қажет қасиет. Заңды білетін адам өз ісіне жауапты болады деп ойлаймын. Сондықтан жастар арасында құқықтық білімді дамытуға көбірек көңіл бөлу керек. Заңды тек жаза деп емес, өзіңді қорғайтын құрал деп қабылдау — еркін әрі әділ қоғам құрудың алғашқы қадамы.

Ильяс МЕДЕЛКАН

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

3 курс студенті

Жетекшісі: фил ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева

0
0
6159

Еще по теме

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру - Yvision.kz