Перейти к содержимому
Обложка сообщества Общество

ЖАСТАР АРАСЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру – Қазақстанның әлеуметтік тұрақтылығы мен құқықтық жүйесінің негізі. Құқықтық мәдениет – адамның заңды түсінуі, құрметтеуі, құқықтық нормаларды саналы түрде ұстануы және өмірлік тәжірибеге енгізуі. Әсіресе жастар үшін бұл ұғым ерекше маңызды, себебі олар – қоғамның қозғаушы күші әрі мемлекеттің болашағы. Құқықтық мәдениеттің төмендігі жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың өсуіне, әлеуметтік шиеленістердің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан жастардың құқықтық мәдениетін арттыру бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі.

Қазақстанда жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында соңғы жылдары жүйелі шаралар қолға алынды. 2020 жылы қабылданған «Жастар туралы» Қазақстан Республикасы Заңы (№ 382-V ЗРК) жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған нормативтік база ретінде саналады. Бұл заң жастардың құқықтары мен міндеттерін нақтылай отырып, олардың құқықтық тәрбие алуына жағдай жасауға баса назар аударады. Сонымен қатар, 2022 жыл «Жастар жылы» деп жарияланып, құқықтық білім беру мен ақпараттандыру бағытында бірқатар мемлекеттік және қоғамдық жобалар іске қосылды.

Алайда құқықтық мәдениеттің деңгейі әлі де жеткіліксіз. Ішкі істер министрлігінің 2025 жылғы ресми статистикасында көрсетілгендей, Астана қаласында 2025 жылдың алғашқы айларында жасөспірімдердің қатысуымен тіркелген құқық бұзушылықтар саны 2 мыңнан асты. Бұл жастар арасында құқықтық түсініктің төмендігін және құқық бұзушылықтың кең таралғанын айқындайды. 2024 жылғы деректер бойынша Қазақстанда кәмілеттік жасқа толмағандардың қатысуымен болған құқық бұзушылықтар саны бірнеше аймақтарда жоғары деңгейде сақталып отыр. Мысалы, Түркістан, Алматы және Астана қалаларында жастар арасында ұсақ бұзақылықтар мен қоғамдық тәртіпті бұзу оқиғалары жиі тіркеледі.

Құқық бұзушылықтардың ішінде ең көп таралғаны – қоғамдық орындардағы тәртіп бұзу, ұсақ бұзақылықтар және әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат тарату секілді құқыққа қайшы әрекеттер. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 434-бабына сәйкес қоғамдық орындардағы тәртіп бұзу – әкімшілік жауапкершілікке тартылатын әрекет. 2024–2025 жылдары Алматы мен Астана қалаларында осындай құқық бұзушылықтардың саны өскені анықталды. Бұл жағдай жастардың құқықтық мәдениетін арттыру қажеттілігін көрсетті.

Қазақстанда жасөспірімдердің заңсыз қару ұстап, оны қолдану фактілері де азаяр емес. 2022 жылы Түркістан облысында бірнеше жасөспірім ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы (заңсыз қару сақтау) бойынша жауапқа тартылды. Бұл бап бойынша заңсыз қару сақтау ауыр қылмыс болып саналады. Мұндай оқиғалар жастар арасында құқықтық сауатсыздықтың салдары екені айқын.

Интернет және әлеуметтік желілердегі құқық бұзушылықтар да жастар арасында жиі кездеседі. Мысалы, 2023 жылы Астана қаласында жастар әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратуы ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қаралды. Жалған ақпарат тарату қоғамдық сенімге нұқсан келтіріп, құқықтық тәртіптің бұзылуына әкеледі. Бұл факт жастар арасында құқықтық және ақпараттық мәдениеттің төмендігін көрсетеді.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда білім беру жүйесінің рөлі ерекше. Мектептер мен жоғары оқу орындарында құқық негіздерін оқыту жастардың құқықтық түсінігін арттырады. Қазақстанда бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде, бірақ сапасы мен қолжетімділігін одан әрі жақсарту қажет. Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық кампаниялар, әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы мотивациялық роликтер мен мақалалар тарату маңызды.

2025 жылы Алматы қаласында жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында 300-ден астам іс-шара өткізілді. Бұл тренингтер, семинарлар, дөңгелек үстелдер және құқықтық ойындар жастардың заңды құрметтеуді қалыптастыруға бағытталған. Мұндай іс-шаралар құқықтық жауапкершілікті түсінуді арттыруда тиімді құрал болып саналады.

Отбасының рөлі де зор. Құқықтық тәрбие бала кезден басталуы керек, себебі отбасы – адамның алғашқы әлеуметтік институты әрі құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізі. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың құқықтық мәдениетті дамытуға арналған жобалары жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға маңызды әсер етеді.

Қазақстанның заңнамалық базасы да жастардың құқықтық мәдениетін нығайтуға бағытталған. ҚР «Жастар туралы» Заңы, ҚР Қылмыстық кодексінің 274 (жалған ақпарат тарату), 287 (заңсыз қару сақтау) және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 434-бабы (қоғамдық орындардағы тәртіп бұзу) сынды баптары жастардың құқықтық жауапкершілігін нақтылайды. Сонымен қатар, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында азаматтардың, оның ішінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру елдің стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде белгіленген.

2024–2025 жылдары Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерді қорғау саласында бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданды. Мысалы, мектептегі буллингке қарсы жауапкершілікті күшейту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаңа нормалар енгізілді. Бұл заңдар балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және оларды қорғауға бағытталған.

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру – кешенді және ұзақ мерзімді процесс. Оны жүзеге асыру үшін білім беру, ақпараттандыру, практикалық іс-шаралар мен заңнамалық реттеуді үйлестіру қажет. Құқықтық мәдениеті жоғары жастар – еліміздің құқықтық жүйесінің сенімді тірегі әрі тұрақты дамуының кепілі.

ҚАРАҚАТ Дүйсен

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

3-курс студенті

Жетекшісі: фил ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева

0
0
4808

Еще по теме

ЖАСТАР АРАСЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ - Yvision.kz