Жасанды интеллект мұғалім рөлін алмастыра ала ма?
Қазақстандағы EdTech саласы енді жай тәжірибе алаңы емес, білім беру жүйесінің нақты бір бөлігіне айналып келеді. Алматыда өткен Freedom Talk EdTech шарасында сала өкілдері жасанды интеллекттің мектептегі рөлі, оның нақты мүмкіндіктері мен шектеулері туралы пікір алмасты.
Талқылауға Bilim Group компаниясының негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы, Freedom Holding Corp. технологиялар жөніндегі бас директоры Ренат Туканов және Bilim Group бас директоры Александр Савченко қатысты. Олардың ортақ ұстанымы – жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, бірақ мектептің ішкі жұмысын айтарлықтай өзгерте алады.
Ескі модель және жаңа талаптар
Bilim Group компаниясының негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлының айтуынша қазіргі мектеп моделі жүздеген жыл бұрын қалыптасқан жүйемен жұмыс істейді: бір сыныпта отызға жуық бала оқитындықтан, әдетте, бірі алға озып кетеді, бірі ортада қалады, енді бірі көштің соңында жүреді. Мұндай форматта әр балаға жеке көңіл бөлу мүмкін емес. Кейбірі алға озып кетсе, енді біреулер артта қалады, ал мұғалім барлығына жеке оқу жолын құра алмайды.
Осы жерде жаңа технологиялар маңызды құралға айналатыны сөзсіз. Бүгінгі мектеп тек білім беріп қана қоймай, оқушының назарын ұстап, мотивациясын сақтап, оны оқу процесінен “шығып кетуден” қорғауы тиіс.
Әрбір оқушыға жеке тапсырма – басты бағыт
Цифрлық платформалардың негізгі миссиясы – оқытуды әбір оқушының қарым-қабілетіне лайықтау. Әр баланың оқу қарқыны, ақпаратты қабылдау тәсілі, дайындық деңгейі әртүрлі. Сондықтан жүйе оқушының нақты білім деңгейін анықтап, сол нүктеден бастап жеке траектория құра алуы керек.
Сонымен қатар, жасанды интеллект тапсырмаларды әр оқушыға бірегей етіп жасап, контентті үнемі жаңартып отыру арқылы көшіру мәселесін азайта алады. Бұл механикалық жаттауды емес, нақты түсінуді талап етеді.
Жасанды интеллект: құрал, бірақ ойлайтын адам емес
Талқы барысында Ренат Туканов жасанды интеллектке шамадан тыс романтикалық көзқарас дұрыс емес екенін атап өтті. Қазіргі жүйелер негізінен болжам жасайды — келесі сөзді немесе әрекетті есептейді. Бірақ оларда эмоция, өмірлік тәжірибе, саналы ойлау жоқ.
Зерттеулерге сүйенсек, экономикадағы міндеттердің шамамен төрттен бірін ғана автоматтандыруға болады, әрі олардың бәрі бірдей тиімді бола бермейді. Сондықтан жасанды интеллект – әмбебап шешім емес, бірақ дұрыс қолданылса, экономикалық өсімге ықпал ете алатын қуатты құрал.
Мұғалімнің рөлі өзгереді
Александр Савченконың пікірінше, жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оның жұмысын жеңілдетеді. Құжат толтыру, тапсырма тексеру, материал дайындау сияқты рутиналық жұмыстар автоматтандырылса, мұғалім уақытын оқушымен тікелей жұмысқа, қолдауға және тәлімгерлікке жұмсай алады.
Яғни мұғалім – тек ақпарат жеткізуші емес, тұлға қалыптастырушы, бағыт беруші.
Баланың қабілетін ескеру
Қазіргі технологиялар тек “жеңіл-күрделі” деңгеймен шектелмейді. Контент оқушының қызығушылығына, тұратын өңіріне, мәдени контекстіне бейімделе алады. Мысалы, математика спорт статистикасы арқылы, ал гуманитарлық пәндер сүйікті фильмдер мысалында түсіндірілсе, оқу мазмұны өмірмен тығыз байланысады.
Деректер – жаңа мүмкіндік
Цифрлық платформалар оқушының оқу стилі, қателері мен жетістіктері туралы үлкен дерек жинайды. Бұрын бұл ақпаратты тиімді талдау қиын болса, қазір жасанды интеллект оны ата-ана мен мұғалімге түсінікті түрде ұсына алады. Бұл бақылау емес, қолдау құралына айналуы тиіс.
Қазақстандық ауқым
Қазақстанда шамамен:
8000 мектепте 4 млн оқушы,
11 000 балабақшада 1 млн бала,
800 колледжде 1 млн студент,
120 университетте 700 мыңнан астам студент білім алады.
Мектеп бағдарламасының 12 мыңнан астам тақырыбы цифрландырылып, үш тілде қолжетімді болғаны айтылды. Бұл мұғалім мен оқушыға икемді мүмкіндік береді.
Сонымен бірге 165 мың педагогқа жасанды интеллект құралдарына қолжетімділік беріле бастағаны атап өтілді. Яғни технология жекелеген пилоттық мектептерде ғана емес, кең көлемде енгізілуде.
Қауіптер мен тепе-теңдік
Шетелдік технологиялардың ықпалы, деректер қауіпсіздігі және экран уақыты мәселесі де қозғалды. Сарапшылардың пікірінше, тыйым салудан гөрі тепе-теңдік пен дұрыс регламент қажет. Негізгі мәселе экранның өзі емес, оның мазмұны.
2035 жылғы түлек
Болашақта ең маңызды қабілет – қайта үйрене білу. Технологиялар өзгерген сайын адам икемді, бейімделгіш, үздіксіз білім алуға дайын болуы керек. Білімге қолжетімділік артқан заманда басты құндылық – үйрену қабілеті.
Қорытынды
Қазақстандағы EdTech саласы енді жүйелі даму кезеңіне өтті. Жасанды интеллект мұғалімнің орнын баспайды, бірақ оның жұмысын күшейтеді. Егер ережелер, цифрлық сауаттылық, инфрақұрылым және жергілікті контент қатар дамыса, мектеп жүйесі айтарлықтай жаңара алады.
Нейрожелілер – бәсекелес емес, дұрыс қолданылса, мұғалімнің ең мықты көмекшісі.
Ортақ түйін — Қазақстанда EdTech енді жай тәжірибе емес, білім жүйесінің маңызды бөлігіне айналып келеді деген ой болды. Технология оқу сапасын көтеріп, білімді көп адамға қолжетімді ете алады. Бірақ ең бастысы – технология мен адам рөлінің арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
