Жас сарбаздар сайыста сыналды
Аудандық білім бөлімі мен қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімі жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу аясында спорттық сайыс ұйымдастырды. Аталмыш мереке аясында ұйымдастырылған жас буынның тартысты додасына Ауған соғысы ардагері ҚР ҚК запастағы майоры Рымбек Бейсеков бас төрешілік етті. 5 кезеңнен тұратын жарыста барлық санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлар сақталып, әр командаға жеке, топтық кесте жасалынды. 5 оқушыдан тұратын командалық сайыстың әр жаттығуын қатысушылар жеке-жеке орындады. Сайыс жоғарғы дәрежеде, әділ өткізілді. Мерекеге орай ұйымдастырылған жарыстың қортындысы бойынша № 4 орта мектеп командасы топ жарса, № 6 орта мектебінің бірінші командасы 2-ші орынға табан тіреді, 3-ші орынды № 3 орта мектебінің командасымен, № 6 орта мектебінің екінші командасы өзара бөлісті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен мараптталды.

- Бүлдіршіндердің бүгінгі сайысы мені өте қуантты және төрешілік ету біраз қиынға түсті. Себебі жанып тұрған жігерлі балалардың әскери нормативтерді кәсіби тұрғыда жылдам орындаулары мен мергендігі өте керемет жайт. Неге десеңіз ол ұстаздарының кішкентай ғана оқушыларын осындай таңқаларлық дүние істеуге қызықтыра үйрете білуінің нәтижесі деп ойлаймын. Осындай ұрпақтың өсіп келе жатқанын көргенде қазақ әскерінің ертеңіне еш алаңдамаймын және батыр халқымыздың байрағы жығылмасына нық сенемін, - деді бас төреші Ауған соғысының ардагері Рымбек Бейсеков.

