Жас композитор жайлы фильм
Республикалық "Туған жер" фестивалін Ұлттық Дельфий Комитеті «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткізді. Өнер бәйгесіне 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар қатысты.
Фестиваль жастар арасында кіші отан, өзінің өлкесі, мемлекетін насихаттауды мақсат тұтты.
Жоба «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, ойнау, хореография), «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) және "Сөз өнері" (оқу, әңгімелеу) аталымдары бойынша өтті.
Халықтық дауыс беру нәтижесі арқылы 80 финалист анықталды. Оза шапқан 1,2,3 орын лауреаттары Қазақстанды еліміздің Ұлттық Дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның намысын қорғайтын болады. Сондай-ақ, "Туған жер" фестивалінің аясында додаға қатысқан өнерпаздарымыздың шығармашылығын насихаттайтын танымдық шағын фильмдер топтамасын қолға алынды.
Солардың бірі – «Орындаушылық шығармашылық» аталымында жеңімпаз атанған Меруерт Кәкімхан туралы. Меруерт – әнші, композитор.
«Астанамыз мені өте шабыттандырады. 2012 жылы оқуға түсіп, елордалық атанғалы бері мен қала келбетіне тамсанып шабыттанып, әндер жаза бастадым. Туған жеріме, елордамызға арнап ән шығардым. «Асыл Отан» деген әнім бар. Сөйтіп менің композицияға деген шабытым оянды» дейді Меруерт Кәкімхан.
«Қызым кішкентай кезінен бастап өнерге жақын екенін байқадым. Шырылдап жылағанының өзі ерекше еді. Музыкалық мектепте де оқыды» дейді анасы Бақытжан Ермекқызы.
Меруерт бүгінде өзінің бар тағылымын шәкірттеріне берген жас ұстаз. Фестивальге «Асыл Отан» әнімен қатысып, 1-орынды жеңіп алған Меруерт өз шығармашылығын елордамен тығыз байланыстырады.
«Өнерімді насихаттауға мүмкіндік бергендері үшін «Туған жер» фестивалінің ұйымдастырушыларына алғысым шексіз» деп ағынан жарылды Меруерт.
Әлі талай әнімен тыңдармандарының жүрегін жаулайтын жас дарынның шеберлігіне тәнті болыңыздар!
