ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА ЖЫЛ САЙЫН 1000 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Бағдарламаны облыстық сайлауалды штаб басшысы Елубай Әбілов пен мүшелері Сағыныш Төралиев, Ерғали Құрашев, Амангүл Жайылғанова кеңінен таныстырды. Е.Әбілов бағдарламада берілген 7 басымдыққа жеке-жеке тоқталып, әр бағыт бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
- Партия баршаға қолжетімді білімді қолдайды. Облыс бойынша бес жылда 18 жаңа мектеп бой көтереді. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған гранттар саны 50%-ға көбейіп, жылына 75 мың жастың тегін жоғары білім алуға мүмкіндігі болады. 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақылары 2 есе, магистранттар мен докторанттардікі 1,5 есе өседі. Жас ғалымдарға жыл сайын республика көлемінде 1000 грант бөлінеді, - деген Е.Әбілов партия сайлауалды бағдарламасының орындалысын бақылауда ұстайтынын жеткізді. 5 жылда атқарылатын жұмыстар легі жетерлік. Бұл бойынша жергілікті билік өкілдерінен жылына бірнеше рет есеп алынып отырады.
Шара барысында университет ұжымының сұрақтары, ұсыныстарына кезек берілді. Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Теңіз академиясының профессоры Жолдыбай Жұмаев Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың көмегімен көптеген іс-шаралар жүзеге асқанын, тікелей куәгері болғанын тілге тиек етіп, мұнай компанияларында қызмет ететін инженерлер партияның араласуымен қайта қызметтеріне оралғанын айтты. Бұл игі істер алдағы уақытта жалғасын тапсын деген игі тілегін жеткізді.
- Теңіз академиясының профессоры деген атаққа оңай жеткен жоқпын, 10-15 жылдағы еңбектің жемісі деп білемін. Теңіз оқыту-жаттықтыру орталығын құрып, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алдым, Елбасының арқасында сол жақтан орталыққа жатықтыру құралдарын алып келдік. Алайда бұл құралдар 5 жыл мерзімге жалға берілді. Биыл жалдау құқығымыздың соңғы жылы. Ендігі жерде партия араласып, құны 20 млн тұратын тренажер алып беруіңізді сұраймыз, - деді Ж.Жұмаев.
Штаб басшысы Е.Әбілов теңіз жағасында орналасқан облыс үшін тренажерканың қажеттілігін дұрыс деп атап өтіп, ұсыныс жергілікті билік өкілдерімен қарастырылатынын айтты.
Барша сайлаушыларды алдағы сайлауда Nur Otan үшін дауыс беруге шақырамыз. Қуатты мемлекет пен тең мүмкіндіктер қоғамына таңдау жасаңыздар!




