ЖАНАЗА РӘСІМДЕРІН ӨТКІЗУ БАЛАНЫҢ ІСІ ЕМЕС
20 мамыр күні «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитованың төрағалығымен жаназа рәсімдерін жүргізу жөніндегі отырыс өтті. Отырысқа Жалпақтал мұсылмандар мешітінің бас имамы Тлепберген қажы Нұралиев, Казталов ауылы мұсылмандар мешітінің бас имамы Жандосбек Құсайынов, аудандық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Жүсіп Шакуов, «Омай» ҚБ төрайымы Нұрия Хабибуллина, аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Күнсұлу Шакенаева, ауылдық округ әкімдері, ерікті түрде жаназа рәсімдерін жүргізушілер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынның күн тәртібінде жаназа рәсімдерін өткізу, ас беру және бірқатар діни мәселелер қаралды. Имамдар мен ерікті түрде жаназа рәсімдерін орындап жүрген азаматтар арасындағы түсініспеушілік те қозғалды. Нәтижесінде ҚМДБ пәтуасы мен шариғат заңына сәйкес жаназа рәсімдерін сертификаты бар азаматтар орындайтындығы айтылып, комиссия құрылды. Комиссия құрамына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, Казталов ауылдық округінің әкімінің орынбасары Батырхан Байғонақов, Казталов ауылы мұсылмандар мешітінің бас имамы Жандосбек Құсайынов, аудандық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Жүсіп Шакуов, жаназа рәміздерін өткізуші Исмағұл Тақаев ұсынылып, жиынға қатысушылардың мақұлдауымен бекітілді. Отырыста көтерілген мәселелер төңірегінде шешімдер қабылданды.




