Жаңартылған Geely Monjaro: жаңа технологиялар, жоғары жайлылық және Қазақстандағы алғашқы сынақ
Geely компаниясы Қазақстанда жаңартылған Monjaro кроссоверін таныстырды. Флагмандық модельдің тұсаукесері Алматы маңындағы таулы аймақта өтіп, автомобиль мамандары мен журналистер көліктің мүмкіндіктерін әртүрлі жағдайда сынап көруге мүмкіндік алды.

Жаңартылған нұсқада өндіруші көліктің негізгі техникалық базасын сақтап, басқару сапасын, жайлылығын және заманауи жабдықтарын жетілдіруге назар аударған.
Техникалық мүмкіндіктері
Жаңа Geely Monjaro бұрынғы 2,0 литрлік турбокомпрессорлы қозғалтқышпен жабдықталған. Дегенмен, оның қуаты 245 ат күшіне дейін артқан, ал ең жоғары айналу моменті 380 Н·м құрайды.
Қозғалтқыш сегіз сатылы Aisin автоматты беріліс қорабымен жұмыс істейді. Кроссовер 100 км/сағ жылдамдыққа 7,6 секундта жете алады.
Модельдегі басты техникалық жаңалықтардың бірі — CCD адаптивті аспа жүйесі. Ол жол жағдайын талдап, амортизаторлардың жұмысын автоматты түрде реттейді. Бұл әртүрлі жол жабындарында қозғалыстың жайлылығы мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар автомобиль BorgWarner толық жетек жүйесімен және жеті түрлі қозғалыс режимімен жабдықталған. Жүйелер көліктің асфальтта да, күрделі жол жағдайларында да сенімді қозғалуына мүмкіндік береді.
Жаңартылған Monjaro бұрынғыдай Geely мен Volvo бірлесіп әзірлеген CMA платформасында жасалған.

Жолдағы әсер
Алматы маңындағы сынақ барысында кроссовер әртүрлі жағдайда тексерілді. Маршрутқа бұралаң тау жолдары мен тасты көтерілімдер енгізілді.
Сынақ кезінде Monjaro өзінің ірі өлшеміне қарамастан басқаруға ыңғайлы екенін көрсетті. Руль жүйесі нақты жұмыс істейді, бұрылыстарда көлік тұрақтылығын сақтайды, ал кузовтың шайқалуы аз байқалады.
«Бездорожье» режимінде автомобиль тасты еңісті сенімді түрде еңсерді. Бұл толыққанды жол талғамайтын сынақ болмаса да, толық жетек жүйесінің мүмкіндігін бағалауға жеткілікті болды.
Компания өкілдерінің мәліметінше, Geely Monjaro «бұлан сынағында» 79 км/сағ көрсеткішіне жеткен. Ал 100 км/сағ жылдамдықтан толық тоқтауға дейінгі тежеу жолы 37,37 метрді құраған.
Қазақстандағы бағасы мен сатылымы
Жаңартылған Geely Monjaro Қазақстанда екі комплектацияда ұсынылады: Flagship және Flagship+.
Flagship нұсқасының бағасы 16,3 млн теңгеден басталады, ал Flagship+ комплектациясы 16,8 млн теңгеден ұсынылады.
Көлікке жеті жыл немесе 200 мың шақырым жүріске дейін ресми кепілдік беріледі.
G Motors Kazakhstan мәліметінше, модельдің ресми сатылымы басталғанға дейін дилерлік орталықтар 100-ден астам алдын ала тапсырыс қабылдаған.
Нарықтағы орны
Жаңартылған Geely Monjaro — толықтай жаңа буын емес, танымал модельдің жетілдірілген нұсқасы. Компания сыртқы өзгерістерден гөрі жүргізуші мен жолаушы күнделікті сезінетін артықшылықтарға — жайлылыққа, технологияға және басқару сапасына көбірек көңіл бөлген.
Жаңа жабдықтар мен техникалық жаңартулар кроссовердің Қазақстан нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оны өз сегментіндегі заманауи ұсыныстардың біріне айналдырады.
