Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА

Созақ ауданының «Рухани жаңғыру» жобалық Офисінде Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының іске асыру барысы мен алда тұрған міндеттер жөнінде брифинг өтті. Брифингке қатысу үшін облыстың «Рухани жаңғыру» жобалық Офисінің мамандары Гүлжан Серікқызы һәм Мөлдір Бекеева теріскей топырағына арнайы табан тіреді. Жиынға «Созақ үні» газетінің тілшілері қатысты.

Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының іске асу барысын Созақ ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернар Құралбекұлы Сағындық баяндады. Ернар Құралбекұлы қысқаша баянында «Атамекен» кіші бағдарламасы аясындағы демеушілік жобалар, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясындағы төлтума мәдениетімізді дамыту һәм мәдени мұраларымызды ұлықтау бағытындағы тындырымды тірліктер, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясындағы өскелең ұрпақтың рухани иммунитетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жөнінде кеңінен тоқталды.

Брифинг семинарға ұласты. Түркістан облысының «Рухани жаңғыру» жобалық Офисі жетекшісінің міндетін атқарушы Гүлжан Серікқызы бағдарламаны іске асыруға жауапты салалық бөлімдердің мамандарына жаңа арнайы жобалар - «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып» жобаларының мәні менен принциптерін түсіндірді. Коронавирус пандемиясына байланысты кейбір жобаларды іске асыру концепцияларына енген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде әңгімеледі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының ауданымызда іске асуына жауапты мамандар өзара пікір алмасты, Жобалық Офис мамандарына көкейдегі сауалдарын қойып, жауаптарына қанағаттанды. Облыстың «Рухани жаңғыру» Офисімен қоян-қолтық байланыстарын бекемдеп, жаңғыру жолындағы жұмыстарын жандандыра түсуге уағдаласып тарқасты.

0
0
180

Еще по теме

ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА - Yvision.kz