ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Бағдашжан Молдашова хромтаулық кәсіпкерлермен өткен кездесу барысында пандемия кезінде өңірдегі кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетінін айтып, қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтарды қайта даярлаудан өткізу мәселесіне тоқталды. Кездесуде үміткер бүгінде Ақтөбе облысында кәсіпкерлік көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалатынын, шағын және орта бизнес саны, өндіріс көлемі және бюджетке салық түсімдері артып жатқанын жеткізді. — Биыл COVID-19 инфекциясының таралуы және оның салдары бизнестің экономикалық белсенділігінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті. Мәселен, төтенше жағдай режимі мен карантиндік шаралар кезінде облыстағы 27 мыңнан астам бизнес субъектісі өз қызметін тоқтата тұруға мәжбүр болды. Осы орайда бізге қысқа мерзімде осы секторды қайта жандандыру қажет. Партия неғұрлым зардап шеккен бизнес субъектілерінің қызметін қалпына келтіру үшін ғана емес, сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен мемлекеттік қолдау мен ынтымақтастықтың қолданыстағы құралдарын белсенді пайдалану арқылы жаңаларын құру үшін жағдай жасайтын болады, — деді ол.
