Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 771 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
07:20, 28 августа 2017

ЖАҢА КРИТЕРИЙЛІ БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ БАЛАЛАРДЫ ЫНТАЛАНДЫРЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ОҚУ САПАСЫН ДА АРТТЫРАДЫ

2016 жылдан бастап мектептер біртіндеп оқушылардың білімі мен қабілетін бағалаудың жаңа жүйесіне көше бастады. Негізгі мақсат – бағалаудың объективтілігін ғана емес, балалардың оқуға деген ынтасын да арттыру.

Критерийлі бағалау, оның маңызы мен ерекшелігі туралы осы әдістеме авторларының бірі, педагогика ғылымдарының кандидаты, “Назарбаев зияткерлік мектептері” (НЗМ) автономды білім беру ұйымының Педагогикалық өлшем орталығы директорының орынбасары Айдана Шилибекова әңгімелеп берді. Жаңа әдістеме дәл осы зияткерлік мектептерде жасалып, сынақтан өткен болатын.

Айдана Сенбекқызы “Болашақ” бағдарламасы бойынша Лестер университетінде (Ұлыбритания) “Мұғалімнің сыныпта формативті бағалауды пайдалануының тиімділігін бағалау” деген тақырыпта зерттеу жүргізген. Бүгінде ол НЗМ Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университеті бірлесе отырып дайындаған деңгейлі бағалау бағдарламалары бойынша мұғалімдердің біліктігін арттыру саласындағы сертификаты бар тренер және сарапшы.

С.: Айдана Сенбекқызы, критерийлі бағалау дегеннің не екенін түсіндіріп беріңізші?

А.: Мектептердегі критерийлі бағалау (КБ) жүйесі дегеніміз – білім беру саласындағы отандық жетістіктер мен әлемдік трендтерді басшылыққа ала отырып жасалған бірегей қазақстандық үлгі. КБ екі түрі бар:
1.Формативті бағалау. Үздіксіз жүріп отырады, оқу жылының барысында оқушы материалды жетік түсініп, үлгерім деңгейін арттыру үшін мұғаліммен үнемі байланыста болады, комментарий, ұсыныс алып отырады. Баға қойылмайды, бірақ оқушы суммативті бағалауға қанша жетпейтінін біліп отырады, жағдайды толық түсінеді.
2.Суммативті бағалау. Оқу бағдарламасы материалдарын меңгеру деңгейін анықтау үшін қойылады. Балл:
- оқу бағдарламасының әр бөлімін меңгергеннен кейін;
- тоқсан аяғында қойылады.
Әр тоқсанның және оқу жылының соңында жинақталған балл негізінде 5 балдық жүйемен баға қойылады.

КБ жүйесі 2015 жылы енгізілді және бүкіл республика көлемінде 30 пилотты және 16 бақылаушы мектепте сынақтан өткізіліп келеді (тізімге түрлі мектептер енді: қала, ауыл, гимназия, лицей және шағын комплектілі мектептер). Оған дейін алты жылдан астам уақыт НЗМ базасында жасалып, тесттен өтті. Әдістемені жасаушылар көптеген елдердің, соның ішінде Ұлыбритания, Сингапур, Финляндия және басқа да елдердің тәжірибесі мен әдістемесін зерттеді. Ал қазір мұғалімдердің және оқушылардың ұсыныстары мен ескертпелерін мұқият қарастырып, жаңа әдістеме балалардың ынтасын және үлгерімін арттыруға қалай ықпал етіп жатқанын зерттеп жатырмыз.

С.: Бағалаудың жаңа жүйесіне өтуге қажеттілік қайдан туындады?

А.: Жаңа жүйеге көшуді уақыттың талабы деп білген жөн. Бағалаудың дәстүрлі жүйесі тиімді екенін жоққа шығармаймыз, бірақ оның енгізілгеніне 70 жыл болды және осы уақытқа дейін өзгеріссіз келе жатыр. Бұрын бағалау процесі айтарлықтай қарапайым болатын әрі жалғыз ғана ақпарат көзі кітап пен мұғалім еді. Ал қазір біз жаһандық ақпараттық кеңістікте өмір сүріп отырмыз, ақпарат өте көп, олардың сапасы мен растығы тексеруді қажет етеді.

Осы арада алғашқы түйткіл көрінеді: қазір белгілі бір көлемде білім алып қана отыру жеткіліксіз. Алынған ақпаратты талдап-сараптап, оқығаныңды пайдаланып, жаңа өнім тудыру керек. Сыни ойлау, өз бетіңмен оқып-білуге тырысу өте маңызды. Қарапайым ғана мысал ретінде реферат дайындауды алайықшы. Бұрын оқушылар реферат жазу үшін алдымен кітапханаға барып, қажетті әдебиеттерді табатын, ақпарат жинайтын, оны көшіретін, құрылымын дұрыстайтын, жұмысты барлық талапқа сай безендіріп ұсынатын, сол кезде ғана жақсы баға алатын. Ал қазір бала дайын рефератты интернеттен жүктеп алып, жоғары балл алып кетіп жатады. Сондықтан рефераттарды жоба жұмыстары алмастырды, оны жасау барысында балалар білімін көрсетіп қана қоймай, өздері шешім шығарып, түйін жасайды, түйткілді мәселелерді шешу жолдарын көрсетеді, ақпаратты талдап, түйіндейді. Баға осы критерийлердің бәрін есепке ала отырып қойылады.

Екінші мәселе – бағалау кезіндегі субъективтілік. Мектепте мұғалімдер бір сыныптағы балалардың жұмысын салыстыратыны белгілі. Бағалау тек қана мұғалімнің қолында болған уақытта ол субъективті болады және ынтаны азайтады. Мұны Экономикалық әріптестік және даму ұйымының халықаралық сарапшылары да айтып отыр: “Мұғалім әдетте сыныптағы орташа, жоғары және төменгі білім деңгейін салыстыра отырып, баға қояды. Алайда, екі түрлі мектепте екі мұғалімнен бірдей баға алған екі оқушының білім деңгейі бірдей екеніне ешқандай кепілдік жоқ”.

Мұндай мәселелердің бар екенін еліміздің орта білім беру жүйесіне анализ жасаған тәуелсіз отандық және халықаралық ұйымдардың зерттеу нәтижелері де көрсетіп отыр (Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық талдау орталығы, Назарбаев Университет, Экономикалық әріптестік және даму ұйымы (ЭӘДҰ), Дүниежүзілік банк).

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мұғалімдердің қойған бағасы балалардың білімі мен қабілетін толыққанды көрсете алмайды, ал оқуда жеткен табыстарының деңгейі түсініксіз күйде қала береді. Сондай-ақ, бағалаудың нақты критерийлері болмағандықтан, бағаны әркім өз білгенінше қоя береді.

Зерттеуден шығатын ең басты түйін: қолданыстағы білімді бағалау жүйесі түбегейлі өзгерісті қажет етеді. КБ жүйесін енгізу – білім беру мазмұнын жаңарту бағытындағы ең маңызды жобалардың бірі, ол бағаның әділ, объективті және нақты қойылуын көздейді.

С.: Жаңа жүйеге көшу қашан аяқталады?

А.: 1-сыныптан 12-сыныпқа дейінгі оқушылардың жаңартылған мазмұнға көшуі 2019-2020 оқу жылына жоспарланып отыр. Ал бағалаудың жаңа жүйесі кезең-кезеңмен енгізіледі, оның мерзімі мынадай тәртіппен белгіленіп отыр:
- 2016-2017 оқу жылы — 1-сынып (апробация — 2-сынып);
- 2017-2018 оқу жылы — 2, 5, 7-сыныптар (апробация — 3-сынып);
- 2018-2019 оқу жылы — 3, 6, 8, 10-сыныптар (апробация — 4-сынып);
- 2019-2020 оқу жылы — 11 және 12-сыныптар.

Жаңа жүйені енгізумен бір мезгілде 30 пилотты мектеп базасында бастауыш сыныптарда апробация жүріп жатыр. Пилотты және бақылау мектептерінің оқушылары үнемі диагностикалық тестілеу арқылы тексеріледі. 2017 жылдың сәуір айындағы осындай тестілеудің қорытындысын мысалға келтіруге болады, ол кезде оқушылардың өзін-өзі тану және жаратылыстану, ана тілі, математика пәндері бойынша білім тексерілген. Екінші сынып оқушылары арасында айтарлықтай алға жылжу бар екені байқалған: олардың орташа балы (+30,2 балл) бақылау мектептері оқушыларының көрсеткішінен (+14,7 балл) екі жарым есеге дейін жоғары болған. Сонымен қатар, төменгі балл деңгейінің көтерілгені, үлгерімі нашарлау балалардың кәдімгідей ілесіп кетуі, олардың оқуы барысындағы жетістік те жоқ емес: пилотты мектептерде төменгі балл 64-тен 107-ге (+43) көтерілсе, бақылау мектептерінде 81-ден 100-ге (+19) дейін артқан. Бір айта кетерлігі, пилотты мектептерде ашық тапсырмаларды орындау кезінде, яғни мәтін мен суретте берілген ақпаратты талдау, сұрақ құрастыру, геометриялық конструкцияларды талдау, түйін жасау сияқты тапсырмаларды орындау кезінде оқушылардың ынтасы артқаны байқалған.

Жаңартылған бағдарлама бойынша оқытудың ең негізгі нәтижесі – ауыл және қала мектептері мен түрлі типтегі мектептер (лицейлер, гимназиялар, орта және шағын комплектілі мектептер) арасындағы алшақтықты қысқарту. Жаңартылған оқыту мазмұнының негізгі мақсаты да осы – ел мектептеріндегі оқушылардың барлығы үшін сапалы оқудың қолжетімді болуы.

Бүгінде жаңа жүйе тек бірінші сыныптар арасында ғана енгізілгендіктен, нақты көрсеткіштердің жақсарғаны, соның ішінде үлгерімнің жақсарғаны туралы айтуға ерте. Бұл бір сәтте нәтиже көрсететін дүние емес, көптеген факторға байланысты ұзақ мерзімге бағытталған көрсеткіштер бар. Бір анығы: білім беру жүйесін тоқыраудан шығарып, сапасын көтеру басталып кетті.

Келесі материалдарда критерийлі бағалау жүйесімен жұмыс істеп жатқан мұғалімдердің көзқарасын және жаңартылған мазмұнмен оқып жатқан оқушылардың пікірін ұсынамыз.

 

Blog post image

0
2217
0