Yvision.kz
kk
Книги
Книги
810 постов560 подписчиков
Рецензии, обзоры, мнения
0
10:40, 31 марта 2024

«Жаңа әдебиеттен» «Жұлдызға» дейін

Қазақстан Жазушылар одағының әдеби-әлеуметтік журналы саналатын «Жұлдыз» тарих сахнасына «Жаңа әдебиет» атауымен 1928 жылы алғаш рет шықты. Бұл журнал «Таң», «Шолпан» журналдарының ізбасары саналады. Алғашқы редакторы – Сәкен Сейфуллин. Журналдың атауы әр жылдардағы оқиғаларға байланысты ауысып отырды.

«Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы №1 саны сол жылдардағы жас ақын Тайыр Жароковтың «Аэроплан» деп аталатын көркем туындысымен ашылды. Осы бір өлеңнің бет ашар ретінде жариялануында үлкен мән бар. Ол биікке көтерілуге, алысқа самғауға меңзеп тұрғандай ой қалдырады.

Әдеби журналдың бастапқы сандарында Сәбит Мұқановтың «Сұлушашы», Бейімбет Майлиннің «Сары ала тоны», Ілияс Жансүгіровтың өлеңдері, Ғабиден Мұстафиннің әңгімелері, Әбділдә Тәжібаевтың «Арыс тұзы» сынды туындылары жарияланды. Бұл шығармаларға қарап-ақ журналдың ұстанған бағытын танып білуге болады.

Сонымен қатар, алғашқы жылы Жұмат Шаниннің «Қара құлып» пьесасы мен Сабыр Шәріповтың «Ерден батыр», Сәбит Мұқановтың «Пролетариат әдебиетіндегі көркем шығарма әдістері», Ж. Шаниннің «Театр тарихы» атты сын материалдары жарияланып, журнал әдебиеттің барлық жанрларын толықтай қамтуға тырысты.

Бүгінгі күні де оқырманның көзайымына айналған Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Сот алдында», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектептері», «Адасқандар» романдары, Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі 1930 жылы басылып шықты. Мұхаңның «Көксерегі» журнал бетіндегі ең жақсы, оқушы қауымды қызықтыратындай әңгімелердің бірі болып бағаланды. Сәбит Мұқановтың да романдары журнал оқырмандарының көңілінен шыққан, сол жылдардағы қала мен ауыл өмірін суреттеген шығарма ретінде танылды.

Журнал атауы 1932 жылы «Әдебиет майданы» болып өзгерді. Осы жылы журналда С. Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романынан үзінді берілді. Әдебиетшілер армиясына халық ақын-жазушыларымен қатар тың күш, талантты жастар қосылды. Журналда қазақ драматургтері сол кезеңдегі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелерді көтеріп, құнды шығармалар жаза бастады.

Жыл өткен сайын қазақ әдебиетінің жанрлық, тақырыптық ауқымы кеңейе түсті. Соның нәтижесінде Қазақ даласында болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы ақын-жазушылар өз шығармаларында қозғай бастады. Дәл осы тақырып аясында Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» пьесасы жарыққа шықты.

Журнал 1939-1941 жылдар арасында «Әдебиет және искусство» атауымен шығып тұрды. Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты 1941 жылы атауы «Майдан» болып өзгерді. Бұл атаумен журнал соғыс аяқталғанша шықты. «Майдан» атауы майдан мен тылдың жан жүрегін бір-бірімен жалғап тұрды. Жамбылдың «Ленинградтың өренім», «Аттан, батыр ұрпағым» өлеңдері соғыс даласындағы жауынгерлерге рух бергендей болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ даласында туған прозалық шығармалар «Майданда» басылып отырды. М. Әуезовтың «Абай» романының бірсыпыра тараулары, Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ батыры» повесі, Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ғ. Слановтың «Жанар тау» романдары – осы жылдардың жемісі.

Соғыстан кейін журнал атауы қайта «Әдебиет және искусство» болып өзгерді. Бұл атаумен журнал 1957 жылға дейін шықты. Журналда көркем әдебиеттің барлық түрлері – роман, повесть, әңгіме, очерк, новелла, поэма, өлең, пьеса, сын, библиографиялық мақалалар және орыс жазушыларының таңдамалы еңбектерінің аудармалары үздіксіз басылып тұрды. «Әдебиеттік ғылыми білімдер», «Әдебиет классиктері», «Искусство», «Сын – библиография», «Халық шығармаларынан» атты тұрақты бөлімдері болды.

1946 жылы «Әдебиет және искусство» өзінің бірінші санын «Ленин – жазушылар ұстазы» деген мақаламен ашты. 1947-1949 жылдары Ғ. Мұстафиннің «Миллионер», С. Мұқановтың «Сырдария», Ғ. Слановтың «Кең өріс» атты көлемді шығармалары жарияланды. Бұлардың ішінде ең сәтті шыққан шығарма ретінде «Миллионер» повесін айтуға болады. Шығармада колхозды ауылдың тақырыбы көтеріліп, миллионер колхоздың тіршілігі шынайы тұрғыда суреттеледі.

Әдебиет сыны тақырыбы соғыстан кейінгі жылдары өркендей бастады. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов әдеби сын жайында біраз қалам тартты. Оның «Кейбір ұлт жазушыларының романдары туралы» деген үлкен сын мақаласы жарияланды. М. Әуезов бұл мақаласында бұрынғы кеңес үкіметіндегі татар жазушысы Башировтың «Намыс», өзбек жазушысы Айбектің «Алтын атыраптан ескен жел», қазақ жазушысы Ғ. Мұстафиннің «Миллионер», қырғыз жазушысы А. Садықбековтың «Біздің заманның адамдары» шығармаларын талдайды.

«Әдебиет және искусствоның» осы жылдардағы редакторы Қ. Шаңғытбаев болды. Редакция алқасында З. Қабдолов, Ә. Сәрсенбаев, Ғ. Мұстафин, З. Шашкин белсенді қызмет атқарды. Журналда «Әдеби сын», «Жаңа аудармалар», «Искусство», «Сатира және жанр», «Публицистика», «Достық әзіл», «Ғылым мен мәдениет», «Музыка беті», «Кітап, журналдарға шолу», «Очерк» бөлімдері ашылды.

1957 жылы журнал атауы қазіргі, яғни «Жұлдыз» атауын алды. 1958 жылы редакторлық қызметке Ж. Молдағалиев келді. 1968 жылы Тахауи Ахтанов, кейіннен Шерхан Мұртаза редакторлық етті. Редакторлар алқасында З. Қабдолов, А. Жұбанов, Ғ. Мұстафин болды.

1978 жылы редакторы Бекежан Тілегеновке ауысты. Бұл жылы редакторлар алқасында Шерияздан Елеукенов, Смағұл Елубаев, Сәкен Жүнісов, Қабдеш Жұмаділов, Қадыр Мырзалиев болды. Осы жылы журналда «Оқырман жырлары», «Әдеби мұра», «Әлем әдебиетінен», «Очерк және публицистика», «Әдеби сын», «Алтыншы дәптер», «Редакцияға хат», «Күлмегенде қайтеміз», «Сеніңіз, сенбеңіз» бөлімдері болды.

«Жұлдыз» журналы бүгінде республиканың әдебиеті мен мәдениетінің айнасы болып отыр. Қазіргі кездегі бас редакторы – Мереке Құлкенов. Қазақ әдебиетінің көсегесін көгертіп, алтын қорын байыта түскен іргелі шығармалардың барлығы дерлік «Жұлдызда» жарық көрді. «Жыр маржандары» деген айдармен өмірден ерте кеткен поэзияның дүлдүлдері М. Мақатаев пен Т. Айбергеновтың бұрын-соңды баспа бетін көрмеген өлеңдері жарияланды.

Ұзақ жылдар бойы халық тарихынан, әдебиет әлемінен біршама алыстап, өгейсітіліп келген тұлғалы перзенттеріміз өз халқына қайта оралды. Атап айтсақ, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов сынды қилы тағдыр кешкен зиялы азаматтарымыздың шығармалары «Жұлдызға» басылып шықты.

Қарақат Дүйсен

ҚазҰУ-дың 1 курс студенті

Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева

0
292
0