ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАР КӨШІ - ЖҰМЫСТЫҢ ЖОҚТЫҒЫНАН ЕМЕС, ТҰРАҚСЫЗ ЖҰМЫСТЫҢ КӨПТІГІНЕН ҚАЛЫПТАСУДА
- Бұл туралы бүгін «Jas Otan» жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық штабының төрағасы - Нұрғали Жолдасқалиев айтып өтті.
Бүгін, 2020 жылдың 13 желтоқсан күні - ZOOM платформасында өңірдің жұмыс іздеп жүрген жастары мен дипломын алып, маман атанатын студенттердің және аудандық жастар ресурстық орталықтары жетекшілерінің қатысуымен «Еркін пікір» онлайн жастар алаңы ұйымдастырылды. Аталмыш шараға 65-ке жуық өңірдің жастары қатысты.
Өз сөзінде жастар көшбасшысы - Нұрғали Қаршығаұлы, мамандық таңдауда қателесетін жастардың көп екендігін, соның ішінде өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайтын жағдайлардың жиі орын алатындығын жеткізді. «Жастар жұмыссыздығының тағы бір себебі - жеткілікті ақпараттанбауы және тез байып кету мақсатын ұран етіп, ақшасы көп, бірақ өміршеңдігі аз, тұрақсыз жұмыстарға орналасуынан», - деп түсіндірді.
Кездесу барысында қатысушылар үшін «Ашық микрофон» ұйымдастырылып, әр жас өздерінің ой-пікірлерін және көкейдегі өзекті сұрақтарын ортаға салды. Солардың бірі - Тасқала ауданы, Мерке ауылының тұрғыны Мейрам.
Ол ауылында кәсіпкерлікке деген жоғарғы қызығушылықтың бар екендігін және соның нәтижесінде ауыл тұрғындарының жұмыссыздықпен сирек ұшырасатындығын тілге тиек етті. Өз сөзінде Мейрам, ауыл тұрғындары үшін кәсіпкерлік салаға көбірек қайтарымсыз гранттар бөлу ұсыныстарын жеткізді.
Өз пікірін білдірген белсенді ауыл тұрғыны сөзінің соңын: «Жұмыссыздықтан құтылудың бірден-бір жолы - кәсіпкерлік қабілеттілікті арттыру», - деп түйіндеді.
@nur_otan