Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ҒЫЛЫМ ОРДАСЫНЫҢ МҰРАЖАЙЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ШАҚЫРАДЫ

Қазақстан ғылымы, табиғаты, археологиясы мен сирек кітаптар бағытындағы Ғылым ордасы мұражайында үйірмелер ашылып, студенттер мен мектеп оқушылары келе бастады. Олар қатысатын арнайы курстарда дәріскерлер бірегей көрнекі құралдарды пайдаланады. Қазақстан тарихы, география, биология мен бейнелеу өнеріне арналған сыныптан тыс сабақтар министр Ерлан Сағадиевтің бастамасымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және жаңартылған мазмұнмен оқыту аясында өтіп жатыр. Тылсым сырды ішіне бүгіп, білгісі келген жасқа қазынасын ашуға дайын көрме залында өтетін сабақ баланың дүниені, қоршаған ортаны, тіпті өзін-өзі тануында естен кетпес әсер қалдырып, сыныптағы сабаққа қарағанда әлдеқайда қызықты болары сөзсіз.

Мұражайда сабақ қалай өтетіні жайында бізге Ғылым ордасының бас директоры Бауыржан Төлтаев айтып берді. «Мектеп мен колледждердің сұранысы бойынша біздің төрт мұражайымызда тақырыптық экскурсиялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ біз дәріс оқу үшін түрлі саладағы ғалымдарды да шақырамыз. Ғылым ордасы жас ұрпақты тәрбиелеп, балаларды ғылымға қызықтырда үлкен үлесуда. «Жас ғалымдар клубы» аясында мектеп оқушылары, студенттер, магистранттар мен PhD докторанттар біздің «Маман даярлау орталығымызда» оқыған жетекші зерттеушілер, ҒЗИ директорлары, ғылым майталмандарымен ұдайы кездесіп тұрады.

Өткен аптада біз Ғылым ордасы ұйымдастырған «Қазақстан шөлейттерінің өсімдік әлемі» атты балалар шығармашылығына арналған жыл сайынғы байқау аясында өткен зоология сабағына қатысуға мүмкіндік алдық. Табиғат мұражайына 2-7 сынып оқушылары келді. Олардың жүздеріне қарап-ақ анимациялық туындылармен қоса түсіндірілген дәрістің қаншалықты қызықты екенін байқаға болатын еді. Табиғат мұражайының меңгерушісі Перуза Тілеубердина балаларға еліміздің шөлді аймақтарындағы жануарлар жайлы әңгімелеп берді. Сабаққа биология ғылымдарының кандидаты, Зоология институтының ғылыми хатшысы Марина Чирикова арнайы шақырылған. Ол сұр кесіртке жайлы қызықты дәріс оқыды.

Сабақтан шыққан балалар өз суреттері үшін марапатталды. «Қазақстан шөлейттерінің өсімдік әлемі» байқауы тек шығармашылыққа арналмаған. Ол танымдық қызмет атқарып, ғылымға деген қызығушылықты да оятады. Бұған байқауға қатысқан балалардың еңбектерін көріп көз жеткізуге болады.

Алматыдағы №95 мектептің 7 сынып оқушысы Иннокентий Трескунов құмырсқалар әлеміне деген қызығушылығы жайлы әңгімелеп, байқауға осы тақырыптағы жұмысын ұсынған. «Биыл бесінші жыл қатарынан қатысып отырмын. Энтомологияны (жәндіктер жайлы ғылым) екі жылдан бері зерттеудемін. Интернеттің арқасында талай мәліметке қол жеткізіп, осы салаға деген қызығушылығым арта түсті. Сондықтан да биыл олардың tetramorium caespitum (шым құмырсқасы), проформика және далада жылдам жүгіретін құмырсқа атты үш түрінің суретін салдым. Болашақта энтомолог болғым келеді», - дейді Иннокентий.

Талғар қаласындағы изостудия жетекшісі Роза Төрениязова да мұражайдағы сабақ пен осы байқау жайындағы пікірімен бөлісті: «Бес жыл бұрын балалармен «Динозаврлардан мамонттарға дейін» деп аталатын экскурсияға алғаш келгеніміз есімде. Оқушылар үшін ол өте қызықты, көп дүниеге көзін ашқан сапар болды. Шабыттанған балалар тамаша туындылар жасады. Мұндай сыныптан тыс сабақтар таным көкжиегін кеңейтіп, тарихқа, археология мен биологияға деген қызығушылықты оятады».

«Біз балалармен жыл сайын осы байқауды тағатсыздана күтіп, қалмай қатысып келеміз. Бүгін екінші мен алтыншы сынып аралығындағы балаларды алып келдім. Олар өз қатарластарының жасаған еңбектерін көріп, көкейлеріне тың идея, жаңа ой түйіп алды. Ғылым мен өнерді ұштастыратын мұндай байқаудың пайдасы зор. Берілген тақырып бойынша жан-жануардың суретін салмас бұрын балалар зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Өзі зерттеген нысанның ерекшеліктерін анықтайды», - дейді Алматыдағы №80 бейнелеу өнері мектебінің оқытушысы Нина Щедрая.

Ғылым ордасы мұражайларында тек жалаң дәріс тыңдап қана қоймай, талай ғасыр бұрын жарық көрген сирек басылымдар, түркі әлемінің көне қолжазбаларымен танысып, ерекше археологиялық қазба байлықтарды, ежелгі жануарлардың қаңқасын көзбен көріп, Қазақстанның қазіргі флора, фаунасы жайды мағлұмат алуға да мүмкіндік бар. Сондай-ақ мұражайдағы сабақтар республикамыздың еңбегі сіңген ғалымдарының өмірі мен шығармашылығы жайлы терең білуге таптырмайтын орын.

Мұражай қорындағы экспонаттар мен артефакттардың республика бойынша аналогы жоқ, бір ғана данадан. Олардың әрқайсының тарихи маңызы зор.

Келушілерге экскурсия қызықты болуы мақсатында мұражайда Wi-Fi, аудиогидтер бар. Олар ең қызықты да өзекті көрмелер мен жекелеген экспонаттар жайлы үш тілде ақпарат береді. Қосымша мәлімет білгіңіз келсе Ғылым ордасының: http://www.gylymordasy.kz/ сайтына кіріп танысуға болады.

0
0
1367

Еще по теме