ҚЫЛҚАЛАМНЫҢ ҚҰПИЯСЫН ТҮСІНУГЕ ТАЛПЫНҒАН ҚЫЗ
Суретшінің қолы, қиялы және жүрегі бірге жұмыс істесе ғана тамаша сурет шығады. (Джон Рескин)
Асқар Мерей - №58 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы. Кішкентай кезінен бастап сурет салуға әуес. Бүгінгі күні түрлі байқауларға қатысып, өз өнерін шыңдап келеді. Мереймен бойындағы қасиеті жайлы сұхбаттасқан болатынмын.
- Бейнелеу өнерінің ғажайып әлемімен қалай достастың?
- Бала кезімнен сурет салуға жақын болдым. Өсе келе сурет салу өнерінің қыр-сырын танып, білу мақсатыма айналды. Қазіргі уақытта сурет салу ең жақын досыма айналған.
- Өзің үлгі тұтатын суретшілерің бар ма?
- Әрине, бар. Отандық суретшілерімізге қарағанда, ХVIII-XIX ғасырдағы шетелдік суретшілерді көбірек үлгі тұтамын. Ең сүйікті суретшім – Винсент Ван Гог.
- Сурет салған кезде не нәрсеге баса назар аударасың?
- Сурет салғанда баса назар аударатыным – шынайылық.
- Сурет салу өнерін болашақ мамандығыңмен ұштастырасың ба?
- Иә, болашақта Темірбек Жүргенов атындақы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсуді армандаймын. Сонда оқып, кәсіби суретші болғым келеді.
- Сурет салуға баулыған ұстазың туралы айтып берсең...
- Суретке баулыған, өнерімнің шыңдалуына үлес қосқан ұстазым – Гүлмира Жүсіпова. Гүлмира апайым мені түрлі сурет байқауларына қатыстырып, суретшілер әлемін жақыннан тануыма себепші болып келеді. Ол кісіге алғысым шексіз.
- Қандай стильде сурет салғанды ұнатасың?
- Реализм және пейзаж стильдерін ұнатамын.
- Суретшілік сенің бойыңа қайдан келген қасиет?
- Менің сурет салу талантымның болуы таңғаларлықтай дүние емес деп ойлаймын. Себебі, анамның да, әкемнің де бойында сурет салу қабілеттері бар.
- Бір суретті салуға қанша уақытыңды жұмсайсың?
- Ең аз дегенде 2-3 сағат уақытым кетеді, ал ауқымды картиналарға 2-3 күн уақытымды жұмсаймын.
- Алдағы уақытта картиналарыңды ауқымды көрмелерге шығарғың келе ме?
- Әлбетте, болашақ суретші ретінде салған суреттерімнің көрмелерде тұрғанын қалаймын.
- Cұхбаттасқаның үшін көп рақмет, Мерей! Өнерің шыңдала берсін, болашақта керемет суретші болатыныңа сенемін.
Дүйсен Қарақат, Алматы қаласы №58 жалпы білім беретін мектептің 11 "Ә" сынып оқушысы Ғылыми жетекшісі: Жидегүл Әбдіжәділқызы



