Ұяламын
Мен Қазақ елінде жүріп орысша сөйлегеннен ұяламын. Өзімді-өзім әрбір аузымнан шыққан орыс сөзіне кінәләймін. Өзімнің күнделікті дәрменсіздігіме қатты намыстанамын. Дүкенге кіргенде, ХҚО-ға кіргенде, өзіме ішімнен айтып қоямын: «Қазір қазақша аманадасамын» - деп, бірақ іске келгенде тілім бұралып орысша: «Здравствуйте» - деймін.
Неге мен осындай шарасыз, амалсыз бейшарамын? Өзіме күнде осы сұрақты қойып бірнеше жауап таптым:
Мені күнделікті орыс тілі қоршайды: айналам бәрі орысша. Кешкісін жұмыстан қайтқанда, радиодағы диктор орысша сөйлейді, теледидар қоссам орысша айтылған жарнама құлаққа жағымдырақ естіледі, қазақшасын тыңдағым келмейді – бір түрлі бұралып нашар айтылады, сөздері де көріксіз. Офисқа кіргенде, қазақ күзетші аға маған тілін бұрап: «Іздрәстте» - дейді. Лифтімен келе жатсам, онда қазақша жазылған қауіпсіздік шараларына қарағым келмейді: әрбір екінші сөз қате, грамматика жағынан да, лексика жағынан да. Менің көзім осындайды көргенде көру қабілеттігін жоғалтқысы келеді. Құлағым қазақша айтылған медиадағы сөздерден мәңгілікке бітеліп, ештеңені естігісі келмейді.
Құдайым-ай, өмірім қандай ауыр!?
Негізі мен теледидарды айына бір реттен артық қарамайтын шығармын. Кейде: «Қой ойбай, елім немен тыныс алып жүр» - деп, бір бағдарламаны қосып қоямын. Сосын құсқым келіп қашамын. Еліміздегі қазақ тілі орысша айтқанда «бытовой» үлгіде қолданылады. Құдайым-ай, медиада жұмыс істейтін мәдениет адамдарының өздерінің қолданатын сөздері нашар, әдеби көркемдігі жоқ. «Естері ауысып, қолдарына бір қазақша кітап алады ма бұл көргенсіздер?» - деп ішімнен ойлап қоямын. Кейін өзімнен сұраймын : «Өзің ше?». Сосын намыстанып kitap.kz-ке кіремін де оқимын. Интернеттен Ақанның, Біржанның, Сәкеннің, Мәшһүр Жүсіптің ән-өлеңдерін тауып мауқымымды басамын. Оларды оқып: «Бұл не деген терең ой? Қандай әдемі сөздер! Біз қашан осылай сөйлейміз?» - деген ойлар келеді. Кейін, қазақша оқып, жаттап жүргенімде, өзімнің бір бөлігімді тапқан іспеттес болып жүремін, жүрегім қуанышқа толып өлең айтамын, кейде домбырамды қолыма алып, кішкене ойнаймын. Кейін Мақпалдың қазақша домбырамен әндеткеніне қарап тамсанамын. Жүрегім толады, рухым жанданады.
Сосын қайтадан: күзетші ағаның іздрәстиі, таксист ағаның «на карточшку закинте», дүкендегі менің іздрәстиім, достарымның уатсаптағы как деласы, антұрғандардың ұқыпсыз жарнамасы, лифтідегі жан түршігерлік қазақша ереже, теледидардағы деградацияның оныншы дәрежесіндегі қазақ жұлдыздары, инстаграмдағы жасанды қазақилық. Көзім, құлағым ақпаратты жұтып алады да – мен қайтадан уландым, жүрегім ауру, тілім бағынбайды.
Ал Көпейұлының Ақан туралы бағасы: «Заманының сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі» - деген сөзі қандай тамаша.
Құдай-ау, мен неге сондай сорлымын? Не істеу керек маған? Өз жүрегімнің табиғатын жоғалтып бара жатқанымнан ауру болып жүрмін-ау!
