«Ұлы Жібек жолымен – 2024»: Ұлт руханиятын ұлықтаған көрме
Тарих тереңінен тамыр тартқан ұлы дала мұрасы мен рухани қазынамыздың алтын арқауына айналған кітап – қазақ халқының ұлттық болмысының айнасы. Осындай мәңгілік мұраларды ұлықтап, ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен «Ұлы Жібек жолымен – 2024» XII Халықаралық кітап және полиграфия көрме-жәрмеңкесі Алматы қаласының төрінде, «Атакент» іскерлік орталығында ерекше сән-салтанатпен өтті.
Бұл көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасының Кітап палатасы мен Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап тарату ассоциациясының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Еліміздің мәдени жетістіктерін жаһанға танытып, баспа ісінің озық үлгілерін паш еткен бұл шара баспа индустриясын жаңа деңгейге көтеру мақсатында маңызды қадам болды.
Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Алмаз Мырзахмет сөз сөйлеп, бұл жәрмеңкенің ұлт руханиятын байытудағы ерекше маңыздылығын атап өтті. Жиынға Франкфурт кітап жәрмеңкесінің аймақтық менеджері, Ресей, Иран, Латвия елдерінің өкілдері және Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері қатысып, мәдениетаралық ынтымақтастықтың мәнін тереңнен қозғады.
Көрме барысында отандық және шетелдік баспалардың үздік еңбектері бағаланып, нәтижесінде «Атамұра» баспасы бірнеше жүлдеге ие болды.Б. Кәпқызының «Киіз үй»атты еңбегі «Үздік фотоальбом» номинациясында жеңімпаз атанды.К. Волдерманның «Есепке жүйрік болайық!» және А. Бақтыгерееваның «Ақ шағала»еңбектері жоғары бағаланып, арнайы дипломдармен марапатталды.Ә. Нұршайықовтың екі тілде жарық көрген «Аңыз бен ақиқат» туындысы мен Қ. Өтениязовтың «Аттила және оның Еуразия тарихындағы орны» атты ғылыми еңбегі көрме тарихында ерекше орын алды.Бұл көрме тек кітап пен баспа технологияларын таныстыру алаңы ғана емес, ұлттың рухани жаңғыруы мен әлемдік мәдени кеңістікке қадам басудың жарқын үлгісіне айналды. Баспа ісі мен кітап мәдениеті саласында еңбек етіп жүрген барша шығармашылық жандардың еңбегі бағаланып, қазақ руханиятының көкжиегі кеңейе түсті.
«Ұлы Жібек жолымен – 2024» көрмесі өткен мен бүгіннің арасын жалғаған алтын көпір іспетті болды. Қазақ халқының ұлы мұралары мен заманауи әдебиеттердің қатар көрінуі тарих пен болашақтың үндестігін паш етті.
Бұл көрме қазақ баспа өнерінің әлемдік биікке ұмтылғанын тағы бір мәрте дәлелдеп, ұлт руханиятына деген құрмет пен сенімді арттырды. Ұлы мұрат жолында еңбегі сіңген барлық авторлар мен баспагерлерге шексіз алғысымызды білдіреміз!
Кітап – адамзаттың асыл қазынасы. Ұлы дала рухы – әлемге ортақ рухани байлық!
Мәдина МӘДІ