УАҚЫТША ЖӘНЕ САҒАТТЫҚ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ
"Студенттік шақ - адам өміріндегі ең қызықты кезеңдердің бірі" ,- дейді біреулер. Бәлкім, қызық та шығар. Біреулер үшін "қызық" дегеніміз - таңнан кешке дейін қыдыру немесе лекцияларда ұйықтау. Олар үшін бұл - қалыпты жағдай және студенттік дәурен осынысымен қызықты деп ойлайды. Кей жандар үшін сабақпен қоса қосымша жұмыс жасап, еңбектену. Диплом болмаған соң тұрақты жұмысқа орналасу да қиынға соғады. Жастар бастамаларын дамыту орталығы жастар үшін уақытша және сағаттық бос қызмет орындарын іздеп тапты.

14 қазан күні Жастар бастамаларын дамыту орталығында уақытша және сағаттық жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. ЖОО-ның және колледж студенттері жұмыс іздеушілер қатарынан табылды. Бос қызмет орындарын іздеген жастар аса бір дайындықпен келгендері байқалды. Өздерімен бірге түйіндемелерін ала келіп, жұмыс берушілерден кеңес алуға кірісті.

Айта кетерлігі бүгінгі жәрмеңке жұмыс берушілерге де және бос қызмет іздеген жастарға да жемісті өтті. Себебі, енді ашылып үлгерген мейрамханалар өздеріне қызметкерлерді жұмысқа қабылдады, ал студент жастар қалаған жұмыстарына орналасты. Жұмыс іздеп келген жастар жұмыс тауып қоймай, Жастар бастамаларын дамыту орталығының жұмысымен танысты. Оларды тұрғын үй мәселесін шешу жолдары және тегін ағылшын, француз курстары қызықтырды.

«Гуйру Лағман Орталығының» ұсыныстары мен шарттары және «Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ Банкінің» тиімді жұмыс уақыты мен жалақысы жұмыс іздеушілердің көңілінен шықты.
