Перейти к содержимому

Тұрғындарға құқықтық көмек – бір жерде, бір терезе қағидатымен

Өскемен қаласында партиялық «Құқықтық көмек» жобасы аясында тұрғындарды қабылдауға арналған ауқымды шара өтті. Халыққа қызмет көрсету орталығының базасында ұйымдастырылған қабылдау барысында қала тұрғындары түрлі сала мамандарынан бір жерден, яғни «бір терезе» қағидаты бойынша қажетті кеңестер алды.

Іс-шараға заңгерлер мен адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, полиция қызметкерлері, «Отбасы банкінің» өкілдері және жер мәселелері бойынша мамандар қатысты. Тұрғындар өздерін толғандырған құқықтық, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін мамандарға тікелей жолдап, нақты жауаптар алды.

Қабылдау барысында заңгерлер мен адвокаттарға жүгінген азаматтардың қатарында сақтандыру компаниясынан тиісті төлемді алу мәселесі бойынша көмекке мұқтаж шетел азаматы да болды. Сонымен қатар мамандар некені бұзу рәсімдері мен отбасылық құқыққа қатысты сауалдарға түсіндірме берді.

Тұрғындар тарапынан ең көп сұрақ тұрғын үй мәселелеріне қатысты қойылды. Атап айтқанда, «Отбасы банкінен» депозит ашу, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, жер учаскелерін рәсімдеу, жер дауларын шешу және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес берілді.

Мұндай көшпелі қабылдаулардың маңызы зор. Себебі тұрғындар әр мекемеге жеке-жеке бармай-ақ, өз мәселесін бір жерде бірнеше саланың маманына жеткізіп, жан-жақты кеңес ала алады. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, құқықтық мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.

«Құқықтық көмек» жобасы аясындағы осындай кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауына нақты қолдау көрсетіп келеді. Тұрғындардың белсенділігі мен көтерілген мәселелердің көптігі мұндай бастамалардың қоғам үшін аса қажет екенін көрсетеді.

Еще по теме