«ТУҒАН ЖЕР» ПАТРИОТТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛДІ
Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.
Патриоттық фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар бақ сынады. Соның ішінде, Қызылорда облысы Арал қаласынан қатысқан өнерпаз бәйгеде оза шауып, ерекше өнерімен көзге түсті. Атап айтар болсақ, «Сөз өнері» аталымында бақ сынаған Шайхы-Ислам Мағауияұлы жеңімпаз атанды. «Жігітке жеті өнер де аз» деген ұстаныммен өмір сүретін өнерлі жігіт туралы фестивальдің ұйымдастырушылары шағын фильм түсірді. Осылайша, Отанға деген махаббатты әрі өнер иелерінің шығармашылығын насихаттау мақсат тұтып отыр.
Шайхы-Ислам жыршы, қолөнерші. Бала кезінен қолөнермен айналысады. "Туған жерім — Арал өңірінде құрылысқа пайдаланатын қаракөл деген саз бар. Сол саздан ыдыс-аяқ, бұйымдар, жануарлардың кескінін жасауды қолға ала бастадым" дейді дарынды өнерпаз. Жас ұста табандылық танытып, музыка аспаптарын, қолөнер бұйымдарын, ыдыс-аяқтар жасап, көпшілікті таңдай қаптырып жүр. Ақындығы бар жігіт қалам тербеп, өлең де жазады. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын аралдық өнерпаздың өнері ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.
Шайхы-Ислам Мағауияұлының өнері туралы фильмді Ұлттық Дельфий Комитетінің facebook және Youtube желілерінің әлеуметтік парақшаларынан тамашалай аласыздар.

Youtube: https://www.youtube.com/watch?v=1xT6Djwbh18&t=21s
Жобаға тоқталатын болсақ, оған қазақстандық авторлар, сондай-ақ, патриоттық тақырыпқа авторлық туындыларды орындайтын шығармашылық ұжымдар «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, аспапта ойнау, хореография) және «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) аталымдары бойынша қатысты.
«Әлемдегі эпиджағдайға байланысты фестиваль пішіні өзгергенімен, жоба нәтижесіне көңіліміз толды. Финалистер, одан соң жеңімпаздар анықталды. Қазіргі таңда 10 жас автордың шығармашылығын насихаттау бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Жеңімпаз жас авторлар туралы шағын фильмдеріміз жақында көрермендерге жол тартады», - деп атап өтті жоба авторы, Ұлттық Дельфий Комитетінің директоры Құралай ТҮСПЕКОВА.
Бірінші айналымның жұмыстары желі қолданушылары өздеріне ұнаған қатысуға дауыс бере алатын жобаның әлеуметтік желілерінде жарияланды. Осылайша, халықтық дауыс беру нәтижесі арқылы 80 финалист айқындалды.
Байқаудың ақтық сынында қазылар алқасының мүшелері 1, 2, 3 орын лауреаттарын анықталды, жеңімпаздарға Қазақстанды еліміздің Ұлттық Дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның атынан қатысу құқығы беріледі.
