ТУҒАН ЕЛ – ӘР АДАМНЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімі жерлестерімізге патриоттық тәрбие беріп, олардың бойында ұлтжандылық қасиетін арттырып, өз туған жеріне сүйіспеншілікпен қарауды ұштау бағытында түрлі танымдық шаралар, көрмелер, дәрістер, музей сағаттарын ұйымдастырып, музей залдарына экскурсиялар жүргізуді ұдайы ұйымдастырып келеді.
Бүгін, 2 қараша күні Жәнібек ауданының құрылғанына 100 жыл толу мерейтойы аясында аудандық білім беру бөлімінің балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ұжымы аудандық тарихи-өлкетану музейіне саяхатқа келді.
Туған елге, жерге, оның топырағына деген сүйіспеншілік – әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. «Ел іші – алтын кеніш» дегендей, музей қорындағы жерлестеріміздің бүгінгі күнге дейін көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақ игілігі үшін музейге сыйға берген осынау құнды жәдігерлермен қонақтарды таныстырдық. Экскурсия барысында қадірлі меймандар музей залдары мен «Соғыс оты шарпыған Жәнібек» панорамасын аралап, әр жәдігерге қызығушылықпен қарап, олардың тарихы туралы ыждағатпен тыңдады.


