Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Той туралы

Рухани жаңғыру заманының тойы қандай болу керек?

Неліктен Теріскейдегі қазақтың тойлары түнгі уақытқа ауысып кеткен?

Қазақта тойлар көп: шілдехана, бесіктой, тұсау кесу, сүндет той, үйлену тойы, мерей той,... Ежелден бұл тойлар күндізгі уақытта өткізілген. Шама-шарқына қарай той иесі ат шаптыртатын, күрес ұйымдастыратын, айтыс өткізетін, құс салатын, мал сойып, дастархан жаятын. Дастархан басында да әр түрлі ойындар, сайыстар өткізілетін. Қас қарая той аяқталатын. Солтүстік облыстардағы қазіргі тойларға қарап таң қаласың: тойға сағат 5-ке шақырады, той 8-де басталады. Себебін сұрап көрейік, той үстіндегі болған түрлі-түрлі жағдайлармен танысайық, қорытынды шығарайық.

***

Тойдың кеш басталуының себебі не деп ойлайсыз? Ол қаншалықты орынды?

1. АХАЖ және мешіт қызметкерлері. Неке қию рәсімі күндізгі уақытта өткізіледі.

2. Дәрігер – диетолог. Сағат 6-дан кейін тамақ-шарап ішу – денсаулыққа зиян.

3. Той өткізушілер. Күндіз той өткізу жеңіл, себебі кешке адам шаршайды. Бірақ кейбір тойшылар, әсіресе, бастық болып істейтін адамдар өздерін тосқызып қойғанды тәуір көреді. Халықты тосқызып қою, олардың ойынша, абыройларына, қоғамдағы маңызына зіл қосады деп санайды.

4. Тойға келушідер. Тойдың кеш басталуы адамды жалықтырады, шаршатады. Көп жағдайда тойға мезгілінде келуге ешқандай кедергі жоқ емес пе? Үйлену тойы күнде бола бермейді, «туысым тойға шақырып еді» десек, басшылар жұмыстан ертерек кетуге кедергі жасамайды.

5. Тойшылар. Тойда ұзақ отыру, тілек айтушылардың бір сөзді қайталап айта беруі адамды қажытады. Барлық тойға келушілердің тілек айтуы міндет емес. Асабаларға да тіл мәдениетін, лаконизмді сақтау керек. Тілді шұбарландырып, орыс сөздерін қосудың қажеті жоқ, онымен қазір ешкімді таң қалдыра алмайсың.

6. Күнгей жақтан келген ағайындар. Өзімізде той ертемен басталады, күні бойы жүреді. Еркіндік, келсең отыра қал, кетсең тұрып жүре бер – өз қалауың біледі.

7. Теріскейден келген бір әзілкеш. Тойдың түнде болғаны жақсы. Мас болсаң да, жаға жыртыссаң да, не бүлдірсең де ешкім көрмейді. Түнгі уақытта той үстінде арақтан басқа ешқандай мәдени мазмұн керек емес.

8. Орыс ағайын. У нас все свадебные мероприятия закончиваются засветло. Ночь дается для сна.

9. Кешігіп келушілер. Кешігіп келу қазақтың қанында бар. Той бізсіз басталса, ешкімге ренішіміз жоқ, өйіткені кінәлі – өзіміз.

10.Үйленіп жатқан, тілге шорқақтау бір туысымыз «Тойың нешеде басталады?» – деген сұраққа, былай жауап берді: «Дуракам в три, умным в пять, құда придет в шесть, той начнется, наверное, в семь».

Қазақ қазір тойларға, басқа да шараларға ең көп кешігетін халық ретінде анекдотқа кіріп кетті. Мынандай мәтел бар: «Жаңа танысыңның ұлтын білмесең, уақытын белгілеп қонаққа шақыр. Дәл уақытында келсе – неміс, бір сағат кешіксе – орыс, сол күні келсе – қазақ».

***

Ораз Ақтоғай ауданының жалғыз хирургі. Жақан деген танысы Спартактың бөлімшесіне сағат 6-ға қыз ұзату тойына шақырды. Кейін қайтуға бір таныс табылар деп, Орекең айтқан мезгілде автобуспен ауылға жетеді. Тайқазанда ет асылып жатыр, әйелдер жағы шыжылдатып бауырсақ пісіріп жүр. Үлкен шатырдың маңатында тойға келген адам көрінбеді. Тойдың басталуын күтіп жүргенде сағат 7-і, 8,9,10 болды. Орекең үйдің иесі Жақанды тауып алып, түнде емханада кезекшілігім бар еді, оның үстіне ертең жұмыс күні екенін түсіндіріп, үйге кететінін айтты. Сондағы естігені: «Ойбой, Ореке неге асықтыңыз, әлі ерте емес пе, Шідертінің тұсында бригадада жұмыс істейтін адамдар шақырылып еді, солар кешігіп жатыр...». Мұны естіген Орекең, қолын бір-ақ сілтеп, ауылдан такси іздеді. Тойда болмай, үйіне қайтуға мәжбүр болды.

***

Айқын баланың үлкені болғандықтан той иесі Талап ешкім өкпелемесін деп ағайындардың бәрін шақырды. «Дастархан» тойханасы лық толды. Асаба алғашқы тілекті марқұм болып кеткен Айқынның атасының ауылдастарына берді. Көптің алдына Жұмабике апай шығып: «К шорту, ылғи керегінде айтарым ойдан шығып кетеді...», - деп сөзін бастады. Шұға ауылының тарихын жақсы біледі екен: ауылдан әжептәуір ақын, әнші болған, қажылыққа барған адамдар шығыпты. Олардың өмірбаянын айтып берген Жұмабике апайдың шешендігінде күмән болмады. Талап пен Айқынның шілдеханалары туралы да айтып шықты. Жалғыз өзі жарты сағаттан астам сөйледі. Одан кейін басқа да қариялар өз тілектерін айтып жатты. Бәрі болғаннан кейін Жұмабике апай микрофонды қайтадан сұрап алып: « К шорту, ылғида айтарымды ұмытып кетем. Айқынжанның атасы мен біздің шал мархұмның достығы жөнінде айтуды ұмытыппын»,- деп, сөздерін одан әрі қарай жалғастырды. Асаба апайдың сөзі біткеніне қуанып, микрофонды қазақ теледидарының жүргізушісі Руслан Бөлебайға берді: «Бір тамаша әніңізді жас жұбайларға сыйлаңыз!» – деген өтінішін білдірді. Әнші ойланғанша Жұмабике апай аяғын жедел басып, әншінің қолынан микрофонды өзіне алып: «К шорту, өлең айтуды ұмытып кетіппін!», – деп, бірсарынды дауысымен өзінің тәуір көретін термесін айта жөнелді.

Асабаның билігінсіз қалған қауым, бір тілекті де тыңдамай, Шұға ауылының тарихына қызығушылық білдірмей, өздері өзара тілек айтысып, арақ-шараптарын іше берді. Едәуір уақыт өткеннен кейін асаба жас жұбайлармен ойын өткізе бастады: «Любишь – не любишь...». Масайып қалған көпшіліктің ойында еш шаруасы болмады. Тойханадан тыс шығып темекі шекті, әңгіме құрды. Кейбіреулері такси шақыртып үйлеріне қайтып кетті. Той жалғаса берді...

***

Екібастұз қаласының «Алладин» деген кафесінде болған жағдай. Ағайынды Жорик пен Нурик мектеп бітіргеннен кейін ешқайда оқуға түсе алмай, арзанқол асаба болып напақасын тауып жүрген жігіттер еді. Тойдың алдында Жорик күйеу жігітпен қалыңдықты ортаға шақырып ойын өткізді. Күйеу жігітке сұрақ қоюдан бастады:

– Күйеу жігіт, қандай тамақты сен тәуір көресің?

– Башбармақ!

– Қалыңдық, сен оны пісіре білесің бе?

–Білемін, пісіргенді ұнатамын.

– Күйеу жігіт, тағы қандай тамақты тәуір көресің?

– Тұшпара.

– Қалыңдық, пісіре білесің бе?

–Білемін, ол менің де тәуір көретін тамағым.

– Күйеу жігіт, тағы нені тәуір көресің?

–Мәнті.

– Қалыңдық, мәнті пісіре аласың ба?

– Пісіре білемін. Қуана-қуана пісіремін.

– Күйеу жігіт, тағы нені ұнатасың?

– Қуырдақ.

– Қалыңдық, оны да пісіре аласың ба?

– Әрине, бұл ата- бабаларымыздан келе жатқан ұлттық тағам ғой!

Жорик бас құданы ортаға шақырды. Бас құда өте толық адам еді, асабаның бұл талабын ұнатпаса да, ортаға шықты. Асаба күйеу жігітке қарап: «Бешбармақты да, тұшпараны да, мәнтіні де, «голубцыды» да, қуырдақты да сен жемей, ұмытуың керек. Әйітпесе, қарның мына менің жанымда тұрған бас құданың қарны сияқты жұп-жуан болып, семіріп кетесің!»,– деді. Бас құда сол қолын созып, микрофонды алып: «Иттің баласы! Жетесіз неме! Менің қарнымда не шаруаң бар? Бұл менің жұрттан жасырып жүрген дертім шығар!» – деп, оң қолымен асабаны жақтан салып жіберді. Жорик жақын жерде тұрған үстелдің астына домалап түсті. Тойшы қауым ары қарай не болатынын білмей, сасқалақтап қалды...

Ешнәрсе болған жоқ. Екінші асаба Нурик екінші микрофонмен жас жұбайларды, құдаларды, қонақтарды үстел басына шақырды.

***

Қанат пен Лунара ауылдастарында жомарт адамдар деген пікір қалдырады. Қолдары ашық, ешкімнің ала жібін аттамайды. Жалғыз балалары Рафиктен ешнәрсені аямайтын. Сол үшін несие де алды, машина сатып әперді, қаладан екі бөлмелі үй де алды. Рас, Рафик машинаны ұзақ мінбеді, бір аударылғаннан кейін, машина жарамай, металлоломға айналды.

Совхоз жабылғаннан кейін ауылда жұмыс орны болмай, жастардың көпшілігі жан-жаққа көшіп кетті. Ауылда зейнеткерлер ғана қалды. Қанаттың күнкөрісі – қолында қалған азын-аулақ малы еді. Ақшасы жетпей қалған жағдайларда ағайындардан қарыз ала салатын. Туыс дегеннен жалғыз балдызы Сүлеймен еді, ол отбасымен центрде тұратын.

Қалада күзетте істейтін баласы Рафик «Үйленемін»,– деген қуанышты хабар әкелді. «Жалғыздан нені аяймыз?», –деп шешті Қанат пен Лунара. Құдаласуға барды, келінге гаухар сырға тақты, қалың мал, той малы, тағы да басқа ырым-жырымдарын құдаларға тартты. Ол үшін қолдағы малдарын сатты, қарызға да кіріп кетті. Сүлеймен балдызы: «Ысырапшылдыққа салынбаңдар, қолдағы бар қорларыңды үзіп алмаңдар, жоқтыққа кіріп кетесіңдер»,– деп бірнеше рет ескертті. Бірақ, Қанат оған құлақ аспады. Жалғыздың жолын түсіне ме, балдыз? Өзінің бес баласы бар ғой! Қанат құдаларды, қонақтарды ықылық атқыздыртып, тойдырып, құлата мас қылып, дүбірлетіп тойын абыроймен өткізіп шықты.

Бір айдай уақыт өтті. Қызық басылғаннан кейін қараса, қорада бір малы, үйінде ішерге тамағы қалмапты, көршілері күнде-күнде келіп қарызға алған ақшаларын талап етуде. Баласы Рафикке барып, ақылдасып көріп еді, жағдайды түзейтін нәтиже табылмады. Рафиктің айытқаны мынау: «Тап-тар қаланың үйінде бір күзетшінің жалақысына қарап, төртеуміз бірдей қалай сыйып тұрамыз, оның үстіне келіндеріңіздің аяғы ауыр, жуықта босанады. Қартайып тұрған жоқсыңдар ғой. Басқа ағайындарға барып, көмек сұрап, бір амалын табыңдар». Қанат пен Лунара, зейнеткерлік жасқа жақындағанда, балдызы Сүлейменнің үйіне көшіп барып, өмірді қайтадан бастағаннан басқа амалдары қалмады.

***

Бұл мысалдар қазақтың тойларының бәрі жаман дегенді білдірмейді. Тойларда келеңсіз жағдайлар болып тұратынын көрсетеді. «Дертін жасырған сауықпас» дейді қазағымыз. Онда мынандай мәселелерді көтеретін мезгіл жетті деп ойлаймын: той иесі де, тойға келген қонақ та тойдан рухани азық алу керек. Ендеше жоғарыда айтылған мақала бәрімізге ойтүрткі болсын.

Құрметті ағайындар! Намыс дегенді ұмытпайық, тойларымызды ата-бабалар дәстүріне сай өткізейік. Мүмкін, сол кезде тойларымыз рухани жаңғыру заманының тойы болар. Ат шаптырмасақ та, рәсімдерімізді дер кезінде бастап, дастархан басына белгілеген уақытта отырайық. Түнгі мезгілде асқазанымызды, көршілерімізді көп қинамайық.

Амангелді Елтін, Павлодар қ.

0
0
2211

Еще по теме

Той туралы - Yvision.kz