Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Той ажары – асаба

Той ажары – асаба

Той уақытын белгілеген сәттен бастап ең бірінші туындайтын мәселе – асаба таңдау! Тойдың өз деңгейінде өтуі жүргізуші асабаға тікелей қатысты. Редакциямыздың зерттеуінше той иесі асабаны мынадай жолдармен таңдайды:

- Өзі қатысқан тойдан көрген асабаны таңдайды

- Таныс-туыстар арқылы іздейді

- Танымал асабаны (тележүргізуші, әртіс, т.б.) таңдайды.

- Агенттіктер арқылы

- Интернет арқылы

Енді осы таңдаулардың өз артықшылығы мен кем тұстары да бар. Мәселен, бірінші нұсқадатойдан көріп таңдаған асабаңыз сіздің тойда ортақ туыстарға онша қызық болмауы мүмкін. Есесіне, өзіңіздің көңіліңіз толады.

Екінші нұсқада таныс-туыстар арқылы тапқан асабаңыздың тойды қалай жүргізетінінен бейхабарсыз. Сондықтан ел-жұрттың мақтауына сүйенесіз. Көз жетіп, көңіл сенбеген соң іштей үрей де мазалауы мүмкін.

Үшінші нұсқада танымал асабаны арнайы алдыртасыз. Ол асабаның тойды жүргізу ерекшеліктері, алғырлығы мен тапқырлығы жайлы бас ауыртпайсыз. Танымалдығы арқылы дүйім жұртты баурап алады деп сенесіз. Танымал асабаның бәрі тойды керемет жүргізеді деген қағида жоқ. Немесе, көп жұрт танымайтын қарапайым асаба әлсіз деген пікір де қате екенін ескертеміз.

Асабаны агенттік арқылы жалдайтын болсаңыз көп нәрсеге бас ауыртпайсыз. Себебі, сіз той ұйымдастыру орталығының қызметін пайдаланасыз. Бірақ, әр агенттіктің келісімшарт жасасқан шектеулі асабалар тізімі болады.

Интернет арқылы асаба таңдау ең оңтайлы нұсқа. Дегенмен, таңдаған асабаңызбен жүздесіп, келіспейінше көңіліңіз толмайтыны анық. Осы орайда асаба таңдауға қатысты кеңестерді ұсынамыз:

1. Той басқаратын асабаға арнаған сомаңызды анықтаңыз. Мықты жүргізуші арзан сұрамайтынын да ескергеніңіз жөн!

2. Тойыңызды ер немесе әйел жүргізушінің қайсысына сеніп тапсыратыныңызды анықтаңыз.

3. Жүргізушілер тізімін құрыңыз. Біздің ақпаратқа сүйенуіңізге болады. Тізімге алынатын ақпараттар:

- Асабаның аты-жөні

- Координаты

- Ақысы

4. Таңдаған асабамен хабарласып, бағасын тағы бір мәрте нақтылап алыңыз.

5. Асабамен алғаш кездесіп, ақылдасу барысында мына сұрақтарды қойыңыз:

- Қанша уақыт жұмыс жасайды? (Ең соңғы қонақ үйіне қайтқанға дейін немесе нақты уақытпен)

- Қосымша сағаттарға артық ақы төлене ме? (Егер сіз тойға жоспарлаған уақыттан артық асып кетсеңіз, бұл маңызды!)

- Той сценарийінде қандай ойындар, конкурстар бар?

- Асаба балаларды қалай ойнатады, басқарады? (Егер тойда балалар болса)

- Кештің қысқаша сценарийі бар ма?

- Кештің музыкантымен асаба байланыса ма, және оның ақысы қандай?

- Тойға дейін неше уақыт бұрын тапсырыс беру керек?

- Алды-ала төлем сомасы қандай?

- Қандай валютада есеп айырысасыз?

6. Егер асабаның бейне ролигі болса, міндетті түрде қарап шығыңыз. Өзін құрметтейтін жүргізуші той иелеріне өзін бағалауда, тануда қиындық тумауы үшін өзімен бірге міндетті түрде еңбектерін, бейне ролигін ұсынады.

7. Асабамен әңгімелесу барысында төмендегілерге назар аударыңыз:

- Сөйлеу мәнері, дауыс екпіні

- Ойын қысқа әрі тұнық жеткізе алуы

- Сыртқы кескін-келбеті
- Сұрақтарға жауап беруі

- Өзін таныстыруы

8. Жақсы жүргізушінің жаттанды сценарийден бойын аулақ ұстайды. Тіпті, кейбірінде той жүргізу тәсілінің бірнеше формасы болуы мүмкін.

9. Кәсіпқой асаба той иесінен міндетті түрде тойға қатысты бірнеше ақпараттарды өзі сұрайтын болады. Мәселен, той қонақтарының тізімімен қоса, жасы, туыстық қатысы, тегі, т.б. Өйткені, сөз берерде, немесе ойын ұйымдастыруда ыңғайсыздық тудырмас үшін көп ақпаратты нақтылап алады.

10. Мықты асаба:

- Ешқашан көшеде, көлікте кездесіп, келісе салмайды. Мейрамханаға немесе үйіне шақырып, той туралы тереңірек ақылдасады.

- Өзін мақтап, өткізуге тырыспайды. Өзге асабалармен салыстырып қарауыңызды сұрайды.

- Міндетті түрде еңбектерін, бейнероликтерін көрсетеді

- Әңгімені ұзаққа созып жібермейді.

- Әр тойға жеке сценарий құрады.

Егер асаба жоғарыда айтылған талаптарға сай келіп, алғаш кездескеннен көңіліңізден шығып жатса, алдын-ала төлем жасап, той барысын жақсылап келісе беруіңізге болады. Мықты асабаға алдын ала тапсырыс беріп қоймасаңыз, той көбейген уақытта қол жеткізу қиынға соғады.

Есте сақтаңыз: Қандай асаба болса да, барлық қонақтардың көңілін табу, жағу мүмкін емес. Ең оңтайлысы, той иелерінің көңілінен шығып, есінде мәңгі қалатындай жүргізіп берсе жетеді.

 
0
0
1325

Еще по теме

Той ажары – асаба - Yvision.kz