Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ТОҚҚА – ТАСЫМАҒАН, ЖОҚҚА – ЖАСЫМАҒАН

Кісі сөйлескенше

Серіктес ТОҚҚҰЛОВ


Адам ата мен Хауа ана Жерге табаны тиісімен бір-бірін іздеп, мына жалғандағы жолдың алғашқы сүрлеуін қалдырған-ау. Содан бері әлемнің әр қиырынан басталып, әр қиырына жеткізіп салар қара жолдың қаншамасы сүрлеуін жаңартып, қаншамасы ұмытылып жоқ болғанын кім біліпті? Білетініміз жол жайындағы немесе жол бойындағы бояуы қанық түрлі әңгімелер мен аңыздар. «Жол – киелі ұғым ғой», – дейтін еді әжелер. «Ықылым заманалардан бері бұл жолға кімнің табаны тимеді? Қаншама аттың тұяғын тоздырған қара жол ғой бұл» деуші еді аналар ұзақ жолға қарап тұрып. «Жолың ұзын болсын» деу – тілектердің ең ғажабы еді. Шиыр-шиыр шимайланған жолдардың жазуына үңілсең, қаншама адам тағдырының жүгін де байқар ма едік?

Сол заманалардан жеткен қара жолды келесі күндерге аман-есен өткізіп беру үшін күндіз-түні ескінің сүрлеуін жаңартып, жаңаның өзге бағыттағы жолын салып, еңбектеніп жүргендердің маңдай тері мен тұнық әлемін зерттеп көрген кім бар? Жолаушының бар арманы мен мақсатын үнсіз көтере білген жолдың ескірмеуін қадағалап, ел мен елдің арасын жаңадан жалғап жүрген жолшының бірі, бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – Серіктес Тоққұловты көпшілікке арнайылап таныстырмай-ақ, сұхбатты ұсынғымыз келді. Ата жолы, әке өнегесінен басталған әңгіме жолдың тақырыбын айналып өтпеді...

 

–  Әңгімемізді өзіңіз өскен орта, көрген тәрбие, әкелер, аталар жолы жайлы естеліктен бастасақ...

– Ұлы атам – Жылқыбай Алматы өңіріндегі ірі байлардың бірі болған екен. ХХ ғасыр басында бұл өңірде үш ірі байдың атағы жер жарып тұрыпты. Бірі – Медеу бай, бірі – Шалтабай, тағы бірі – Жылқыбай. Ұлы атамның перзенті Ырысбай – Ұзынағаш төңірегінде болыс болыпты. 1928 жылдары байларды кәмпескелеу науқаны басталады. Бұл науқанның алдында Медеу бай жылқысын өз еркімен үкіметке өткізіпті. Сондықтан Медеуге ешкім тиіспеген. Ал Шалтабай малын айдап  қашып кеткен. Жылқыбай кәмпескеге ілігіп, кәмпескелеуге Ораз Жандосовтың өзі келіпті. Жылқыбай мен Ораз бұрыннан таныс екен, әрі туысқандығы да бар. Жылқыбайдың кенжесі Шөжеғұл атамның естелігі ғой, кәмпескелеу үшін жылқыны саймен санап өткізіп жатқанда, қырдың басында Ораз Жандосов пен аталарым қатар тұрыпты. Сондағы Ораздың айтқаны екен: «Уа, Жылқыбай, күніне бір жылқы берсең де, балаларыңды оқытатын жөнің бар еді ғой. Сен солай істегенде сенің жылқыңды мен санамас едім, сенің балаң біреудің жылқысын санар еді», – депті. Сөйтсе, атамыз: «Тағдыр осылай болды, көнеміз де», – деген екен. Кәмпескеден соң ұлы атам Жылқыбайды кенже ұлы Шөжеғұлмен бірге Оралға айдайды. Болыс болған ұлы Ырысбай, Ырысбайдың ұлы Тоққұл да ол кезде қайтыс болған кезі екен. Ол үйдегі жесір әжеміз Жібекті әмеңгерлікпен Шөжеғұл алыпты. Кәмпеске басталардан бұрын бұл апамызға бір кісілер: «Күйеуім қайтыс болды деп арыз жаз. Жесір болғандықтан кәмпескелеген малдан еншіңді беруін сұра», – деп ақыл айтыпты. Апамыз бұл ақылды құп көріп, арызданса, Ораз Жандосов «Жесірдің отбасы» деп біраз мал бөліп беріпті.

Сонымен, Жылқыбай, Шөжеғұл екеуі Оралға кетеді. Сол жақта жүріп Жылқыбай қайтыс болады. Ана бір жылдары Оралға барып, мүрдесін іздеп едік, таппадық...

Шөжеғұлдың ол кезде отыздан асқан шағы. Мінезі тік, бірбеткей екен. Бір күні мінез көрсетіп, оны қайыра соттайды. Оралдан ары қарай Сібірге жер айдауға үкім қылыпты. Жанында тағы бір қазақ жігіті бар, екеуін арбаға мінгізіп, екі орыс солдатын айдауыл қылып Сібірге жөнелткен ғой. Кетіп бара жатқан кезде атам Шөжеғұл қасындағы жігітке: «Өстіп жүріп бәрібір өлеміз. Одан да жолын тауып қашайық», – дейтін көрінеді. Сөйтсе, әлгі қазақ та қашуға кет әрі емес екен. Бірақ, қалай қашпақ? Екеуі жол бойы қазақшалап күбір-күбір сөйлесіп, қашудың жоспарын құрастырады. Содан күн жауып тұрған бір уақытта: «Тоқтаңдар, түзге барамыз», – деп арбадан түседі. Қолдарын байлаудан шешкізіп, түзге отыруға өтірік ыңғайлана береді де, темекі тартып, жаңбырдан қорғанып, алаңсыз тұрған екі солдатты екеуі ұрып жығып, байлайды да, атқа міне қашады. Бұл уақытта Ұзынағаш жаққа: «Шөжеғұл қашты, қасында бір адамы бар. Ұстаңдар!», – деген хабар жетіп үлгерген екен. Түнде жүріп, күндіз демалып, жолда аттары зорығып өліп, одан жаяу-жалпы ауылдың маңына келіп сыр тартса, өздерін ауылда тосып отырғандардың хабарын естиді. «Отбасым қайда», – деп сұраса, әмеңгерлікпен алған апамыз, бұлар айдалып кеткеннен соң, қырғыз асып кеткен екен. Шөжеғұл енді қырғызға тартады. Ол жаққа да әуелі хабарласып алып жетеді. Екі аяғы жүре алмайтындай болып, күп болып ісіп кеткен екен, сонда жатып емделеді. Әл жиып, жан-жақтан хабар алған соң, қырғыз бен қазақ арасында жүрген қарсылық қозғалысы туралы естиді де, соларға барып қосылады. Кейінірек қазақ арасына қайта келеді. Сөйтсе, сөзімнің басында айтқан Шалтабай үлкен қарсылық қолын жасақтап жатыр екен. Атам Шөжеғұл соларға барып қосылады. 1929–30 жылдары қырғыз бен қазақ арасындағы алашақпында жүреді. Бір күндері, мына Ұзынағашта Мақыш деген батыр болған, атамның бауыры, сол қайтыс болады. Ұсталып, түрмеде көз жұмады. Соның дерегін естіген соң, ары-ақылдасып, бері ақылдасып Шөжеғұл Шалтабайға: «Біз осыла жүре берсек, күндердің күнінде ұсталып, түрмеде сүйегіміз шіриді. Одан да Қытайға ауайық», – деген ұсынысын айтады. Сөйтсе Шалтабай оған көнбейді. «Мен осында жүрем, Кеңес өкіметін жеңем», – десе керек. Ақыры атам жалғыз өзі Қытайға өтпекші болады. Сөйтсе, Қордай жақтан бір адамдар Қытайға кетеміз деп ақылдасып жатқаны жайлы хабар құлағына тиеді. Барып, сөйлесіп көрсе, дерегі рас екен. Кетуге бел буғандар Шөжеғұлға: «Егер бізге қосылар болсаң, шын атыңды, жөніңді айтпа. Себебі, сенің әкең Жылқыбайдың шапыраштының ішінде ірі бай болғанын бәрі біледі. Тыққан алтыны бар деп өлтіріп кетуі мүмкін. Сондықтан, біздің арамызға қосылар болсаң, дулат болып кір», – дейді. Ол кезде атамыздың тоқалы, кіші апамыз Күлжамал бар екен. Бәйбішесі әлі қырғыз арасында. Одан екі бала сүйген. Атам бәйбішеге Қытай асамын дегенде, үлкен апамыз «Ендеше, мен осында қала берейін» деп рұқсатын алған көрінеді. Шөжеғұл атамыз рұқсатын беріп тұрып: «Үлкен баламды алып кетем», – депті. Ол кезде Тоққұл мен Жібектің үлкен ұлы, менің әкем Төлембай 12-13-ке келген кезі. Апам келіседі. Уағдаласқан жеріне әкемді ертіп әкеледі де, қоштасып, қала береді. Бірақ, жолда келе жатып үлкен апам әкеме: «Сен біраз уақытқа шейін ілесіп бар да, кейінірек бұрыл да қаш. Әйтпесе, жолда өліп қаласың» деп үйретіп қойыпты. Бала – шешесінің айтқанына көнеді ғой. Сөйтіп біраз жер шалған соң, әкем қаша жөнеледі. Атам қумапты. «Шешесіне барсын» дегені шығар. Шөжеғұл атамыз кіші апамызбен, Қордайдағы Қытайға ауатын топқа «атым – Сыдық, дулатпын» деп қосылыпты. Бұлар Кеген, Нарынқол асып, Күнес деген жерге өтеді. Жолда көрген қиындықтары өте көп. Оны айта берсем, ұзақ әңгіме.

Не керек, Шөжеғұл атам 1930 жылдары сол жаққа барып, сол жақта тұрақтайды. Арғы аталарымыздың досы болған бір дүңген бар екен. Сол кісімен жолығып, соған жалданып, екі-үш жыл жұмыс істепті. Кіші апам – дулаттың ішінде тілеуқабыл деген ел бар, сондағы Әбдікерім деген ірі байдың қызы болған. Өмірінде жұмыс істемеген адам, Күнеске барып егін орған, сабан терген. Әйтеуір, бір жақсысы, екі-үш жылда атам ақырын-ақырын мал жинап алыпты. Дүңгеннен бөлініп, өзімен-өзі болып, мал жиып, жеке шаруасын дөңгелетіп әкетсе керек. Күнесте бір ұл, бір қыз дүниеге келген, өсіп-өніп өз тіршілігін жасап жүреді...

Бұл кезде мына жақта қалып қойған үлкен апамның да екі ұлы соқталдай азамат болған. Соғысқа барып келген, шетінен офицер, коммунист. Менің әкем Төлембай соғыс кезінде 1943 жылы конференция кезінде Тегеранда болған, соғысты 1945 жылы Берлинде Рейхстатта аяқтаған. 1952–53 жылдары, жылымық уақытта, үлкен апам балаларына: «Қытайға кеткен әкелеріңді іздеңдер», – деп тапсырады. Баяғы жарты жолдан қалып қоятын үлкен ұл, менің әкем Қытайға хат жазып, аяғында атамды тауып, әкем көмектесіп, 1954 жылы атама кеңестік төлқұжат алып беріпті. 1954 жылы мен дүниеге келіппін. Сол жылы Қытайда дүниеге келген Күнесбай атты бауырымыз өкпе ауруынан қайтыс болады. «Осылай да, осылай, ұл қайтыс болды» деген хабар мына жаққа жетеді. Үлкен апам, әкем арқылы: «Ол бала өлсе, Құдайдың жазуы солай шығар. Қайғырма. Мына жақта бір бала дүниеге келді. Қайтып кел. Сол балаңды өзің бақ», – деп хат жазыпты. 1956 жылы атам малын сатып, кеңестік төлқұжатымен Қытайдан көшіп келеді. Мен ол кезде екі жасар баламын. Атам бірден мені бауырына алыпты. Содан мен Шөжеғұлдың ұлы болдым. Атам өте қатал адам еді. Шешімтал, сұсты болатын, бір қызығы ол кісінің мінезіне менің шешем Шәкеннің мінезі ұқсайтын. Біраз жыл колхоздың малын бақты, кейін зейнетке шықты. Өзім Музей Жамбылда мектепте оқыдым, мектепті сол жерде бітірдім. «Шөжеғұлдың баласы», «Қытай атаның» баласы болып өстік. Кейін паспорт алатын кезде кімнің ұлы екенімді біліп, төбемнен жай түскендей болғанмын.

– Қария тәрбиесі сіздің кейінгі өміріңізге қалай әсер етті?

– Біз туып-сөкен жер – Музей Жамбыл ғой. Музей Жамбылдың бірнеше ерекшеліктері бар. Біріншіден, үлкен орталықтың, Алматының түбінде тұр. Бірақ өзімен-өзі, заманауи өмірден сырт тұрған, жайбарақат жатқан ел. Бұрыннан солай. Және біздің ауылда атам қатарлы қариялар өте көп болды. Атам оларды үйге шақырып, кейде солардың үйінде қонақта болып, әңгімелесіп отыратын. Құлақ қойсаң, дауыстары әуезді, әңгімелері тәтті-тұғын. Қалжыңдары қандай? Естеліктері ше?! Сосын бұлардың әрқайсының бір-бір өнері бар еді. Мысалы, Сансызбай деген атамыз жүйрік ұстайтын. «Сансызбайдың сары аты» атанған атақты жылқысы бар еді. Ол жылқыны көрген де арманда, көрмеген де арманда еді, шіркін! Мұсабек пе, Мұсабай ма, бүркітші қарияның қыранын көруге жиі баратынбыз. Аяғынан шынжырлап қойған дәу бүркіті әлі күнге көз алдымда. Сондай-сондай керемет кісілер көп еді-ау! Осындай ақсақалдардың қолдарына су құйып, әңгімелерін тыңдап өстік. Және біздің үлкен атамыз – Жамбыл болды. Атам, мен жаңағы айтып өткен ақсақалдардың бәрі – Жамбылдың інілері еді. Біз Жамбылдың туысымыз, тұқымымыз деп өстік. Мектепке бара жатқанда күнде музейдің жанынан өтеміз. Айына бірнеше рет музейге барамыз. Сондықтан болар, Жамбылды біз өз ауылымыздың көзі тірі ақсақалы деп қабылдадық. Арамызда тірі жүргендей елестеттік. Соның барлығы біздің ауылдың адамдарының қай-қайсысына болса да, қатты әсер етті.

– Техникалық мамандықты таңдасаңыз да, сізді әдебиеттен алыстата қоймаған сол үлкендердің тәрбиесі ме еді?

– Мүмкін. Егер бала тумысынан бір нәрсеге бейім болса, ол қандай мамандықты таңдағанына қарамай, сол бейімділік бәрібір бір күні байқалады. Теміржол сала жүріп қазақтың тарихы туралы Мұхаметжан Тынышбаевтың кітап жазуы да, кейінгіні мысалға алсақ, инженер-геолог бола жүріп Олжас Сүлейменовтің ақын болуы да сондықтан болар.

– Сұрағым әдебиетті оқу мәселесі туралы еді. Техникалық ғылым интеллигенциясының әдбиетті оқитын өкілдері көбірек шығар. Алайда, осы күні техниктер болсын, басқалар болсын, кітаптан алшақтап бара жатқандай, жалпы халық кітап оқуды қойғандай көрінеді бізге...

– Меніңше, жалпы жастар әдебиеттен алшақтап барады. Біріншіден, техниканың дамыған заманы ғой. Адамның ғаламторға қарап бірдемені түсіне салуы, оқи салуы жиіледі. Кітаптың орнына комикс қарай салу, мультфильм көре салу қызықтырақ болды осы күнгілер үшін. Екіншіден, екі идеологияның алмасуы да кітаптан алшақтаудың бір себебіне айналды ма деймін. Кеңес өкіметі кезінде бір идеология болды. Оның дұрыс жағы да, бұрыс жағы да болған шығар. Оны қазір талдап жатпай-ақ қояйын. Біз кішкентай кезімізден кітап оқуға құмар болдық. Жаңадан бір кітап шықты десе, соны іздеп жүріп оқитынбыз. Ілияс Есенберлиннің «Қаһары» шыққан кезде бізге жазушы сұмдық төңкеріс жасаған сияқты көрінді. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін тамсана оқыдық. Ол кітаптар бізге соншалықты түсінікті еді. Ал, қазір жазушыларымыз ой үстінде жүрген сияқты. «Бұрынғы кетті, қазір не жазамыз» дейтіндей. Тарихты жазатын жазушылардың өзі майдаланып кеткендей. Қазір тарих туралы жазылып жатқан дүниелер өте көп. Бірақ татымсыз. Көбінесе әркім өзінің атасы, руластарын жазады. Жалпы адамзаттық демей-ақ қоялық, жалпыхалыққа ортақ нәрсе аз. Бұрынғы жазушылар жалпықазақтық қана емес, жалпыадамзаттық мәселені қозғайтын. Қазір әркім өзі көрген жотасын мақтайды.

Екіншіден, тіл шұбарланып кетті. Менің бір таң қалатыным, қазақ тілін дамытамыз дейміз де, шектен шығып кеткендейміз. Қазір көп нәрсені орысшадан аударамыз. Мен мектепті қазақ тілінде бітірдім. Кез-келген қазақ жазушысының шығармасы маған соншалықты түсінікті, ұғынықты, жақын еді. Қазір түрлі терминдерді қазақшалап жібергені сондай, кейбір сөзді түсінбей дал боламын.

«Дорога» деген сөзді бәріміз орыстікі ойлаймыз. Түбін қазсақ – түркі сөзі. «Дара қос» дегеннен шыққан. Бұрынғы замандарда керуен жүретін жолдардың бойында әр отыз-қырық шақырымнан кейін ат жемдейтін орын  болады екен. Сол қостардың арасын, жолдағы керуенді шауып, тонап кетпесін деп жауынгерлер тобы қарап жүреді екен. Сол сарбаздарды «дара қос» деп атапты. Кейін ол «дарога-ға» айналып кеткен екен. Мұны айтып отырған мен емес, мұны жазып отырған – Гумилев. Мен жолшымын ғой, жолға қатысты материалдардың көбін сүзгіден өткізіп жүріп осы сөздің түп төркінін ұққанда қатты таңқалдым. Орыстар сол «дорога-дан» түрік сөзі деп қашқан жоқ қой, қайта тілін байытып отыр. Біздің де өзге тілдерден қорқақтай беретін жөніміз жоқ. Әрі осы бағытпен кетіп, сөздің бәрін аудара берсек, біраз уақыттан кейін бір-бірімізді түсінбейтін боламыз. Құдай содан сақтасын.

– Әңгімеміз айналып жолға келді. Мұсылман әлемінде адам жасауы тиіс жақсылықтардың бірі – жол салу екен. Сол жақсылығы мол саланы таңдауыңызға не түрткі болды?

– Ленинградтағы Инженер-құрылыс институты, сәулет факульетінде қаланың ішіндегі, көшелерді, метроны қалай салу керегін үйрететін мамандықта оқыдым. Институт бітіріп келгенімізде Алматыда метро жоқ, Алматы қалалық атқару комитетінде Алматы Гипрогор деген институт болды, сол институт метроның жобасына кіріседі деген сөз ғана бар еді. Осы институтта жұмыс істедім. Кейінірек отбасылық жағдай, басқа да себептермен жол бағытына ауыстым. Горный деген, айдалада жатқан поселок бар. Басшылар мені алдында жұмыс істеген ағамның орнына басшы қылып сол жаққа жіберетін болды. Осылайша жолшы болып шыға келдім. Қазақстанның түкпір-түкпірінің бәріне жол салдық. Жол саласына қатысты адам оның өте қызық, тартымды мамандық екенін түсінер еді. Бір ауыл мен екінші ауылдың арасында жол жоқ. Сен сол жолды саласың. Ертең сол екі ауыл ағылып бір-бірімен байланыс түзей бастағанын көргенде өз-өзіңнен қуанышты сезімді бастан өткересің. Қара жолдың Қазақстан үшін маңызы өте жоғары. Бізде су жолдары жоқ. Өзендер аз. Пойыз жолдары бірнеше бағытпен ғана өтеді. Ұшақпен жүру – қымбат. Кеңес өкіметінің кезіндегі шағын авияция жоғалып кетті де, ол сала енді-енді жанданып келеді. Сонда қалатын нәрсе не? Тек қана – қара жолмен ағылған көлік. Сондықтан жолдың Қазақстан үшін маңызы өте зор.

– Демек Қазақстанның барлық өңіріндегі жолдарында сіздің қолтаңбаңыз қалды деуге болады.

– Иә, солай деуге болады.

– Ендеше, бір сұрақ қойғам келеді. Кейінгі уақытта халықтың жолға деген өкпесі көп. Шұрық тесік, ойқы-шойқы, жол жөнделмейді дейді. Сол жағына тоқталып өтсеңіз...

– Бұл – өте қызық тақырып. Оны айтып та, жазып та жүрмін. Әлі де өзімнің айтқанымды түсіндіріп, бір мәселенің түбіне жете алар емеспін. Мұның себебін Кеңес өкіметі дәуірінен іздеу керек. Бұл жерде Кеңес өкіметін жамандап, бар кінәны соған аудара салайын деп отырған жоқпын. Кеңес өкіметі – федеративті мемелкет болды. Бюджет аудандық, облыстық, республикалық, одақтық деп шұбырып кете беретін. Жол да солай бөлінді. Мысалы, Қазақстан бойынша 3000-4000 шақырым жол ғана (Орал арқылы Ресейге кететін, т.б.) одақтық маңызға ие болғандықтан, сол шақырым жолға ғана қаржы Мәскеуден бөлінді. Ол жолды салатын және күтетін мекемелерге қаржы да, көңіл де көп бөлінді. Одан кейін республикалық маңыздағы жолдар. 1998 жылға шейін бізде республикалық маңыздағы жолдың ұзақтығы – 17 мың шақырым еді. Бұл жол Жол-автокөлік министрлігіне қарады. Мұндай жолды салу, күту үшін республика бюджетінен ақша бөлінді. Ал облысқа қарайтын, ауданға қарайтын жолдарға облыстық немесе аудандық атқару комитеттері қаржы аударуы тиіс еді. Ал олардағы қаржы одақтық бюджеттен бөлінетін қаржымен тең емес екені белгілі. Ауыл мен елдімекеннің, бөлімшелердің арасын жалғау керек. Ол үшін аудандық атқару комитеті шешім шығарып, ана кеңшар – трактор, мына кеңшар құм, келесі бір бөлімше – қиыршық тас береді деп шешті.

Бұл – федеративтік мемлекет болған соң, екіншіден, шарасыздықтан жасалған нәрсе. Соғыстан кейін әлеуметтік жағдай да нашар, жол да жоқ еді. Алайда инфрақұрылымды қалайда жасау керек. Мәшинелер, көліктер қандай да бір жолдармен жүріп жатуы керек қой. 1945–1990 жылдар аралығында Қазақстан аумағында 100 000 шақырым жол асфальтталды. Оның 17 мың шақырымы ғана республикалық маңыздағы жол еді. Сол 17 мыңның ішінде 3-4 мың шақырымы ғана – бүкілодақтық маңызға ие болды. Соған қарамастан, жолдар салынып жатты. Қазір: «Ол жолдардың сапасы нашар, иір-иір, тар», – деген сөз көп. Ол рас. Бірақ оның себептері де бар емес пе? Біріншіден, кеңшарлар мен ұжымшарлардың жол істейтін қандай шамасы бар? Қолда барымен жол салды. Екіншіден, ол кезде жолда жүретін машиналар да басқа еді. Көліктің ең үлкені – ЗИЛ,  әйтпесе ГАЗ-52, ГАЗ-53, оның көтеретін салмағы 3-4 тоннадай. Әр мәшиненің жүретін жылдамдығы сағатына 60-70 шақырымнан аспайтын. Жетпісінші жылдары пайда болған жигулилердің жылдамдығы 100-ден асқан кезде ғарышқа самғағандай күй кешетінсің. Ал қазіргі заманда үлкен жолда жүретін мәшинелердің салмағы – 25-40 тонна. Шетелден келіп жатқан машинелердің жылдамдығы сағатына 200-250  шақырым. Әрине, сондықтан қазіргі көліктер үшін жол ескі, қауіпті.

1980 жылдардың ортасында Қазақстан бойынша жаңа жоба қабылданды. Бұрынғы салынған жолдардың бәрін қайтадан саламыз деп, сол жобаны бастап кеткен едік. Кеңес одағы тарқаған соң ол жұмыс тоқтап қалды. 1998 жылға шейін біздің үкіметтің жолға қарауға шамасы болмады. Себебі, жол – ақшаны өте көп қажет ететін объект. Жол салу үшін қиыршық тас, битон апару керек. Ол өзге облыстардан, тіпті өзге мемлекеттерден әкілінеді. Сансыз техника, көп мөлшерде жанармай, сапалы мамандар өте көп қажет. Себебі, жол салу үшін адамның қолына күрек ұстата қою жеткіліксіз.

«Бізде жолға қаржы неге көп кетеді?», – дейміз ғой. Қазақстанда салынып жатқан жолдар дүниедегі ең қымбат жолдар емес. Ең арзан да емес. Бізден арзан салатындар да бар. Біз салып жатқан жолдардың бір шақырымының құны Қытаймен деңгейлес. Ресейде жолдың шақырымына шығатын қаржы бізден 1,5-2 есе, Еуропа 2,5-3 есе қымбат.

– 1998 жылға дейін жол мәселесі тоқырап қалды дедіңіз. 1998 жылдан бері қарайғы жол мәселелерін білесіз ғой.

– Әрине.

– Қазір сол 1998 жылдан бері қарай шешілмей жатқан, шешілуі тиіс  мәселелермен жетік таныссыз ба?

– Ондай мәселелер көп қой. 1998 бастап дегенім, 1998 жылы, жеке компаниямда істеп жүрген кезімде Көлік министрлігіне шақырту алдым. Әуелі жолдың негізгі мәселелеріне тоқталып, сараптама жасадым. Жаңа жобаның аясында мемлекеттік компания құрдық. Соған шашылып қалған күллі мемлекеттік техниканы, жан-жақтағы мамандарды жинадық. Жолды қалай жасау керек, жол салу жұмысын қалай басқару керек, жолды қалай күту керегін реттейтін заң жоқ еді. Кеңес өкіметінде жолға қатысты техникалық стандарттар болған. Алайда, оның құқықтық жағы қарастырылмаған еді. Содан үш  құжат жаза бастадық. Біріншісі – Концепция. Қазақстанда жол қалай болуы керегін анықтайтын жалпы көзқарас. Одан кейін 1998 жылдан 2005 жылға дейінгі аралықты қамтитын бағдарлама жасадық. Үшінші құжат – «Автокөлік жолдары» туралы заңның жобасын жасадық. 2001 жылды Президент «Жол жылы» деп жариялады. Бұл жолдың ары қарай дамуына үлкен серпін берді. Концепция, жоба, заң дайын болғандықтан жолдың жұмысы да алға басты. Алайда әлі де шешілмей қалған мәселелер жеткілікті-тұғын. Бірінші, кадр дайындау, әсіресе, жұмысшы кадрын дайындау мәселесі. Бізде қазір жол саласында институт бітірген инженер-жолшылар көп. Өкініштісі, мамандардың көбі – менеджерлер. Білікті жұмысшы мамандар аз. Сондықтан асфальтті жаятын мәшинені, эксковатроды, техниканы жүргізетін мамандар жоқ деуге болады. Олардың көбі тоқсаныншы жылдары шетелге кетіп қалған. Жұмысшы-мамандарды даярлайтын техникум, училищелердің көбі сол кезде жабылып қалды. Ал қазір ондай оқу орындарын қайта ашқан күннің өзінде шәкірттерге сабақ беретін мамандар тағы да жоқ. Сондықтан да біздің жолдарда шетелдіктер жұмыс істеп жүр. Мұның жаман жағы да, жақсы жағы да бар. Жаманы – қаржымыз өзге елдің жұмысшыларының қалтасын толтыруда. Жақсы жағы – олар технологияны, техниканы өзіміздің жастарға үйретіп жүр.

Жол сапасын жақсарту үшін, бұрыннан келе жатқан аудандық маңыздағы, облыстық маңыздағы, республикалық маңыздағы жол деген ұғымды түбірімен жоюымыз керек. Біздің қателігіміз – «Автокөлік жолдары» туралы заңға осы ұғымды өзгертпестен салып жіберіптік. Басқа мәселелер көп болды да, осы сәтті естен шығарып алыппыз, маңызын түсінбей қалдық. Әйтеуір, бір шүкіршілігі, республикалық маңыздағы – 17 мың шақырым жолды 23 мың шақырымға дейін көбейттік. Сонда да еліміздегі жолдардың 70 мың шақырымнан астамы – жергілікті маңыздағы жолдар. Сондықтан, баяғы жартас, бір жартас.  Жергілікті жерлерде әуелі қаржы жоқ, екінші сол аз-мұз ақшаның өзін дұрыс жоспарлап, дұрыс іске асыратын мамандар аз. Себебі бар мамандар республикалық жолдарды салып жүр. Біз унитарлы мемлекетпіз, сондықтан жолды бөлуді қою керек. Бізде жол екіге ғана бөлінуі керек, олар: мемлекеттік жол, мемлекеттік емес жол.

– Яғни, ақылы жол...

– Жоқ, ақылы жолдың бұған қатысы жоқ. Қазақстандағы 100 мың шақырым жол бар ғой. Соның барлығы мемлекеттікі болуы керек. Оның барлығына республика жауап беруі тиіс.Себебі, Қазақстан-унитарлық мемлекет. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, жолдың бәрін республика алған кезде, оның құрамын қайта қарастыру керек. Мәселен, бір ауданды алайық. Ол ауданда баяғы Кеңес одағынан келе жатқан мың шақырым жол бар. Сол мың шақырым жолдың қазір алты жүз шақырымы ғана керек. Ал төрт жүз шақырымының керегі жоқ. Неге? Бұрын кеңшардың бөлімшесі болған. Онда халық тұрған. Қазір ол ауыл жоқ. Алайда, оған баратын жолдар мемлекеттің балансында тұр. Оған ақша бөлініп жатыр. Соны инвентаризация жасау керек. Айналып келгенде бұл жергілікті халыққа пайдалы. Жолы жоқ ауылға мұғалім де, дәрігер де, агороном да бармайды. Сосын ол ауыл құриды. Ауылды адам мекендеу үшін, біріншіден жол керек, екіншіден су, үшіншіден электр қуаты керек. Ауылдың бәрін құртып, бес алты қалаға жиналып алғаннан не ұтамыз?

– Сонда мемлекеттік емес жолдар дегеніміз қандай жолдар болмақ?

– Мәселен жаңа айтып өткендей, бұрынғы совхоздың бір бөлімшесінде жалғыз фермер отыр. Малын бағып, егінін егіп. Оған баратын жол тек оған ғана керек. Фермер әлгі жолды өзі жөндеп алсын. Әрине, ел тұрмаса да мемлекет үшін маңызы жоғары жолдар болады. Мәселен, элеватор. Оған бидайын бір шаруашылық қана апармайды ғой. Бәрі апарады. Және бидай – мемлекетке керек. Ондай жерлерге баратын жолдар мемлекеттің балансында қалуы керек.

– Тарихи мекендер де бар. Бірақ халық мекен етпейді.

– Оның бәрі міндетті түрде мемлекеттік болуы керек.

– Сосын, тұтас мемлекет үшін тарих болып есептеле қоймаймын, бірақ жеке адамдар үшін аяулы, қадірлі жерлер де болады. Мәселен, бір ауылдың халқы жоқ, бірақ сол ауылдың мазараты бар дегендей. Ондай мәселелер күні ертең туындайды ғой.

– Әрине, мұндай мәселелердің бәрін алдын-ала ойластыру керек. Мен негізгі принципін айтып отырмын. Әртүрлі жағдайда ақылдасып, ауылдың ақсақалдары, әкімшілік, тарихшылар, мамандар реттеп, шешеді ғой. Менің айтып отырғаным басқа мәселе. Мәселен, бір бай адам шахта ашты. Оған жиырма шақырым жол салу керек. Неге оны мемлекет салып беруі керек? Мемлекет ол жол салғанда мемлекеттік стандарттарды сақтауын қадағаласын. Өзің салған ол жолмен ертең басқа біреу жүретін болса, оны  ақылы қыласың ба, тегін қыласың ба патша көңілің біледі. Ал қазіргі біздің ақылы жолдар туралы айтар болсақ... Дүниежүзілік сатндартта ақылы жол болған жерде міндетті түрде ол жолмен қатар ақысыз, балама жол болуы тиіс. Заңымызда бұл бап бұрын бар еді, кейін алып тастады.

– Шағын да болсын бизнесім бар дедіңіз. Жалпы бизнес жайында не айтар едіңіз?

– Менің өз ойымша, біздің қанымызда бизнеске деген бейімділік аз. Біз қанымызда бизнесмен емес, жауынгерміз. Ал жауынгер – бизнесмен болуы қиын екен. Мен бұл сөзіммен қазақ бизнесмен болмасын деп отырған жоқпын. Иә, бұрын да бай, ауқатты адамдарымыз болған. Ол бір ауылды басқарып, малын туыстарына баққызып, алайда сол туыстарының, ауылдастарының жейтін асы мен киетін киіміне жауапты болды. Осы күні қазақы бизнестің соншалықты дамып кетпейтін бір себебі де сол. Біреу табыс тауып, жағдайы түзеле бастағаннан туған-туыстарына көмектесе түседі. Бір күні қараса банкрот болған. Әлгі кезінде өзі көмектескен туыстары енді оған көмектесе алмайды. Көмек қолын созайын десе де, жағдайлары келмейді. Бизнес тәуекелді және білімді қажет етеді. Бизнес, қалай айтсам екен, соншалықты таза емес.

 

– Сіз атам 1956 жылдары Қытайдан келді дедіңіз. Сол кезде қай жаста еді?

– Алпысқа тақап қалған.

– Қазіргі сіздің жасыңыз екен. Ол кездегі қариялар қандай еді? Қазір сіз сол ата жасына келгенде сол кездегі қариялардың телегей теңіз ақылы, кеңдігі өз бойыңызда бар деп ойлайсыз ба? Солардың сізге сіңірген тәрбиесін өз немерелеріңізге қариялық жолмен сіңіре алдым деп айта алар ма едіңіз?

– Негіз бар ғой енді. Бірақ, біз бірар нәрсені жоғалтып алдық. Біраз нәрсені басқаша жолмен таптық. Біз темекі тарттық, шарап іштік. Оның да бір салқыны болады екен. Жастық кезде ештеңе білінбейді ғой. Тапқаным – Ленинградта оқыдым, көптеген адамдармен араластым, көп кітап оқыдым, көптеген музейлерді араладым...

Әрине, өмірден түйгенімді балаларыма, немерелеріме сіңіруге тырысамын. Білгенімді айтып, түсіндіріп отырамын. Менің бір қорқатыным біз қазір тым діншіл болып барамыз. Дін – өте нәзік мәселе. Менің атам Шөжеғұл – намаз оқитын, ораза ұстайтын, бірақ аса бір діншілдігін байқамадым. Негізі тым діншіл болып кеткен қазақты көргенім жоқпын, «Құдай жоқ» деген ант ұрған атеистікті де қазақ арасынан кездестірмедім. Қазақ деген ғарыштық дүниетаныммен жүрген халық қой. Ал түрлі салт-дәстүрімізге дәнді желеу етіп тиым салатын «білгіштердің» сөзіне ере берер болсақ,  кешегімен генетикалық байланысымызды бұзып аламыз. Жоғалтып аламыз деп айта алмаймын. Себебі генетикалық байланыс ешқашан үзілмейді. Мысалы, менің үлкен ұлым Нұржан атам Шөжеғұлға қатты ұқсайды. Соған өзім де таңданам.

Кешегі өткен қариялардай бола алдық па, жоқ па, кейінгі ұрпақ бағасын берер, өзімнің түйген-баққаным осы...

– Әңгімеңізге рахмет.

   
0
0
2004

Еще по теме

ТОҚҚА – ТАСЫМАҒАН, ЖОҚҚА – ЖАСЫМАҒАН - Yvision.kz