ТЕРЕКТІЛІКТЕР ҚҰРБАНДАРДЫ ЕСКЕ АЛДЫ
Өткен ғасырда қисық саясат салдарынан «ақтабан шұбырындыны» екінші рет басынан өткізіп, ашаршылықтан есеңгірген қазақ халқы елдің маңдайына біткен таңдаулы ұлдарынан айырылып, қиналды. Аштық пен қудалау салдарынан миллиондаған адам шетінеп, халық саны күрт азайды. Тәуелсіздік алған еліміздің Елбасы Н.Назарбаев 1997 жылы 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп бекіткен болатын. Бұл күні бүгінгі ұрпақ әділетсіз саясаттың құрбаны болған жандарды еске алады. Осы қаралы күні аудан орталығындағы Достық үйі алаңында еске алу жиыны өтті. Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлері осы тақырыпқа сай кітап көрмесін жайды. Көркемөнерпаздар Айымгүл Исқақова мен Әділбек Қожабеков өлең оқыды. Қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алған бір топ теректілік саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары монументіне гүл шоқтарын қойды. М.САРСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, аудандық "Теректі жаңалығы" газеті
