ТЕРЕҢ ТАРИХТАН – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА
Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Елбасымыз туралы ойлаумен сабақтас.
Бұл туралы 1 желтоқсан –ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай аудандық партия ардагерлерімен өткен кездесуде Қырқынбай Асан сөз етті.
Аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрманның төрағалығымен өткен басқосуда аудандық «Jas Otan» ЖҚ-ның төрағасы Шадияр Тілеубергенұлы Елбасының өмірі мен еңбек жолы туралы баяндама жасады.
Баяндамадан соң жиынға қатысушылар мемлекетіміздің қалыптасу кезеңдеріндегі қиын кезеңдерді еске алып, ата-бабамыз аңсаған еркіндіктің оңай жолмен келмегенін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс екенін әңгімеге арқау етті.
- Міне, тоқсаныншы жылдардағы қиын сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы елдің сенімі мен үмітін арқалады. Арып-ашып, жадап-жүдеп, жадынан, санасынан айырылудың алдында тұрған елге шамшырақ болды. Ұлт Көшбасшысы ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, ел-жұртты сынақтан, күрделі кезеңнен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмән жоқ,-деді партия ардагері Қырқынбай Асан.
Мәні терең, маңызы зор шарада ардагерлер өз ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Кездесу жиынын қорытындылаған Абай Тінейбайұлы Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті, "Nur Otan" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дамыған мемлекетіміздің негізін қалаушы тұлға ретінде қалатыны ақиқат. Елімізді бірнеше қиын-қыстау кезеңдерден асқан біліктілігі мен ой жүйріктігі арқасында алып шығып, мемлекетімізді дамыған елдермен терезесі тең, елге айналдырды. Бірнеше жылдың ішінде Ұлы Далада – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзесе, осы Ұлы көшті егемен елдің сарабдал саясаткері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастады. Баршаңызды 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық тілеймін,- деп сөзін түйіндеді.
