Перейти к содержимому

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ НЕГІЗІНДЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТТІ ТҰЛҒА

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында басымдық берілген басты мәселе "Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, аясында қоршаған ортаны сақтап, жастардың бойында экологиялық мәдениетті яки экологиялық құзыретті тұлғаны қалыптастыру. Ол бір күндік немесе бір жылдық науқандық мәселе емес, яғни табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтау атадан балаға беріліп келе жатырған үрдіс.

Бұған дейінде «Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасы» дайындалып, онда еліміздегі толассыз белең алған экологиялық ахуалды жақсартудың жаңаша мүмкіндіктері айқындалып, еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экономиканы, заңнаманы, білімді және қоғамды экологияландыру міндеті тұрған болатын. Экономиканы экологияландыру – өндірістің табиғатқа қажеттілігін азайту арқылы тұрақты экологиялық қауіпсіз табиғатты пайдалануды қамтамасыз ету және ресурстық-экологиялық тепе-теңдікті сақтау.

Қоғамды экологияландыру – бұл адамның табиғатпен үйлесімділігіне қол жеткізуге бағытталған қоғамдық көзқарастар жүйесін қалыптастыру процесі. Оны жүзеге асыру үшін экологиялық білім беру мен тәрбиелеуді ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етіп, экологиялық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Ал, ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша ХХ ғасырдың соңғы 20 жылының «Экологиялық білім беру жылы» деп жариялануы үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие берудің барлық өркениетті елдердің білім кеңістігінде әліде күн тәртібінен түспеген көкейкесті мәселе екендігін көрсетіп келеді. Сол кезден бастау алған білім беру жүйесінің әлемдік деңгейге сәйкестендірілген негізгі бағыттары айқындалған. Экологиялық білім берудің ғылыми негіздері, оны жүзеге асыруда барлық мемлекеттердің осы саладағы әрекеттерін біріктіру БҰҰ-ның халық ағарту, ғылым мен мәдениет жөніндегі (ЮНЕСКО) мемлекетаралық ұйымымен тікелей байланысты.

БҰҰ-ның 70-сессиясында (АҚШ) «Әлемді трансформациялау: 2030 жылға дейін тұрақты дамудың күн тәртібі» туралы жаңа құжатта, қоршаған орта бойынша тұрақты дамудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерін айқындап, тұтас кешенді және нақты іс-қимылдарға бағдарланған тұрақты дамытылуы мен бағалауды жетілдіру жолдары қарастырылған.

Сондықтан елімізде табиғатқа қарым-қатынас, оны сақтау мен қорғау жөніндегі адамдардың құқықтары мен міндеттері ҚР конституциясында, ҚР Білім Заңында, ҚР экологиялық кодексінде нақты берілген.

Бұл заңнамалық құжаттарда экологиялық білім  беру мен ағарту жұмыстарына мемлекеттік қолдау көрсетудің жалпы педагогикалық бағыты айқындалған:

- экологиялық білім беру мен ағарту жұмыстарының оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік негіздерін жетілдіру;

- қоршаған ортаны қорғау саласында білікті мамандар даярлау, тұтас экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі үздік отандық және шетелдік инновациялық педагогикалық әдістемелерді жетілдіру;

- Қазақстан Республикасы халқының экологиялық білім беру мен ағарту жұмыстарында нәтижелі болуына мүмкіндік беретін интеграцияланған шешімдер жинақтарын, ойын, иллюстрациялық, анықтамалық және басқа да материалдар түрлерін қамтитын практикаға бағдарланған модульдерді жасау;

- мамандандырылған ұйымдар базасында қоғам мен отбасында экологиялық бағыттағы бағдарламалар мен іс-шараларды жүзеге асыру,  климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы мамандарды даярлау;

- жұртшылыққа климат өзгеруінің болжамды техногендік әсерлері, әсер етуі, мұндай жағдайларда адам мен қоршаған ортаның осал тұстары және климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шаралар туралы хабар беру.

Экологиялық білім беру қажеттілігі – қоғам мен табиғат арасындағы күрделі қатынаста адамды табиғатты өзгертіп әсер етуші субъект, әрі сол іс-әрекетінің жағымды және жағымсыз нәтижелері өзіне қайта айналып соғатын объект ретінде қарастырылуы. Экологиялық білімді көпқырлы білім десек, ол қоғаммен, мәдениетпен, әлеуметтік-қоғамдық санамен тығыз байланысты.

Экологияның интегралды сипаты оның жаратылыстану ғылымымен қатар экономика, тарих, құқықтану, саясаттану, мәдениеттану және гуманитарлық ғылымдарымен де тығыз байланысты екендігін көрсетеді. Көптеген ғалымдар оның осы ерекшелігін негізге ала отырып, экологиялық құзыреттілік ұғымын түрлі тәрбие элементтерінен тұратын, өзара тығыз байланысқан жүйе ретінде қарастырады. Экологиялық құзыреттіліктің қалыптасуы мен дамуы аса күрделі процесс, ол заң, саясат, ғылым, өндіріс, өнер, мен білім беру салалары бірлесіп үйлесімді жұмыс жасағанда жүзеге асырылады.

Ал, экологиялық құзыретті тұлғаны қалыптастырып, әрі дамытудың мәні мен мағынасын ашуда А.А. Горелов, әлемдік деңгейде орын алып отырған экологиялық кризистің басты себебі, адамның қоршаған ортаға тұтынушы ретінде қарауы, екендігін айта келіп, осы дағдарыстан шығудың бірден-бір жолы сүйіспеншілікке толы шығармашыл тұлғаны  қалыптастырудың маңыздылығын көрсетеді. Адамның табиғи ортасыз өмір сүре алмайтыны анық болғандықтан, экологиялық қарама-қайшылықтарды шешу тек адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты үйлесімді жүргізу арқылы ғана мүмкін екендігін айта келіп, бірнеше деңгейде: табиғатты өзгертуші, танымдық және жеке құндылықтың бағдарлануы арқылы жүзеге асырылуы керектігін көрсетеді.

1990 жылдан елімізде экологиялық білім мен тәрбие беру мәселелерін шешуде, «табиғат-адам-қоғам» туралы ғылым негіздерін жаңа қырынан меңгертудің мазмұнын, әдістемелік мәселелерін дамыту жолдарын ұсынған отандық ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өтуге болады.

  Жоғары білім беру жүйесінде болашақ эколог-мамандар даярлаудың негізі Ә.С.Бейсенова, М.Н.Сарыбеков және т.б. ғалымдардың еңбектерінен бастау алып,  химия-биология мамандарын экологиялық білім беруге даярлауда Қ.О. Шайхеслямова, Э.Ж. Әлімқұлова, З.С. Даутова, Б.К. Әміралиев т.б. ғылыми теориялық әдістемесін даярлады. Болашақ педагог мамандардың экологиялық білім беруге дайындығын қалыптастырудың педагогикалық шарттарын Ж.К. Тлешова, А.Ш. Шокановалар негіздеді. Ш.К. Бакирова және Э.О. Сағындықова педагогикалық жоғары оқу орындарындағы болашақ маманның экологиялық мәдениеттілігін тұрақты дамыту контекстінде, экологиялық құзыреттілікті - экологиялық білім, адамгершілік-эстетикалық сезім, экологиялық іс-әрекет қатынасының интегралды жиынтығы ретінде зерттеді. Осы тұрғыда З.Е. Сыздықова экологиялық мәдениетті тұлғаны қалыптастыруда оқыту үдерісіндегі инновациялық технологияны қолданудың тиімділігіне  үлкен мән берді. Қазақстандағы экологиялық білім беру жүйесінің қалыптасуы 1-кестеде  ұсынылған.

  Кесте 1 - Экологиялық білім беру жүйесі

1999 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында білім беру саласындағы мемлекеттік саяси принциптердің бірі ретіндегі «Білім берудің ғылыми сипаты, құқылық, экологиялық бағыты» туралы 3-бабы және «Мектептен тыс тәрбие беру және оқыту» туралы 14-бабы заман талабына сәйкес экологиялық тәрбие мен білімнің қоғам өміріндегі маңызы мен рөлі артып отырғанын дәлелдейді.

Жоғарыдағы мемлекеттік құжаттарда болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық негіздері көрсетіліп, биологиялық алуан түрлілікті сақтау мен табиғатты ұтымды пайдалануға бағытталған іс-шаралар белгіленген, нақтырақ:

– мектепке дейінгі ұйымдарда, сондай-ақ арнаулы орта және жоғары оқу орындарында экологиялық білім негіздерін міндетті түрде оқыту;

– басшы қызметкерлер мен мамандардың кәсіби экологиялық даярлығы және қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар негізінен білімі болуы;

– қоршаған ортаны қорғау саласынан ғылыми зерттеулердің, тәжірибеде конструкторлық және практикалық енгізу жұмыстарының мемлекет тарапынан қолдау табу мәселелері және т.б.

   Экологиялық тәрбие мен білім беруді отбасынан, мектепке дейінгі ұйымдардан бастап жүргізіп, балалардың экологиялық мәдениетін, болашақ мамандардың экологиялық құзыреттілігін дамыту бағытында Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің мамандары мәселе төңірегінде көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп,  ата-аналарға, балаларға, мамандарға арнап әдістемелік кешендермен, әдістемелік құралдар, оқулықтар мен оқу құралдарын шығарды.

  А.Е.Манкеш мектепке дейінгі білім беру сатысы бойынша «Қоршаған ортамен таныстыру негізінде экологиялық тәрбие беру» мәселесінен ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, балаларға ерте жастан адамгершілік; эстетикалық; еңбек әрекеті арқылы экологиялық тәрбие берудің ғылыми-теориялық негіздерін айқындап, практикалық тұрғыда ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынуымен, (2003-2009-2012-2017-2020жж) «Қоршаған ортамен таныстыру». «Экология негіздері» тақырыбында оқу-әдістемелік кешендер дайындап, «Алматыкітап» баспасынан екі тілде және жоғары оқу орнының білім алушыларына арналған «Экология» оқу құралы мен «Экологиялық білім берудің теориясы мен әдістемесі» және т.б. оқу құралдарын шығарған.

  Н.С.Сайлауова «Балабақшадағы мектепалды топ балаларының бастапқы экологиялық мәдениет негіздерін қалыптастыру» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, мектепке дейінгі ұйым балаларының экологиялық мәдениетін қалыптастырудың бағдарламасын ұсынып, ата-анаға, балаларға арнап «Балабақшадағы мектепалды топ балаларының бастапқы экологиялық мәдениет дағдыларын дамытуд» тақырыбында бірнеше әдістемелік құралдар дайындаған. 

  А.Ж.Жакупова «Болашақ мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің экологиялық құзыреттілігін дамыту» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, нәтижесінде: «Экологиялық құзыреттілік» тақырыбында оқу-әдістемелік құрал; «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығына «Экологист» экоклуб бағдарламасын дайындады. Қазіргі кезеңде Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру аясында ЖТН АР25795211 «Жасыл балабақша» тұжырымдамасы бойынша: «Мектепке дейінгі ұйымдарда интеграцияланған экологиялық білім беруді ендіру» - жобасы негізінде жұмыс жүргізуде.

Жалпыға бірдей экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсат-міндеттері мен бағыттарын республикамыздың үздіксіз білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр. Қазіргі кезеңде,  мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықта жастардың табиғатқа жауапкершілік қарым-қатынасын қалыптастыруды, экологиялық тәрбие, білім мазмұнымен жаппай қамтуды және оны сабақтастықта жүргізуді міндеттейді.

Сол себепті, қоршаған ортаны қорғау – әлеуметтік табиғи түзілім ретінде, сабақтастық тұрғысынан құрылымның жекелеген бағыттары  айқындалды:

-  экологиялық сана

-  экологиялық қарым-қатынас;

-  экологиялық қызмет;

-  экологиялық эмпатия;

-  экологиялық мәдениет;

-  экологиялық құзыреттілік

Экологиялық сана – адамның, қоғамдық тарихи даму процесінде табиғатпен қарым-қатынас туралы қалыптасқан ғылыми-практикалық білімнің жиынтығы. Әрбір жеке тұлғаның экологиялық санасы оның  өмір сүрген қоғамдық ортасына, халықтық салт-дәстүріне, алған тәлім-тәрбиесіне тәуелді.

Экологиялық қарым-қатынас – адамның табиғатты танып білуге, оны қамқорлыққа алуға, өзгертуге және сақтауға бағытталған танымдық көзқарасы немесе қарым-қатынасы, ол адамның қоршаған ортаны танып білуімен, меңгеруімен, өзгертуімен және сақтауымен сипатталады.

Экологиялық қызмет – бұл «адам-табиғат» экожүйесінде өмір сүруді жақсарту үшін, әлеуметтік-экологиялық шараларға қатысуға мақсатты бағытталған белсенді іс-әрекеті, табиғатты қорғау, сақтау, қамқорлыққа алу бағытындағы қызметтің маңызды бөлігі.

Экологиялық эмпатия – табиғат тіршілігінің бір бөлігі ретінде, өзін қоршаған объектілерге (жанды, жансыз табиғатқа) деген жанашырлық сезімі, басқа адамның, заттың, құбылыстың эмоционалдық күйін түсіне алуы М.Жұмабаевтың пайымдауынша «…табиғаттағы сұлу нәрсеге сүйініп, көріксіз нәрседен жиренуіне, жақсылыққа ұмтылып, жаман әрекеттен тыйылуына көмек көрсетуі»- делінген.

Экологиялық мәдениет - «адам-табиғат-қоғам» жүйесіндегі заңдылықтарға сәйкес табиғатты танып білу, пайдалану және жақсартумен байланысты трансформациялық білімі, білік, дағды және іс-әрекет жиынтығы.

Экологиялық құзыреттілік - экологиялық білім міндеттерін шешудегі интеграцияланған кәсіби-тұлғалық қабілеті және экологиялық құндылықты-бағдарланған жеке басының көрсеткіштері.

Сонымен, экологиялық саналы тұлға– қоғамдағы барлық адамдардың өздерінің  табиғатпен тікелей байланыстылығын (экологиялық сауаттылық), биосфера заңдылықтарын сақтаудың қажеттілігін (экологиялық мәдениет), қоршаған ортаның тұрақтылығын жеткілікті қамтамасыз етуді ұғынудың (экологиялық қызмет) жоғары деңгейі экологиялық құзыретті тұлға болып табылады. Сонымен, экологиялық құзыретті тұлғаны дамытудың негізгі идеясы – адамның табиғатпен ажырамас байланысын, адамның табиғатқа тәуелділігін, құрметтеу мен сақтау.

Ұрпағына тағылымды тәрбие беруді мақсат еткен халқымыздың қоршаған ортаға деген ізгілікті қарым-қатынасын, өмірлік тәжірибесі мен ұстанған қағидасын кейінгі жастарға мұра ретінде жеткізудің маңызы артып отыр. Ал, экологиялық мəдениеттің қайнар көзі халықтың ғасырлар бойы - табиғатты аялау, оған ұқыпты қарау, қорғау мен үндестікте өмір сүру жəне оның байлығына деген есепті қарым-қатынас.

 Адамзатты бақытқа жеткізетін ғылым деп тұжырымдаған ғалым, Шығыс ойшылы әл-Фарабидің физика саласындағы мұрасында табиғат құбылысын оның өзінің табиғи заңдылықтарына сүйене отырып талдайды. Ол: «…табиғатты түсініп, білмейінше мақсатқа жету мүмкін емес», – дей келіп, тіршіліктің нәрі-табиғаттың сырын ұғыну қажеттігін ескертеді

  ХҮ ғасырда дүниеге келген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты ғылыми еңбегінде, «Адам табиғатсыз тіршілік ете алмайды, табиғат адамды қайырымдылыққа тәрбиелеп, денсаулық, шығармашылық шабыт сыйлайды-деп көрсетілген. Табиғат адам баласы үшін тек күнкөріс көзі, тіршілік ету нысанасы ғана емес, оның тірілуі, көгеруі, жемістенуі адам болмысында құлшыныс тудырады, сезімін оятып, бойын сергітеді. Сол үшін де қазақ халқы табиғатпен тікелей араласып-құраласып, жер байлығын, аң мен құсын, орман-тоғайын, өзен-көлін құртып жібермей аялап-әлпештеп, өздерін қоршаған табиғаттың бәрін «жанды» деп санады.

Халықтық экологиялық ұғымдар табиғатқа қамқорлық жасап, табиғат байлықтарын ұқыпты пайдаланумен бірге баланың жеке басын дамытып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға негізделді. Жер ананы қорғауға арналған «жерге жамандық жасама», «топырақты шашпа» және т.б. тыйым сөздер жер ананы аялап, жер қадіріне жете білуге тәбиелеген. Ал, адам өмірінің нәрі, тіршілік пен күнкөрістің сәні суға байланысты айтылған «су ішкен құдығыңа түкірме», «ағын суды лайлама» деген сөздері суды, су көздерін бағалай білуге үндейтін тәлім-тәрбиелік мәні жоғары ұғымдар.

Халқымыздың табиғатпен етене жақындығы, оған деген аялы қамқорлығы әр отбасында сәби құлағына, ана әлдиі арқылы жететін «Ботам, құлыншағым, қара орманым, аспандағы жұлдызым, маңдайдағы құндызым»  деген теңеулерден де анық көрінеді. Ал, «Өркенің өссін, көсегең көгерсін», «Бір ағаш кессең, он ағаш отырғыз», «Ағаш ексең аялап, басыңда болар сая бақ» деген теңеулер отбасындағы өсімдік әлемімен үндес келетін тәрбие бастаулары. Отбасындағы жиі айтылатын тыйым сөздер баланы жаман әдет пен іс-әрекеттен бойды аулақ ұстауға баулып, болашақ ұрпақты ізгілікке,  имандылыққа тәрбиелейді.

Қазақ халқының салт-дәстүрінде табиғатпен тікелей араласу өзінің әлеуметтік-тарихи тыныс-тіршілігі болып қалыптасқан. Сондықтан да табиғатты аялап, аң мен құсын қадірлеп, киелі санап, «обал» мен «сауаптың», «ынсап» пен «қанағаттың» байыбына жетіп, тәрбиенің терең тағылымдық үлгісінен сабақ алып, өзен-көлдерін ластамағаны белгілі.

Ш.Уәлиханов  қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттей келіп, «Табиғат ғажап, табиғаттан құпия тіршілікте не бар» - дей келіп, табиғат киесін ерекше қастерлеп, табиғатқа жақын болу қазақ баласына құт-береке, мол ырыс, байлық әкеледі- деген тұжырым жасаған.

Күнделікті отбасында қолданылатын «сүтті жерге төкпе», «тұзды, нанды аяққа баспа», «бұтақты сындырма», «гүлді үзбе» т.б. тыйым сөздер жаман әдет, жағымсыз іс-әрекеттен бойды аулақ ұстауға дағдыландырады. Ал, «өрмекшіні өлтірме», «аққуды атпа», «балалы үйрекке оқ атпа» және т.б. тыйым сөздер жануарлар дүниесін қорғауға, олардың адам баласы үшін ерекше маңыздылығын білдіріп, баланы ізгілікке, имандылыққа тәрбиелеп, туған жердің табиғатын аялап, қадіріне жету жөніндегі ұғымдарды бекітеді. Отбасында ерте жастан берілетін мұндай экологиялық тәрбие бастаулары экологиялық мәдениетті баланы қалыптастыруға мүмкіндік береді.  

Экологиялық  мәдениетті баланы  қалыптастырудағы бірінші, әрі маңызды міндет экологиялық сауатты болуы және оны күнделікті өмірде пайдалана білуі. Сонымен, экологиялық білім берудің мақсаты қоғамның моральдық ұстанымдары мен құқықтық нормаларынан туындайтын, қоршаған ортаға жауапкершілік қатынас сипаттағы мәдениетті қалыптастыру ол біріншіден білім; екіншіден дағды; үшіншіден жауапкершілікті экологиялық қауіпсіздік. Ал, өзі тіршілік етіп отырған, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын толық түсініп, ондағы болып жатқан қандай да бір күрделі мәселелерге ғылыми көзқараспен бағдарлай алуы тұлғаның экологиялық құзыреттілігі болып табылады. Демек, адамның табиғатты өз үйі, оның тіршілік ету ортасы ретінде түсінуі; жаратылыстану туралы білімдерінің жиынтығы, табиғат пен адамның өзара әрекеттесу заңдылықтарын білуі; табиғатты қорғау іс-әрекетіне қабілеттілігі бұл дегеніміз - «Таза қазақстан» республикалық акциясы негізіндегі экологиялық мәдениетті бала мен құзыретті тұлғаны дайындауға бағыт-бағдар беретін негізгі ұстанымдар болып табылады.

  ХҮІІІ ғасыр әдебиетіндегі көрнекті тұлға Бұқар жырау қазақ халқының көшпелі тұрмыс-тіршілігіндегі қоныс мәселесін, табиғат құбылысына сәйкес:

Айналасын жер тұтқан,

Айды батпас демеңіз.

Айнала ішсе таусылмас,

Көл суалмас демеңіз – деп табиғатта да адам болмысындағыдай өзгерістің болатындығын айта келіп, ел мен жердің байлығын кейінгі ұрпаққа суы тұнық, шөбі шүйгін қалпында қалдыруды аманат еткенін жыраудың әдеби мұрасындағы жан айқайы деп  білеміз.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық

педагогикалық университетінің

профессоры, п.ғ.д. Манкеш А.Е.

Еще по теме

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ НЕГІЗІНДЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТТІ ТҰЛҒА - Yvision.kz