Ташкенттегі Таңсықбаев музей-үйі

Осымен екінші рет Нөкіске жол түсіп, атақты И.В.Савицкий атындағы Мемлекеттік өнер музейіне бір күнімді арнадым. Мұнда Өзбекстанның сурет картиналарының мол қоры жинақталған. Оның ішінде, Орал Таңсықбаевтың картиналары да бар. Және, Таңсықбаев тұлғасымен байланысты оның Ташкенттегі музей-үйіне баруды бұрыннан жоспарлап жүрген едім. Осы жолы сәті түсті.

Қарақалпақстан астаны Нөкіс қаласында орналасқан "Шығыс Луврі" деген атаумен белгілі музей қала орталығында тұр, шаһардың басты туристік нысандарының бірі десек те болар. Жалпы, Таңсықбаев туралы білеміз, дегенмен, оның тұлғасы туралы толықтыра кеткен жөн болар.

Орал Таңсықбаев 1904 жылғы 1 қаңтарда Ташкент шаһарында дүниеге келген. Көп балалы отбасыда туған Орал жеті жылдық мектепті бітірген соң, анасына көмектесу (әкесі қайтыс болады) мақсатында шарап зауытына жұмысқа тұрады. Ол осында жүріп сурет сала бастайды. Бұл кезеңдегі суреттері портрет жанрында белгілі.

Сөйтіп, балаң жігіт 1923-1927 жылдары Ташкент өнер музейі жанындағы студияды оқып, білімін шыңдай түседі. 1928 жылы Орал Таңсықбаев Пенза көркемөнер училищесіне оқуға түседі және онда бір жыл оқиды. 1929 жылы Орал постимпрессионизм мен кубизмді игере бастайды. Әу баста, портретист, одан соң Ташкенттегі орыс авангардистерінің мектебінен өткен Таңсықбаев дегенмен 30 жылдары әртүрлі тәсілдерді қолданып көреді.

Кейде шығармашыл адамның сурет салуға берілгендігі сондай өзімен өзі болады. Бірақ, Таңсықбаев көпшіл болған деседі. Табиғат аясына да жиі шығып, ағаштан түйін түйіп, бау-бақша өсіргенді ұнатады екен.
1937 жылдың салқыны да оны айналып өтпегенге ұқсайды, мен тіпті бір-екі картинасынан Ашаршылық тақыбырының ("Сүт сатушылар" деп аталады) ізін көргендей болдым. Сөйтіп, соцреализм тақыбырына келеді. Ал, 50-60 жылдары туған даласын, туған өлкесін көбірек бейнелейді. Еңбегі де елеусіз қалмай 1958 жылы Брюссельде өткен Әлемдік көрмеде күміс жүлдеге ие болады. Айтқандай, 1934 жылы Мәскеу мен Филадельфиядағы өнер көрмелеріне қатысқаннан соң Өзбекстан колористерінің басшысы ретінде таныла бастайды.

Ол Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында туғанын жоғарыда айттық, ал, қайтыс болған жері Қарақалпақстан астанасы Нөкіс қаласы. Барлық саналы ғұмырын Өзбекстанда өткізген Орал Таңсықбаев тарихи отанымен байланысын да үзген жоқ. Мысалы, 1938 жылы Қазақ опера және балет театрының алғашқы балет қойылымдарының бірі - "Қалқаман-Мамыр" балетінің театр суретшісі болды. Алматыға жиі келіп тұрды, бір уақыт Алматы түбінде қоныстанды. "Алматыдағы қыс", "Медеу мұзайдыны" сияқты картиналарын салды.

Орал Таңсықбаевтың жұмыстары Мәскеу, Нөкіс, Ташкент, Алматы қалаларындағы музейлерде тұр.
Таңсықбаев Өзбекстанның алғашқы станковист суретшісі, өзбек живопись өнерінің негізін қалаушылардың бірі, сценограф.
Ал, мен барған Ташкенттегі оның музей-үйінде 400 шақты картинасы жинақталған. Сәті түссе Сіз де барыңыз! Кіру тегін.
Суреттер Орал Таңсықбаевтың Ташкенттегі музей-үйінде түсірілді. Мұнда тұтынған заттары, сурет салу құралдары, бақшасы, сурет галереясы сияқты дүниелер бар.
#Орал Таңсықбаев
#Ташкенттегі музей-үйі