Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ТАРИХЫН ТАНУ – ТАҒЫЛЫМДЫ ІС

«Ойды ой қозғайды» деген аталы сөздің мағынасын абайтанушы-ғалымы Мекемтас Мырзахметұлының «Ел қалай орыстандырылды» еңбегін оқыған соң түсініп, халқымыздың тарихы жайлы еңбектерге қызығушылығым арта түскен болатын. Соның нәтижесінде біршама еңбектерді оқып, көптеген жұмбақтардың шешімін тапқандай едім. Дегенмен, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқығаннан кейін ойымды ой қозғап, қазақ тарихының жасанды бұрмалауға ұшырауы жайлы ойымды ортаға салуды жөн көрдім.

Кешегі күнге дейінгі зерттеулер мен мектеп қабырғасында оқыған тарих сабақтарына алған білімімізді ой елегінен өткізіп қарасақ, кеңестік тоталитарлық коммунистік саясат пен түркітанушы ғалымдардың біршама еңбектерінде Ұлы Даланы мекендеген халықтың бәрін «иран тілді мәдени ортаның ықпалын көрген халық», сондықтан олар «иран тілді», ол мүмкін болмаған жағдайда «финн-угор тілді» халықтар санатына жатқызылып, далалық түркілерді «түркі текті» болғызбау үшін тарихымызды жоққа шығарыпты. Еуразия кеңістігін мекендеген көшкінші халықтардың қай-қайсысының да тегін «түйіні шешілмеген мәселелер» қатарына жатқызып келіпті. Оның себебін көшкіншілердің ежелгі тарихына қатысты нақты жазба деректің жоқтығынан, болмаса тапшылығынан деп, араб жазуымен жазылған шығармаларды діни мұралар қатарына жатқызып, оқуға тыйым салыпты, қолына түссе от құшағына орапты. Кейбір елдердегі жазбаларды да оқуға тыйым салып, оларды шаң астына көміп тастағаны да мәлім болып отыр. Түптеп келгенде, отырықшы елдердің осындай таным-түсінігі арқылы түркі дүниесі жоққа шығып, болмысы бұрмаланған, «жабайылар», «тағылар» деген тұрпайы, жалған ойлары ғылыми тұжырымдамаға негізделген еуроцентристік және үндіеуропалық догманың шығуына әсер етіпті. Соның салдарынан көшпелілердің ежелгі тарихына қатысты «ақтаңдақтар» мен «шешілмеген шиелі түйіндер» пайда болыпты. Тіті, өзге елдің ғалымдары көптеген мұрамызды өзгенің еншісінен іздеп, жалған долбарға құрылған ғылыми болжамның түр-түрлері ғылыми айналымға енгізіпті. Алғашында Рус жерінен бастау алып, бүкіл Еуропаға жайылған жазба деректерде Ұлы Дала халқын мәдениетсіз, өте тұрпайы, жабайы ел санаған.

Еуропалықтар көшпелілерді танып-білуде көбіне ғылыми түсініктен гөрі, қияли ой мен діни болжамға беріліп, көп жағдайда асарасілтеушілікке салыныпты: шектен шыққан жерлері де, ойдан шығарылған жалған әңгімелері де, тіпті, мифтері де болған. Сол мифтік әңгімелер Еуропа үшін Ұлы Дала елінің халқын қиялдан жасалған халық деп тануға әсер еткен. Сол үшін көшпелілер мен олар тұрған өлке туралы алғашқы деректер дұшпандық әлем болып танылып, оның тұрғындары қиял-ғажайып әрі таңғажайып халық ретінде суреттелген.

Кезінде «Мәңгілік ел» құруды мақсат етіп, көнбегенін қолымен, көнгенін жолымен жөнге салу үшін дүниені дүр сілкіндірген Далалық түркілердің еуропалық пен русьдердің зәресін ұшырғаны, жалпы адамзаттық өркениет көшінде этносын сақтап қалу жолындағы күресі, олардың іргелі мәдениет қалыптастыра білгені, бүкіләлемдік өркениеттің алдыңғы сапында тұрғаны жоққа шығарылып, шынайы тарихы бұрмаланыпты. Мақсаты – өздерінің үш ғасырдан аса түркі жұртының қамытын киіп, боданы болғанын жоққа шығару болыпты. Соның нәтижесінде XVIII ғасыр басындағы русоцентризм өкілі Ресей мен азияцентризм өкілі Қытай империясы қалмақтармен одақтаса отырып қазақтың жерін жаулап алып, біржола жою мақсатындағы геноцидтік саясат жоспары қолға алынады. Профессор М.Мырзахметұлының еңбегіндегі деректерге қарағанда, 1897 жылғы жүргізілген санақ пен соңғы санақ арасында өзбектер 12,36 есе, түркімендер 5,6 есе, қырғыздар 5,7 есе, тәжіктер 4,5 есе, ұйғырлар 6 есе өскен. Яғни, түркі халықтары ішінде қазақ, ноғай, қырым татарларынан басқалары өсу мен эволюциялық даму үстінде болған. Басқа түркі халықтары тұрақты түрде көбейіп отырғанда, осы үш халық Кеңес дәуірінде жыл сайын азайып, кеми берген. Бүгінгі далалықтар бір кезде үрейін ұшырып, ошағына ойран салған, тыныштығы үшін салық алған елдің ұрпағы екенін білген русоцентризм өкілі Ресей мен азияцентризм өкілі Қытайға еуроцентризм өкілі Еуропа қосылып, үш бірдей эгоцентризм қазаққа «көшпенді», «жазу-сызуы болмаған мәдениетсіз ел», «жабайы халық» деген айдар таққан, біржола жою жоспарын түзген. Соңғы кездегі зерттеулер нәтижесіне қарағанда, қазақтарды шоқындыру 1902-1916 жылдар арасында жүзеге асып, 1941 жылдың соңына дейін біржола жою жоспары түзілген. Бағынбағандарды қырып салу үшін Түркістан уәлаятында жазалаушы әскерлер де дайын тұрыпты. Патшалы Ресейдің бұл жауыз пиғылын 1905 жылғы орыс-жапон соғысы, 1914 жылғы I-ші дүниежүзілік соғыс, 1917 жылғы Қазан төңкерісі мен 1941 жылғы Ұлы Отан соғысы жүзеге астыртпай тастаған. Дегенмен, отаршыл жүйе өзі жаулап алған ұлтты жоюды оның тарихын бұрмалаудан бастайды. Сол үшін қазақтың тарихы кеңестік дәуірде отаршыл саясат, таптық идеология мен эгоцентризмдік қағидалар тұрғысынан зерттеліп, ұлт-азаттық күресі «бүлік», қатысушысы «бүлікші», «тонаушы», «қарақшы» атанған. Жазылған жазбалардың өздеріне тиімді жағын ғана көрсетіп, тиімсізін отқа жақтырған, кейбірі «танылмаған жазулар» деген айдармен жойылған. Тарихқа қиянат жасаған: тарихи деректер бұрмаланған, жалғаншылық етек алған.

Дегенмен, осындай өрескел қателікті бұлтарғысыз дәйекпен қапысыз айқындап беретін, ежелден келе жатқан іргелі ел екенімізді айғақтайтын көне жәдігерлер өз елімізде болмаса да, өзге елдерден табылып жатыр, жарияланып жатыр. Ол деректер көшпелілер, соның бірі қазақ халқы «VІ ғасырда пайда болған халық» емес, тамыры тереңге кететін, тарихи бояуы қалың, әрі жер бетіне өркениет ұрығын алғашқылардың бірі болып сепкен текті халықтың бірі болғанын дәлелдеп жатыр. Еліміздің Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған жоғарыда аталған мақаласында: «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен әлде 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түркі қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген», – деп мақтанышпен әрі нық сеніммен айтуы да жоғарыдағы ойымыздың бір дәлелі. Демек, бүгінгі күннің өзекті мәселесі өз тарихымызды шынайылық тұрғыдан тану, оны келер ұрпаққа қайта қалпына келтіріп, қаймағын бұзбай беру – бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірегейі болып отыр. Сондықтан кейінгі ұрпаққа «тарихын танудың тағылымды іс» екенін ұғындыру біздердің борышымыз әрі міндетіміз деп білемін.

0
0
118

Еще по теме

ТАРИХЫН ТАНУ – ТАҒЫЛЫМДЫ ІС - Yvision.kz