Перейти к содержимому

Такси "жыры"

Астанадан Самарқандқа тікелей әуе рейсі ашылғанын және оның қызметін пайдаланғанымды жаздым. Айтқандай, өзбек лоукостерлері мықты жұмыс істеп жатыр. Енді, Ташкентке Қостанайдан да жетуге болады. Ал, неге Самарқандты таңдадым дейтін болсам, біріншіден, Ташкент арқылы Астанаға кері қайтуды жоспарладым, екінші, уақыт үнем, Самарқандқа - "Шығыс ертегісіне" бірден топ ете қалдық.

Әуежайда жергілікті телефон симкасын орнатып алған соң (бір айға 6 мың теңге), сыртқа шығып, Яндекс-таксиге тапсырыс беріп, қонақ үйге жетпекші болдық. Әдетте, Қазақстанда Яндекс емес, Индрайверді қолданамын. Оның себебі Индрайвер Қазақстан компаниясы және бағасы Яндекске қарағанда арзандау. Сыртқа шықсақ, қаумалаған такси жүргізушілері: "жеткізіп тастайын, "почти" тегін және жеке қандай қажеттіліктеріңіз бар?" деп мазаны ала бастады, ақшаны да ауыстырып береміз дейді. Өз басым осындай жайтты ұнатпаймын. Қасыңа келіп, сөйлесіп, "құлақтан теуіп" жатыр. Таң қалатын ештеңе жоқ, Астана әуежайы да оның ар жағы, бер жағы. Сонымен әрірек тұрып, такси шақырттым. Яндекс-такси жүргізушісі тез алып кетті. Самарқанд әуежайы мен қонақ үй арасы едәуір жер. Жаңбыр жауып тұр, күн бұлыңғыр, салқындау. Оның үстіне кептеліс. Жеттік-ау, дегенмен, біздің таңдаған қонақ үйіміз әйдік дуал ішінде екен де мекенжайы көрсетілгенмен таба алмай тұрмыз. Жүргізушіміздің адамгершілігі мықты екен, қонақ үйге қоңырау шалып: "меймандарыңыз келіп тұр" деп өз уақытын шығындап, тосып тұрды. Мейманханадан жүгіріп бір қыз келіп, бізге жол көрсетті. Жаңбыр құйып тұр, оған да разы болдым: "мекенжай көрсетілген, әні тұр?" десе не айтасыз? Сонымен заттарымызды қойып, қонақ үйге орналастық, уақыт түскі ас кезінен асып кеткен. Мейманхана иесі жергілікті тұрғындар ас ішетін дәмханаға дейін әкеп тастады. Самарқандағы алғашқы күніміз осылай басталды. Айтқандай манағы такси бағасы - 25 000 сум, біздің ақшамен есептесек 967 теңге. ал, осы аралыққа Астанада менен 6 000 теңге сұраған.

Қала ішінде алыс қашықтықтар болмаса таксиді көп пайдаланбадым, бағасы әрі кетсе 20 000 - 40 000 сум арасы болар. Оның өзінде қонақ үйден вокзалға дейін сәл қымбаттау, арзан болатын себебі бірінші бәсекелестік көп, екінші көліктеріне газ қойдырып алған. Барлық жерде осылай.

Самарқанда дәмхана, Регистан аумақтарынан, оның өзінде қонақ үйден тым алыстап кеткендіктен ғана такси қызметін пайдаландық. Жүргізушілердің артық сөзі жоқ, өз басым орысша-қазақша, арасында білген өзбекшемді араластырып сөйлей беремін. Такси де ұнады, жүргізушілері де жақсы, бағасы да көңілге қонымды, көбінесе кішірік такси алдым, бастысы жету емес пе?

Екі күнімді Самарқандқа арнап, таңғы 5.37 сағатта жүретін Самарқанд-Бұхара поездына отырдық. Таңғы 8.33 уақытта Бұқарада болдық. Алдында ҚР Президенті Өзбекстанға келген еді, барлық жерде қазақ-өзбек байрақтары, безендірілген, Самарқандтың көшелері әсем және кең, жүйткіп отырып, вокзалға келіп, Бұқараға жеттік. Вокзалында айналшықтаған жүргізушілер, біреу келіп: "жезде, жезде" деп қоймайды, басқа жолаушылар: "осыған міне берейік" дейді. Яндекс-таксиді шақыра салайық десем, қызық көріп тұр әлде іші-бауырына кіріп елжіреп тұрған соң жандарына жақын қабылдады ма? Жолда сақтық керек. Сонымен бұл таксиге отырдық. Бағасы 25 000 сум. Қонақ үйге жеткенше нотация оқыдым, біріншіден: "жезде деп жақын адамдарға айтады, ал, сен маған апаңызды беріп пе едің?" деп басын қатырдым. Жоспары, қаражат табу ғой, бәріміздің де ақша тапқымыз келеді, бірақ, өз басым осындай орысша айтқанда "навязчивый сервисті" ұнатпаймын. Өзі қашқандай әлек болды, қонақ үйге орналасып, Бұқараның тарихи жерлерінде тук-тукпен де жүрдік, бірақ, өз басым қызметін пайдалануды ұсынбас едім, қымбат алады, бетіңе қарап тұрып, бағаны өсіре салады. Яндекс-таксиде кесімді баға ғой, Бұқара шәріпте де такси қызметін пайдаландық. Жүргізушілер әртүрлі, дегенмен, меймандарға ықыластары жақсы, көбі Қазақстанды біледі, Қазақстанда болған не Қазақстан арқылы Ресейге өткен.

Бұқара шаһарында бір күн қонып, таңғы 5.42 шамасында Үргеніш бағытына поездға отырдық. Айтқандай, бұл екі поезд да Афросиб сияқты емес, бірақ, іштері таза, кең һәм жайлы, әсіресе, екінші қабатқа шығатын кездегі, аяқ тірейтін тұтқасы ұнады.

Үргеніштің вокзалына түсіп жатсам, хормен ән айтқандай бірдеңе, шу. Бұл не деп ойлап қоямын, сөйтсем, мұнда да қызметін ұсынып жүрген такси жүргізушілері: "Бируни, Хиуа" деп айқайлап жатыр екен. Қасымдағы кісілер де қызық: "Хиуаға дейін осы таксидің бірін ала салайық" дейді. 35 шақырым жерге 80 000 сум, яғни 3093 теңге сұрап тұр. Жарайды, бірақ, бұл жүргізуші қызық екен, тамақты үйден, тіпті дәмханадан ас ішкенде Хиуадан емес, Үргеніште ғана ішеді екен. Айтқандай, Үргеніш Хорезм облысының (уәләятының) орталығы, ірі шаһар, өндірісті, оқу орындары көп, жастар қаласы. Жаңа шаһар, ескі құрылыстар жоқ деуге болады. Ескі Үргеніш, баяғы Хиуа хандығы заманындағы ескі Үргеніш Түркіменстан аумағында қалған. Ал, жалпы, салыстырмалы түрде айтсақ Хорезмнің орналасқан жері Қарақалпақстан мен Қазақстанға да жақын. Мұнда, өзге такси қызметін пайдаланған жоқпыз, өйткені қонақ үйіміз Хиуа шаһарындағы Ишан-қала аумағында болды. Тек, Нөкістан шақыртқан таксиіміз Хиуадан алып кетті. Жолай Шылпық пен Қыпшақ ауылына тоқтадық. Хиуадан ақша үнемдеу үшін такси не троллейбуспен Үргенішке жетіп, Нөкіске қайта такси ұстауға болады. Бәрі де келісуге байланысты, біз қымбаттау алдық, есесіне ол такси екі күн алып жүруге келіскен еді, алайды жаңбыр болып не Миздакханға не Ходжейліге (Қожа елі) жете алмадық.

Сөйтіп, Хиуада бір күн қонған соң, Әмударияны кесіп өтіп, таксимен 200 шақырымды артқа тастап, Нөкіске жеттік. Мұнда такси жүргізушісі жас бала: "Бауырлас Қазақстаннан келген екенсіздер деп, тегін апарайын" дейді, бірақ мен оған: "рахмет ниетіңе, ол сенің қызметің ғой" деп ақысын алмадық. Екінші жүргізуші, Мәскеуде жұмыс істейді екен. Ақтауда болыпты, жалпы, Қарақалпақстанның Маңғыстаумен байланысы жақсы болса керек. Бұл бауырымыз Ресейдегі мигранттар өмірінің небір жайттарын айтып берді. Бірді күлкілі, кейді мұң ұялатытындай жағдай. Бастысы оптимист жігіт екен. Нөкісте де такси қызметі арзан, баяғы Яндекс-такси, бәлкім басқа сервис бар болар, бірақ, 7-8 күнге болар оларды іздеп не қыламын, телефонымда Яндекс-такси қондырылып тұр, бағасы да қонымды, жеткізу, апарудан сұрақ жоқ. Жүргізушілері кішіпейіл, уақытында келеді.

Нөкістан соң Ташкент жүргізушілері өзгеше көрінді, басында түк сөйлемейтіндей көрінген. Айтқандай, Самарқандтағыдай жағдай Ташкент әуежайында да орын алды. Қаумалаған такси жүргізушілері, бірақ, Яндекс-такси аман болсын!

Бірінші жүргізушіміз қонақ үйге алып келіп, визиткасын берді: "көмек керек болса айтыңыздар, қайда апар дейсіздер, сонда апарамын" дейді, алайда, Яндекс-такси бар, бізге сол жетеді. Қаланың ана нысанына, мына мысанына барған кезде Яндекс-таксиге тапсырыс бердік, ең қымбаты шамамен 45 000 сум, яғни 1740 теңге шыққан болар. Бір ақсақал такси жүргізушісі сырттан келгендерді сыбап отырды: "қышлақтарынан келіп алып, жол жүру ережесін білмейді" деп кейіді. Кей кісілерде Стоколькм синдромы әлі бар екен? Не дейік, ондайлар Қазақстанда да баршылық. Әйел жүргізуші көлігіне мініп көрдім, еш проблема жоқ. Ташкент әйдік, реті келсе, метроны да пайдалануға болады, жолақысы бар болғаны 3 000 сум, яғни, 116 теңге. Автобус сияқты басқа көлік түріне мініп көрмедім. Қалай десек те Ташкент үлкен шаһар, сондықтан көбірек такси пайдалануға тура келді, жалпы, Ташкентке барғанда қонақ үйді негізгі нысандарға жақын маңнан алған жөн.

Айтқандай, мына такси жүргізушісінің қызметін пайдаланып, әңгімеден әңгіме шығып, жөн сұрасақ, осыдан 115 жыл бұрын ата-бабасы Айдаркөл жақтан келген екен, кейін Пайарық ауданы жағына тоқтапты. Ол: "түбімді білемін, бірақ руымды білмеймін, анам, әжем өзбек қыздары, қос халықтың достығы жасасын" деді. Біз де: "бауырлас халықтардың алыс-берісі, бауырмалдығы жараса берсін" деп тілегімізді айтып, таксиден түсе бердік!

#Такси #Өзбекстан #Amandyq Amirkhamzin

0
0
8630

Еще по теме