Табиғи апаттардың салдарын еңсеру: Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне пікір

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы көктемгі су тасқынының салдарын еңсеру туралы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтқан ұстанымын қолдайды.
- Президент су тасқындарының ел үшін үлкен сынақ болғанын, бірақ мемлекет төтенше жағдайларға жедел жауап беру қабілетін көрсеткенін атап өтті. Эвакуацияны ұйымдастыру, уақытша орналастыру пункттерінің жұмысы және әртүрлі құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкерін жұмылдыру адамдардың өмірін сақтап, шығынды азайтуға мүмкіндік берді. Бұл жетістік мемлекеттік органдардың, еріктілердің, бизнес пен қарапайым қазақстандықтардың үйлесімді әрекетінің арқасында мүмкін болды.
Президент айтқандай, мұндай апаттардан алынған сабақтар су ресурстарын басқаруға ұзақ мерзімді жоспарлау мен тұрақты көзқарас қажеттілігін көрсетеді. Жаңа Су кодексін әзірлеу, су қоймаларын салу және реконструкциялау, ирригациялық арналарды жаңғырту елдің болашақтағы сынақтарға дайындығын арттырады. Бұл бастамалар су ресурстары мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлауға да ықпал етеді.
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы «Өмір қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша бакалаврлар мен магистрлерді даярлай отырып, табиғи апаттарға тұрақтылықты арттыру бағытын толық қолдайды. Қауіп-қатерлерді тиімді басқаруға қажетті білім мен дағдыларға ие мамандарды даярлау осы саладағы ұлттық стратегияның негізгі элементі болатынына сенімдіміз.
Ұсыныстарымыз:
1.Табиғи апаттарды бақылау мен болжауды күшейту. Қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, су тасқыны мен басқа да табиғи апаттарды болжаудың дәл жүйелерін әзірлеу.
2.Білім беру бағдарламаларын дамыту. Мамандарды даярлау бағдарламаларына төтенше жағдайларды басқару және экологиялық қауіпсіздік бойынша курстар енгізу.
3.Еріктілер қозғалысының рөлін арттыру. Еріктілерді оқыту платформаларын құру және оларды табиғи апаттардың салдарын жоюға қатысуын күшейту.
4.Инфрақұрылымды жаңғырту. Су тасқындары кезінде бұзылуларды болдырмау үшін қорғаныс бөгеттерін, көпірлерді және басқа нысандарды салу мен жаңғыртуды жеделдету.
5.Халықаралық ынтымақтастық. Климаттың өзгеруімен күрес және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық бастамаларға Қазақстанның қатысуын арттыру.
Президенттің сөзі күрделі кезеңдерде қазақстандықтардың жоғары деңгейдегі ынтымақтастық пен өзара көмек көрсеткенін тағы бір мәрте айқындады. Дағдарыс жағдайында бірлікті сақтай білетін халқымызбен мақтанамыз.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы Қазақстанның табиғи және техногендік апаттарға төзімділігін арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға дайын. Бірлесе отырып, елдің қауіпсіздігі мен өркендеуін қамтамасыз ете аламыз.
Исанбекова А.Т., Хамитова К.К.