ТӘУЕЛСІЗІГІМІЗДІҢ ТАРИХИ ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала жариялады.
Президент өз мақаласында сонау ата-баба аңсаған тәуелсіздікке жетуіміз, еліміздің қалыптасу кезеңі, бүгінгі жеткен жетістігіміз, шыққан белесіміз, өсу бағытымызды түгел қамтыған. Тәуелсіздік алған отыз жылдағы белесті үш онжылдыққа бөліп қараған. Азаттықтың алғашқы он жылын – Жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі, екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі, үшінші онжылдық – шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеген мемлекет атануымыз.
Бұдан бөлек мақалада тарихи тамыры тереңде жатқан тәуелсіздігімізді, осы азаттық жолындағы небір наубет жылдарды, жанкештілік әрекеттерді толығымен зерттеп, бүгінгі ұрпаққа және келешек ұрпаққа мұра ретінде қалдыруымыз қажеттігі айтылады. Ол үшін «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы ұлт шежіресін түгендеп, тарихи кинотуындылар қатарын көбейтіп, Алаш қайраткерлерінің асыл мұрасын игеруді жалғастыра бермекпіз. Жалпы жыл соңына дейін тарихымыздағы бірнеше айтулы оқиғаның мерейлі белесін атап өтетін боламыз.
Мақалада Президент 30 жылдық еңбекті: «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік» - деп атап өтті. Расында да, бүгінгідей дәрежеге жетуіміз, шекарамызды бекітуіміз, әлемдік аренаға шығуымыз, экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқатының көтерілуі, бір сөзбен айтқанда бейбіт әрі ашық аспанда өмір сүруіміз Елбасының еңбегі, сарабдал саясаты мен саяси шеберлігі арқасында жүзеге асты деп білеміз.
