Т.ТӘЖІБАЕВТЫҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Төлеген Тәжібайұлы мол білімін, ақыл-ойын, бай тәжірибесін шәкірттеріне оқыған дәрістерінде шебер пайдаланған прфессор. «Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері» деген еңбегінде М. Балақаев: «М.О. Әуезов, Т.Т. Тәжібаев лекция оқығанда, студенттер қит етпей отырып, сүйсіне, ынтыға отырып тыңдайтын. Тыңдаушыларын осылай жалықтырмай, қызықтыра, еліктіре сөйлеуге білім керек, шеберлік керек», – деп айтқан болатын. Бұл сөздің орынды екеніне еңбектер мен творчестволық іздену нәтижесінде жарқ еткен М.Мұқанов, Е.Суфиев, Ә. Асылбеков, К.Қойбағаров, С.Д. Пименов, Г.М.Храпченков, Қ.Б. Жарықбаев, Ж.Түрікпенұлы сияқты талапты ғалымдар дәлел. Бұл азаматтарды даярлау Орта Азия Республикаларының көптеген мамандарына ғылыми басшылық жасауға жағдай жасағаны да атап өтерлік жайт.
Сондықтан ұлағатты ұстаз, мемлекет һәм қоғам қайраткері, дипломат, академик-ғалым Т. Тәжібаевтың жүзі қандай жарқын болса, ойы да сондай айқын, сөзі де сондай сынық, сыпайы, әрі салмақты. Оның білімді, мәдениетті болғанын бәріміз де сезінуге, бағалауға әлбетте міндеттіміз. Қазақ халқының аяулы ұстаздарының бірі Т. Тәжібаевтың жарқын өмірі, ғылыми мұрасы, бәрімізге үлкен өнеге болуға тиіс.
