ТҮРКІСТАН-ОТЫРАР: ҰЗЫНДЫҒЫ 110 ШАҚЫРЫМ АУДАНДЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ
«Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалы сайлауалды штабының желілік кестесіне сәйкес аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Д.Ақсақалов пен Н.Бөрібаев Көксарай ауылының тұрғындарымен кездесті. «Есіктен – есікке» акциясы аясында өткен кездесуде кандидаттар партияның алдағы бес жылға бағдарланған сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Тұрғындардың өтініштерін тыңдап, партияның аудандағы жолдардың сапасын арттыруға бағытталған негізгі міндеттеріне тоқталды.
Жол – әрбір аудан өмірінің басты күре тамыры. Аудан көлеміндегі автокөлік жолдардың жалпы ұзындығы – 842 шақырым. Тұрғындар үшін барлық ауылдарда сапалы және жақсы жолдар мен инфрақұрылым болуы тиіс. «Nur Otan» партиясы елді мекенішілік және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу мәселесін шешетін болады. Бұл үшін «Nur Otan» партиясы 13 ауыл округіндегі ұзындығы 110 шақырым аудандық маңызы бар жолды жөндеуді аяқтауға, Шәуілдір-Көксарай-Байырқұм автомобиль жолдарының 18 шақырымын жөндеу мәселесін шешуге, Шәуілдір ауылындағы С.Сейфуллин, К.Сатпаев, Ж.Рустемов, С.Кұрманбеков, А.Молдағұлова көшелеріне 4,3 шақырымдық орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етеді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай аудандық маңызы бар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 84,7%-дан 89,3%-ға жетеді.
Кездесу барысында осы және өзге де мәселелер бойынша әңгімелеп берген үміткерлер партияның нақты істерге жетелейтін сайлауалды бағдарламасының іске асуына сенім білдірген сайлаушыларды «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды.
