ТҮРКІСТАН – ОТЫРАР: «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ПАТРИОТТЫҚ ӘНДЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Егемен еліміздің мерейлі мерекесі қарсаңында ауданда «Мәңгілік ел» патриоттық әндер фестивалі өтті. Қазіргі жағдайға байланысты санитарлық талаптар сақталған өнер кешінде қазақ халқының ұлттық әндері шырқалды.
Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы, кемел келешегіне деген сенім мықты болғанда ғана елде ынтымақ орнап, бірлікке бастайтын істер қарқын алады. Мәңгілік ел мәнісін ұқтыруда ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін патриоттық әндердің орны ерекше.
Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – мәңгілік ел!»-деп келер ұрпаққа сенім артқан болатын.
Фестивальде аудан өнерпаздары қазақ елінің байтақ, дархан екенін паш ететін патриоттық әндерді көкке әуелетті.
