ТҮРКІСТАН-ОТЫРАР: ЕҢБЕК АРДАГЕРІ NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕНІН ҚАЛАЙДЫ
"Nur Otan" партиясынан Түркістан облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Нұржан Сейітжанов пен аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Жангелді Нұров партияның үгіт-насихат жұмыстарын іске асыру мақсатында Ақтөбе ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Асан Ерсұлтановтың шаңырағында болып, канвассинг кездесу өткізді. Кездесу барысында рухани қазынамызды насихаттайтын тарихи-мәдени байлықтарымызды дамытуға бағытталған "Nur Otan"-ның сайлауалды бағдарламасының алға қойған міндеттері жайында айтып, алдағы сайлауда көшбасшы партияға дауыс беруге шақырды.
Халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім – Қазақстанның табысты дамуының сенімді іргетасы. «Nur Otan» партиясы біздің қоғамымыздың бірегейлігін айқындайтын мәдени және рухани құндылықтарды сақтау мен көбейтуді жақтайды. Бұл үшін «Nur Otan» партиясы «Бейбіт отбасы» жобасын іске асыруға, отбасының рөлін арттыратын және отбасылық құндылықтарды нығайтатын түрлі акциялар мен спорттық шаралар өткізуге ықпал етеді. Сондай-ақ киелі ауданымыздың қасиетті және тарихи орындары (Арыстан баб, Отырар төбе, Оқсыз төбе) бойынша өлкетану экспедицияларын ұйымдастыруды, 2025 жылға дейін Шілік, Балтакөл, Ақтөбе, Аққұм ауыл округтерінде мәдени іс-шараларды өткізуге арналған ауылдық клубтың салынуын, Отырар ауданының көрнекті тумаларын (Әл-Фараби, Ш.Қалдаяқов, М.Шаханов, Ө.Айтбайұлы) насихаттау жұмыстарын жүргізуге атсалысатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай ауданның бірегейлігін айқындайтын мәдени және рухани құндылықтары сақталып, ауданның қасиетті де, тарихи орындары мен көрнекті тумалары насихатталады.
Кезінде Ақтөбе бөлімшесінде звено жетекшісі, механизатор болып еселі еңбек еткен Асан қария үміткерлерге ақ батасын беріп, сайлауда «Nur Otan» партиясының жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді.
