ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТУЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында бірқатар іргелі істер атқарылды. Әр жылдары мектеп бітірген түлектер мен кәсіпкерлер туған жерлерінің көркеюіне үлес қосуда. Биылғы жылы да бұл дәстүр өз жалғасын тапты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Нұр-Сұлтан қаласының күні мерекесі аясында Ақпәтер орта мектебін 1991 жылы бітірген түлектер 1 000 000 теңге қаражатқа бүлдіршіндерге арналған «Балалар ойын алаңын» орнатып берді. Ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Бекмулдин сөз сөйлеп, аудан әкімінің алғысхатын табыстаса, ауыл әкімі Н.Болаев игі іске бастамашы болған 30 жылдық түлектерге ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді. Балалар ойын алаңы заман талабына сай орнатылған, ауыл тұрғындары дән риза. Енді бұл орын бүлдіршіндердің сүйікті орнына айналатын болады.




