ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТУЫ
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толуына және биылғы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 4 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде елімізде бірқатар жобалар жүзеге асып, бағдарламаның әр бағыты бойынша жүйелі жұмыстар атқарылды. Ал облысымызда бағдарламаның орындалуы жөнінен ауданымыз алдыңғы қатарда. Оған түлектеріміздің бағдарлама аясындағы әр жылдары туған жерге деген сый-сияпаты дәлел бола алады. Сол үрдіс Қошанкөл ауылында да жалғасын тапты.
24 мамыр күні Қошанкөл ауылында бес бірдей шара ұйымдастырылды. Оған мұрындық болған Ғ.Беғалиев атындағы орта жалпы білім беретін мектептің әр жылдардағы түлектері. Айтулы күннің шымылдығын мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған 1981 жылғы түлектері ашты. Аға буынның ықпалымен Қошанкөл шекарасында биіктігі 7 метрлік найзалы, қалқанды жол белгісі бой көтерді. Ізін жалғап мектеп бітіргеніне 10 жыл болған 2011 жылғы түлектер білім ордасында, «Оқуға құштар мектеп» бағдарламасы аясында coworking орталығын ашты. Ал ауыл тұрғындары ауызбіршілік танытып, «Казталов ауданының Құрметті азаматы» Асанғалиев Сәлімгерей Асанғалиұлына арнап кеуде мүсінін орнатты. Ауылдың дамуына атсалысқан азаматқа арналған ескерткіштің ашылу салтанатынан соң халық Сәлімгерей Асанғалиұлының жұмыс орынына бет бұрды. Бір ерекшелік тұлғаның жұмыс орыны заманауи үлгідегі мәжіліс залына айналған. Бұған жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлінген. Мерейлі күннің соңы 2001 жылы мектеп бітірген түлектердің ауыл көшелеріне тарту еткен күн сәулесінен қуат алатын жарықдиодты шамдардың сәулесімен кешкі серуенге ұласты.
Қошанкөлдегі игі істердің ашылу салтанатына аудан әкімі Альберт Есалиев арнайы қатысып, түлектерге аудан жұртшылығы атынан ризашылығын білдірді. Сонымен қатар аудан басшысы 2011 жылғы түлектердің арнайы ашқан coworking орталығына Жандарбек Бұлғақовтың «SOZ» кітабын тарту етті. Аталған орталыққа Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Ернар Ілиясов «Ұлпан» кітабын, 2011 жылғы түлектер Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 3 томдық жинақты, аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Ермеков арнайы сыйлығын табыстады. Қошанкөл өңіріне арнайы сапары барысында Альберт Темірболатұлы Сәлімгерей Асанғалиұлының кеңсесі, заманауи үлгіге нақышталған мәжіліс залында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен шағын кеңес өткізді. Жиында Сәлімгерей Асанғалиұлы туралы естеліктер айтылып, ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды.
Қаймағы бұзылмаған ауылдағы игі істер әлі де жалғасын таппақ. Елім, жерім деген азаматтардың құт мекенге сыйлаған тартуы отансүйгіштіктің бастауы. Мұны көрген жеткіншек те алдыңғы буынның ісін үлгі қып, ізін жалғауы бек мүмкін.

