СУБСИДИЯҒА МЕЛДЕКТЕГЕН САЛАДА НЕГЕ ШЫҒЫН КӨП?
Ел Үкіметі кешегі отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау мәселелерін қарады.
Атап айтқанда, Елбасы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бюджеттен миллиардтар бөлінетіндігін, субсидияға да қыруар қаржы шығындалатындығын, алайда қомақты қайтарымы болмай тұрғанын сынға алды. Сондықтан бұл саланы реформа күтіп тұр. Осы орайда Үкімет жиынында Ұлттық экономика министрі ауыл шаруашылығындағы субсидияларды оңтайландыру және тиімділігін арттыру бағытындағы шараларды ұсынды.
Қазіргі уақытта тек өсімдік шаруашылығында ғана субсидияның 13 түрі бар. Атап айтқанда, олар өсімдіктер тұқымдарының құнын арзандатуға және өндіріске кеткен шығындарын өтеуге, жеміс дақылдары мен жүзім егістерін егуге, тыңайтқыштардың құнын төмендетуге, мақта өндірушілердің өнім сапасы сараптамасына жұмсаған шығындарын толық өтеуге, өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру төлемдеріне, биоагенттер мен биопрепараттар құнын субсидиялауға арналған.
Дегенмен егіншілер барлық субсидия түрлерін біріктіруді, субсидиялау кезінде өсіп шыққан ақырғы өнімді негізге алуды сұрауда. Әйтпесе кейбір аграршылар егіс күтімін аяғына дейін жеткізбей, тіпті шыққан өнімді де жинамай тастайтын көрінеді: мемлекеттен алған мол субсидия егін егуге кеткен шығындарын онсыз да артығымен жабады екен.
Бұл ретте Қазақстан фермерлері одағының төрағасы Әуезхан Дәриновтің айтуынша, «қандай да бір технологияларды қолданғандығын, сондай-ақ жоғарылатылған субсидия алуының заңдылығын дәлелдеу мүмкін емес». Осы себепті Үкімет «ақырғы өнімді» субсидиялаудың дұрыстығына келісті.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайыновтың айтуынша, субсидияларды жетілдіру шаралары 3 блокқа топтастырылған: «Біріншісі, жүйелі шаралар. Олар бойынша ауыл шаруашылығындағы барлық субсидиялар оңтайландырылады, тиімділігі арттырылады. Сондай-ақ Қазақстан ақырғы ауыл шаруашылығы өнімін шығаруды субсидиялауға көшеді. Бұл – ендіріліп отырған негізгі жаңалық».
Ал қазіргі шаралар келесі бағыттарда шоғырландырылады: тұқым шаруашылығындағы субсидиялау тетіктері қайта қаралады, суаруға арналған суды беру субсидиясының тетігі қайта түзіледі, мал шаруашылығындағы өндірістің өсімі мен экспорты ынталандырылады, инвестициялық субсидиялау қолжетімді бола түседі.
«Үшіншіден, институционалдық жетілдіру шаралары субсидия беру кезіндегі әкімшілік процедураларды жеңілдетуді және ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді. Бұл – бүгіндегі үлкен және өте маңызды мәселе! Субсидия әдістемесі жетілдіріледі» деді бірінші вице-министр.
Расында, мәселен, Ә.Дәриновтың айтуынша, кейбір шаруа қожалықтары мен фермерлерді субсидиядан және мемқолдау шараларынан қағу үшін жергілікті шенеуніктер жасанды кедергілер, шектеуші талаптар қояды.
«Ұсынылып отырған шаралар өндірістің өсіміне, өнім сапасының артуы-на серпін беруге тиіс, – дейді Марат Құсайынов. – Бұл – жетілдірудің негізгі міндеті. Ол кооперацияның дамуына, өнімділіктің жоғарылауына, субсидияның тиімді құрылымының түзілуіне ықпал етеді және ДСҰ критерийлері мен қағидаттарына сәйкес келуге тиісті».
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 157 миллиард теңге шығындалады. Және 2009 жылдан бері 3 есе өсті! Алайда ауыл шаруашылығы өндірісі сонша өсті деп айту қиын. «Сол себепті тиімділігін арттыру күн тәртібіне қойылды. Бүгінгі таңда субсидия шығыстарды жабуға, соның ішінде мәселен, егістіктің әр гектарына немесе әрбір сиыр басына бөлінеді. Бұл өндірістің өсуіне, сапаның артуына әкелмейді. Сондықтан енді кезең-кезеңмен тек ақырғы өнімді субсидиялауға, соның құнын арзандатуға көшетін болдық!» деді Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары.
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке келген Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев тағы бір түйткілге назар аудартты: «Талдау нәтижесінде біраз нәрсе анықталды. Ең алдымен, субсидия тарату процесі қайта қарауды талап етті. Өйткені жергілікті атқарушы органдар аудандарда арнайы комиссия құрып, мың түрлі құжат сұратады. Содан жиналған папкі-папкі қағаздарды кейбір аудандарда тіпті машинамен тасиды! Соның барлығы енді электрондық ақпараттық жүйеге көшірілуде. Біз шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, субсидия беруді автоматтандыру жолын іздеп жатырмыз. Бүгін Үкімет отырысында осыны баяндадық. Қолдау таптық. Демек, жақын арада нақты шаралар қолға алынады».
Сонда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер әкімқаралар кабинетінің табалдырығын тоздырмай, комиссиялар соңынан жүгірмей, үйлерінен-ақ ғаламтор арқылы өтінім бере алады екен.
http://mgov.kz/kz/aza-sha-subsidiya-a-meldektegen-salada-nege-shy-y-n-k-p/
