Перейти к содержимому

Студенттік бюджет: Стипендияны дұрыс бөлу және қаржылық сауаттылық

Бүгінгі таңда студенттердің стипендиясы немесе ата-анасы бөлетін қаржысы айдың соңына жетпей таусылып қалатыны жасырын емес. Күнделікті Wolt немесе Glovo сияқты жеткізу қызметтері арқылы дайын тамаққа тапсырыс беру, интернет-дүкендерден трендтегі киімдер мен гаджеттерді алдырту - студент бюджетін байқатпай «кемітіп» отырады. Күнделікті ұсақ-түйекке кеткен ақша ай соңында 60 000 - 90 000 теңге көлеміндегі ірі шығынға айналады.

Бұл мәселені қалай шешуге болады? Біз 15 жылдық тәжірибесі бар бас бухгалтер әрі қаржы маманы Динара Ахметовамен сұхбаттасып, ең маңызды 3 сұраққа жауап алдық.

- Ақша қолға тиген бойда оны қалай дұрыс бөлу керек?

- Студенттердің басты қателігі - ақша түскен алғашқы аптада көңіл-күйге беріліп, бәрін жұмсап тастауы. Мен бұл ретте 50/30/20 ережесін ұсынамын:

50%-ын ең маңызды қажеттіліктерге бірден алып қойыңыз: жатақхана немесе пәтер ақысы, қоғамдық көлік картасы және негізгі азық-түлік.

30%-ын өз қалауыңызға қалдырыңыз: достармен ойын-сауық, дайын тамаққа тапсырыс беру немесе хобби.

20%-ын мүлдем ұстамай, банктегі депозитте сақтаңыз. Бұл сіздің күтпеген жағдайларға арналған қауіпсіздік жастығыңыз болады.

- Бөліп төлеу (рассрочка) мен онлайн төлемдер студентке қауіпті ме?

- Иә, бұл — үлкен қаржылық тұзақ. Банк картасымен төлей берген соң, ақшаның азайып жатқаны психологиялық тұрғыда сезілмейді. Әсіресе, Spotify, YouTube сияқты ай сайынғы автоматты жазылымдар (подписки) бюджетті байқатпай құртады. Ал стипендиясы тұрақсыз бола тұра, қымбат телефон немесе киімдерді бөліп төлеуге (рассрочкаға) алу — болашақ табысыңды алдын ала жұмсап қоюмен тең. Кеңесім: банк қосымшасындағы «Шығындарды талдау» (Аналитика расходов) бөлімін апта сайын тексеріп отырыңыз.

- Ақшаны үнемдеудің ең оңай 3 лайфхагы қандай?

- Қаржылық сауаттылық - өзіңді бәрінен шектеп, таршылықта өмір сүру емес. Оның оңай әрі тиімді жолдары бар:

1. «Ойлануға 24 сағат» ережесі: Интернет-дүкеннен бір киімді көргенде бірден сатып алмай, бір күн күтіңіз. Келесі күні алғашқы эмоция басылғанда, оның аса қажет емес екенін түсінесіз.

2. Күнделікті лимит: Картаңызға күніне тек белгілі бір соманы ғана жұмсайтындай шектеу қойып қойыңыз.

3. Студенттік жеңілдіктер: Қоғамдық көлікте, кинотеатрлар мен музейлерде студенттік билетті көрсетіп, жеңілдік алудан ұялмау керек. Бұл - сауаттылықтың белгісі.

Қорытындылай келе, студенттік шақта ақшаны дұрыс жұмсап үйрену - болашақта үлкен капиталды басқарудың ең алғашқы мектебі. Ең бастысы - шығындарды үнемі бақылауда ұстау.

Еще по теме