Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Үстел ойындары

Үстел ойындары

Пайда болу тарихы.

Үстел ойыны - үстелге немесе ойыншылардың қолына толығымен орналастыруға болатын заттардың кішкене жиынтығын басқаруға негізделген ойын.

Мамандардың пайымдауынша, үстел ойындарының тарихы кемінде 5500 жылды құрайды. Ең алғашқы үстел ойындары қазіргі Египет, Қытай және Үндістан жерінде пайда болған. Атап айтар болсақ, Ур, Сенет, Домино, Нарды және Шахмат ең көне ойындар түріне жатады.

Үстел ойындары қатарына арнайы алаңшаларда ойнайтын ойындар, карточкалық ойындар, сүйек-тастар, ойыншық-жауынгерлер және т.б. жатады. Осы санаттағы ойындар, спорттық және бейне ойындарға қарағанда, ойыншылардың белсенді қозғалысын, қосымша техникалық күрделі жабдықтардың болуын немесе арнайы нысандар мен ойын алаңдарын талап етпейді.

Сонымен қатар, нарықтағы бағасы қазіргі компьютерлік ойындарға қарағанда 2-3 есе арзан жүреді. Мысалы, бүгінгі таңда ең танымал видео ойындардың бірі - «FIFA»-ның бағасы шамамен 24000 тг болса, ал дәл сол дүкенде ең танымал үстел ойындарының бірі - «Монополия» орташа 12000 тг тұрады.

Ал, 80 жылдан астам тарихы бар «Монополия» ойынын 1934 жылы америкалық Чарлз Дэрроу атты азамат ойлап тапқан. Бұл екі немесе одан көп адам қатыса алатын экономикалық және стратегиялық үстел ойыны. ХХ ғасырда әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде КСРО-да «Менеджер», «Империя», «Бизнесмен» деген аттарымен танымал болды. Ойынның мақсаты - бастапқы капиталды ұтымды пайдалана отырып, ойыншы көптеген жерлерді өз иелігіне өткізу және сол арқылы басқа ойыншыларды банкротқа ұшырату.

XX ғасырдың аяғы - XXI ғасырдың басы үстел ойындары үшін «жарылыс» кезеңі болып табылады. Яғни, дәл осы кезде әлемде неше түрлі қазіргі ең мықты деген үстел ойындары пайда болды. Мысалы, 1995 жылы неміс азаматы Клаус Тойбер ойлап тапқан «Колонизаторлар» ойынының қазіргі уақытқа дейін 15 млн. астам данасы сатылған. Ал, 2000 жылы тағы бір неміс Клаус-Юрген Вреде «Каркассонды» жарыққа шығарады және қазіргі күнге дейін ойынның 10 млн. астам данасы өз тұтынушыларын тапқан. Сонымен қатар, бұл тізімге 2008 жылы құрастырылған Мэт Ликоктың «Пандемия», «Дженга» және «Уно» ойындарын кіргізуге болады.

Үстел ойындар нарығы.

Ал, енді ойындар нарығына келер болсақ, алысқа бармай ақ, көрші Ресей нарығын айтсақ болады. Соңғы жылдары Ресейде үстел ойындар нарығы қарқынды өсе бастады. Тек 2016 жылдың өзінде осы нарықтың айналымы 10 млрд рубльді құрады. Бұл теңгемен алғанда шамамен 57 млрд-қа тең. Ойыншыларға арналған мобильді қосымшалар және компьютерлік бағдарламалармен қаныққан ақпараттық технология заманында бұл серпіліс қалай орын алды? Үстел ойындарының белсенді түрде таралу себептері көбінесе: заманауи өмірдің ажырамас бөлігіне айналған гаджеттерден үзіліс жасау мүмкіндігі; отбасымен, достармен және жақын адамдармен тікелей байланыс орнату мүмкіндігі болып табылады.

Бүгінге дейін әлем бойынша, 50 мыңнан астам үстел ойын түрлері жасалып, таралған. Қазіргі таңда үстел ойындарына деген нарықтағы сұраныстың 35%-ы АҚШ-қа, 35%-ы Германияға тиесілі болса, ал қалған 30%-ы басқа да әлем мемлекеттеріне тиесілі. Әлемдік тұтынушылар көбінесе отбасылық және топ болып ойнайтын ойындарға басымдық береді. Әлемдегі тұтынушылар аудиториясының тең жартысын, яғни 50%-ын 25-35 жас аралығындағы адамдар құрайды.

Үстел ойындарының қолданылу аясы мен пайдасы.

Үстел ойындары негізінен мына мақсаттар бойынша қолданылады:

· Демалу және көңіл көтеру;

· Қарым қатынас, келіссөз жасасу;

· Құмар ойыны, бәсекелестікке түсу;

· Басқатырмалар, миды жаттықтыру;

· Білім алу, үйрену, тренинг үшін.

Сонымен қатар, ойындар корпоративтік ортада да маңызды және елеулі рөл атқарады. Себебі, қызметкерлер ойын ойнау барысында ашық келіссөздер мен талқылаулар жүргізіп, неше түрлі эмоцияларды бастан өткізеді. Сәйкесінше, бұл олардың жұмыста бір бірін түсінісіп, өзара кері байланыс орнатуға алып келеді.

Инновациялық ойындарды зерттеумен айналысатын «Mind Lab Method» жобасының жетекшісі былай дейді: «Сіздерге бойыңыздағы төзімділік пен тұрақтылықты арттыру үшін үстел ойындарын ойнауға кеңес беремін. Өйткені, пайдалы ойын арқылы мидың ойлау икемділігі артады. Ал, бұл өз кезегінде сізде қиындықтар туындағанда байсалды жағдайға жылдам келтіруге көмектеседі».

Сондай-ақ, Ресейлік «Cashflow.club» тренинг орталығының негізін қалаушы, үстел ойындары бойынша эксперт Алексей Латенко: «Бұл білім алу мен нақты өмір арасындағы байланыс» деп, оның басқа семинар-тренингтер мен оқыту іс шараларынан мынадай екі артықшылығын айтады:

· Ойын барысында қатысушылар өздерінде қандай проблемалар бар екенін байқай алады және өзін сырттай бақылайды;

· Ойыншылар қабылдаған шешімдері дұрыс не бұрыс екені бірден көрінеді және бұл оның алдағы уақыттағы іс- әрекеттері мен мінез құлқын өзгертуге әсер етеді.

Статистика бойынша, орта жастағы адам айтылып жатқан ақпаратты 20 минут көлемінде зер салып тыңдайды. Одан соң кез келген ақпарат, тыңдаушы үшін өз маңызын жоғалтуы мүмкін. Мұндай жағдайда лектор не істеуі қажет? Тез тез сөйлеу арқылы, маңызды нәрселерге ғана тоқталып кету бұл тақырыпты толықтай ашпауы ықтимал.

Сондықтан, айтылып жатқан тақырып тыңдаушыға іш пыстырарлықтай болмауы үшін және оны толықтай жеткізу үшін, әлемдегі атақты лектор-тренерлер өз сабақтарында миды жаттықтырушы ойындар ойнатады.

Осыған мысал ретінде, 1993 жылы атақты «Бай әке, кедей әке» кітабінің авторы Роберт Киосаки ойлап тапқан, бүгінгі күнге дейін ең танымал ойындардың бірі - «Cashflow» экономикалық үстел ойынын айтса болады. Cashflow – бұл ағылшын тілінен аударғанда «ақша ағымы» деген мағынаны білдіреді.

Жалпы, ойын адамды мынадай қаржылық сауаттылыққа үйретеді:

· Кіріс пен шығын, актив және пассив деген не?

· Оларды басқару әдістері;

· Инвестиция жасаудың тиімді әдістері;

· Әрі қарайғы инвестиция үшін капитал жинау;

· Күнделікті күйбең тіршіліктен келесі жоғары деңгейге өту және т.б дағдыларды жаттықтыратын бастауыш инвесторлар мен кәсіпкерлерге арналған бизнес тренажер.

Үстел ойындарының адам денсаулығына әсері.

            Психолог ғалымдар 55 және одан жоғары жастағы 5437 адамға жыл сайын психикалық жағдайы бойынша қалыпты базалық баллмен 5 жыл бойы зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде, зерттеуге қатысқан адамдарда когнитивтік ауытқулардың орташа жиілігі жылына 2,3%-ға тең болады. «Когнитивтік ауытқулар» дегеніміз – бұл мидың есте сақтау, ойлау қабілеті және басқа да функционалдық қызметтерінің төмендеуі. Бір қызығы, үстел ойындарын ойнайтын және кітап оқитын адамдарда когнитивтік ауытқу қаупі төмен болады. Ал, теледидарды көп көретін адамдарда мидың когнитивтік бұзылу қаупі жоғары болып шығады.

Үстел ойындарының адам ағзасына 8 түрлі пайдасы:

1. Жадты жақсарту және танымдық функцияларды жақсарту.

Көптеген үстел ойындары есте сақтау, ақпарат қабылдау, проблемаларды шешу және күрделі жағдайлардан шығу сияқты когнитивті функцияларға бағытталған. Үстел ойындарының бұл аспектілері ақыл-ойды дамытады және жадты күшейтеді. Когнитивтік функцияларды жетілдіру IQ-ді арттырады және үйрену қабілетін жақсартады. Үстел ойындары мидағы күрделі функцияларға жауап беретін гиппокампустың және префронтальды қыртыстарды құруға көмектеседі. Миға жаңа дағдыларды меңгеруге және бұлшық еттерін шынықтыруға әсер ететін кез-келген іс-әрекеттер мидың сау болуына көмектесетіні дәлелденген.

2. Психикалық аурулардың қаупін азайту.

Сіз білесіз бе? Үстел ойындарын ойнау психикалық ауруға шалдығу қаупін азайтады. Үстел ойындардың ең үлкен артықшылықтарының бірі когнитивті диссонанс тәуекелін төмендету болып табылады. Бұл когнитивті қабілеттердің төмендеуін білдіреді. Когнитивті қабілеттердің төмендеуі деменция және Альцгеймер сияқты психикалық ауруларға байланысты. Тұрақты үстел ойындарын ойнау ақыл-ойды жетілдіреді және когнитивті функцияларды жақсартады. Ал, бұл кәрілік кезінде психикалық ауруға шалдығу қаупін азайтады.

3. Қан қысымын төмендетеді.

Күлкі мен оңтайлы әлеуметтік мінез-құлықпен қатар, үстел ойындары эндорфиндерді босату арқылы позитивті көңіл күй қалыптастыруға көмектеседі. Эндорфиндер бұлшық еттерді босатып, ағзадағы қан айналымын жақсартудың бірегей қабілетіне ие. Үстел ойынын ойнаудың шекті мөлшері қан қысымын азайтуға және сақтауға көмектеседі. Жоғары қан қысымы жүрек қатеріне, артериялардың және инсульттің зақымдалуымен байланысты. Осылайша, үстел ойындарын ойнау ағзадағы эндорфиндердің мөлшерін көбейтеді және адамдарды позитивті етіп, босаңсыған тыныш күйге бөлейді.

4. Стрессті азайтады.

Әлемде адамдардың шамамен 53% -ы релаксация және стрестен арылу үшін ойын ойнайтынын мәлімдеген. Үстел ойындары сізді демалдыра отырып, бұлшық еттеріңізді жұмыс істететін құрал. Бұл оқыту мен дамуды ынталандыратын керемет әлеуметтік қызмет. Бұл өз кезегінде, өзіңе деген сенім мен мотивацияны арттырады.

5. Ойлау қабілетін жылдамдатады.

Тұрақты үстел ойынын ойнау ақылдың белсенді әрі шоғырланған күйде болуын дәлелдеді. Бұл адамдарға тез ойлау мен ептілікті қажет ететін жағдайларда өз септігін тигізді. Ойындар, сонымен қатар, уақыт өте проблемаларды шешуге және аналитикалық қабілеттерді дамытуға көмектесетін «тірі қалу генінің» қызметін белсендіреді. Мәселен, әмияныңызды жоғалтып, оны бірнеше сағат бойы таба алмай қалсаңыз, демек сізге ойын қорабын ашып, оны ойнайтын уақыт келді деген сөз.

6.  Иммундық жүйені құруға көмектеседі.

Зерттеулер көрсеткендей, стресс, психикалық күйдің нашарлауы бізге аурулармен күресуде кедергі жасайды. Ойын ойнау кезінде туындаған эндорфин мен позитивті эмоциялар иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі; Иммунитетті жақсартуға көмектесетін химиялық заттар үстел ойынын ойнау барысында бөлінеді. Иммунитетті жақсартудың керемет тәсілдерінің бірі - таза ауада үстел ойындарын ойнаумен өткізу болып табылады.

7. Балаларды дамыту.

Балалардың дамуы мен өсуінде үстел ойындары шешуші рөл атқарады. Бұл миды дамытудың маңызды аспектісі, өйткені логикалық, сыни ойлауды және ой өрісін кеңейтуге көмектеседі. Ойын ойнау оқыту, әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларға көмектеседі. Ол сөйлеу және назар аудару дағдыларын жетілдіруге көмектеседі және баланы ұзақ уақыт бір арнаға шоғырландырып, көңіл аудартады.

8. Терапиялық емдеу.

Көптеген үстел ойындары дене қозғалысының негізгі құралдарын пайдалануды талап етеді. Бұл кезде денеге объектілерді көтеру және жылжыту ұнайды. Ал, тұрақты қимыл балаларға, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға және қарт адамдарға маңызды болып табылатын моториканы дамытуға және жұмыс істеуіне көмектеседі.

Қорытындылай келе, біз мектепте, университетте алмаған өте нәзік, сонымен қатар күрделі әрі шынайы өмірлік білім дағдыларын қарапайым үстел үстінде ойнау арқылы қалыптастыруымызға әбден болады.

https://www.quora.com/What-are-the-benefits-of-playing-board-games

https://logicroots.com/MathBlog/8-surprising-health-benefits-of-playing-board-games/

1
0
12284

Еще по теме