СОЗАҚ СПОРТШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
"Nur Otan" партиясынан Түркістан облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Тұрысбеков Мағауия Сексенбайұлымен партиямыздың сайлауалды бағдарламасын таныстыру мақсатында Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында аудан спортшыларымен кездесу өткізілді. Аудан спортының жетістіктері бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай, Теріскейден әлемнің қос дүркін чемпиондары, құрлық, республика жеңімпаздары көптеп шығуда. Бұл әрине, спортшыларымыздың маңдай терімен қатар, жаттықтырушылардың да ерен еңбегінің арқасында мүмкін болады. Аудан орталығында 2 мектеп бар: бірі балалар мен жасөсіпірімдердің спорт мектебі, екіншісі футбол мектебі. Елді мекендердегі мектеп жандарынан ашылған үйірмелерде бапкерлер болашақ чемпиондарды жаттықтыруда.
Кездесу кезінде М.Тұрысбеков сайлауалды бағдарламамызда дене шынықтыру, бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән беріліп отырғаны туралы баяндады, жоспарларды жеткізді.
Өз кезегінде спортшы қауымы да өздерінің ұсыныс, пікірлерін жеткізді. Әсіресе, аудан орталығынан заманауи талаптарға жауап беретін жаңа спорт кешенін салу туралы ұсынысы көңілге қонымды. Еліміздің көк байрағын әлемге таныту үшін біріншіден спортшыға жағдай жасалуы қажет болса, халықаралық, республикалық жарыстарға көптеп қатысудың берері онан да мол. Өз тарапынан Мағауия Сексенбайұлы да алдағы кезеңде өкілетті органға дептутат болып сайланып жататын болса, бұл мәселені тыңғылықты қолға алатынын атап өтті. Спортшы қауымын 10 қаңтарда азаматтық позиция танытып, сайлауға бір кісідей қатысып, "Nur Otan" партиясына дауыс беруге шақырды.
