СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН ТЕЛЕМЕДИЦИНАНЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
«AMANAT» партиясының СҚОФ жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында цифрлық технологиялардың білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйелеріне тигізіп жатқан әсері талқыланды. Жасанды интеллект, телемедицина және электронды карталар өңірде белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл, әсіресе ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімді болуына мүмкіндік беруде.
Отырыста Президент Жолдауы талқыға салынды. Кеңес төрайымы Сәуле Сұрағанова атап өткендей, цифрландырудың мақсаты – өңір тұрғындарының әрқайсысы үшін сапалы және қолжетімді әлеуметтік қызметтерді қамтамасыз ету.
СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова білім саласына жасанды интеллект жүйесінің енгізіліп жатқанын тілге тиек етті. 2025–2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект тақырыптары қосылады.

«Қазірдің өзінде 270 оқушы бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша курстардан өтті. 300-ден астам мұғалім жаңа STEM-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгерді. Мектеп – балалар жасанды интеллект дәуіріне бейімделіп, ойлануды үйренетін орта болуы тиіс», – деді ол.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мамадияр Байғұлов медициналық қызметтерге цифрлық шешімдерді енгізу барысын атап өтті. Электронды денсаулық карталары, дәрігерлерге онлайн жазылу, телемедицина және науқастардың жағдайын қашықтан бақылау жүйелері өңірде қарқынды түрде қолданылып келеді.
«Телемедицинаның арқасында ауыл тұрғындары өз елді мекендерінен шықпай-ақ кардиолог, эндокринолог, педиатр сияқты мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Пилоттық жоба аясында 8 мыңнан астам консультация жүргізілді», – деді ол.

Медицинада жасанды интеллект технологияларын дамытуға ерекше назар аударылуда. Медициналық мекемелерде Smart ECG жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл технология дәрігерлерге ЭКГ деректерін қашықтан талдауға және диагноз қою жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.