СҚО-ДА ЭНЕРГЕТИКТЕР ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕ ЕШБІР КІДІРІС БОЛМАЙТЫНЫН МӘЛІМДЕДІ
Бұған дейін №2 жылу электр орталығының техникалық жағдайы үлкен алаңдаушылық тудырған болатын. Станциядағы жабдықтар бірнеше ондаған жыл бойы тозған күйде жұмыс істеген. Ал құбырлар күрделі жөндеуден өтпей, ұзақ уақыт пайдаланылған. Қазандықтар мен турбоагрегаттардың қызмет ету мерзімі 50 жылға жуықтаған. Генерациялау жабдықтарының тозу деңгейі 50-60%-дан асып кеткен. 2022 жылы болған мұржаның құлауы – станция нысандарының тозғанын және қаржыландырудың жеткіліксіздігін байқатып, қыс мезгілінде сенімді жұмыс істеуге қауіп барын айғақтады.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас инженері Пётр Богдановтың айтуынша, жөндеу жұмыстарына 26,8 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталған. Қазандықтар мен турбиналарға күрделі жөндеу жүргізіліп, мұржалар тексеріліп, жаңадан темірбетон мұржа салу жұмыстары аяқталуға жақын. Станция қоймасында 169 мың тонна көмір бар. Бұл – алдағы қыс маусымын қиындықсыз өткізуге жеткілікті.
«Станция 100% дайын. Ең бастысы – біз алға жылжып келеміз. Зиянды шығарындыларды бақылау жүйелерін орнатып, жабдықтарды жаңартып, турбиналарды қайта жаңғыртудамыз. Бұл станцияның сенімділігін арттырып, қала экологиясына жағымды әсер етеді», – деді Пётр Богданов.
Отырыс барысында иесіз жануарлар мәселесі де көтерілді. Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Наталья Тараканова Петропавл тұрғындары бірнеше жылдан бері арнайы жануарлар паналау орталығының салынуын ұзақ уақыттан бері күтіп жүргенін жеткізді.
«500 ит пен 30 мысыққа арналған нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бірақ әзірге қаржы бөлінген жоқ. Ал биылдың өзінде 300 жануарға вакцина салу мен стерилизация жасау жоспарланған. Олардың 272-сі өңделіп болды. Бұл шаралар иесіз жануарлардың санын азайтуға және жұқпалы аурулардың таралу қаупін төмендетуге көмектеседі», – деді ол.