Перейти к содержимому

СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ 4 МИЛЛИОН ТОННАҒА ЖУЫҚ ДӘНДІ ДАҚЫЛ ЖИНАДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау жұмыстары аяқталу алдында тұр. Егін жинау науқанының барысы «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму, экология және аграрлық сектор жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында қаралды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Асхат Рамазановтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы қызметкерлері 2,17 млн гектар алқаптан дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинап үлгерген. Бұл жоспардың 72%-ын құрайды. Жалпы 3,8 млн тонна астық бастырылды, орташа өнімділік — гектарына 17,6 центнерді құрайды. Майлы дақылдардан 360 мың тонна, картоптан 140 мың тонна, көкөністен шамамен 4,4 мың тонна өнім жиналды.

«Биыл көктемгі дала жұмыстарына өңірдің аграрийлеріне рекордтық жеңілдетілген қаржыландыру – 150 млрд теңге бөлінді. 340 мың тонна минералды тыңайтқыш, 52,5 мың тонна элиталық тұқым сатып алынды. Мұның бәрі дала жұмыстарын уақытылы жүргізіп, жақсы өнім алуға мүмкіндік берді. Бүгінде егін жинау науқаны оңтайлы мерзімде аяқталып жатыр», – деді Асхат Рамазанов.

Келесі ауыл шаруашылығы маусымына дайындыққа да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі уақытта 936 мың гектардан астам сүдігер жыртылып, 2026 жылғы өнімге 274,9 мың тонна тұқым дайындалған. Тұқым кептіру мен күзгі дала жұмыстарына 80 мың тоннадан астам жанар-жағармай бөлінді.

0
0
1454

Еще по теме