Шымкентте омарта шаруашылығы дамып келеді
Үшінші мегаполисте 60-тан астам тұрғын омарта (бал арасы) шаруашылығымен айналысады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл сала да қарқынды дамып келеді.

Шымкент тұрғыны Олжас Сырлыбаев омарташылықты осыдан 6 жыл бұрын бастаған. Бал ара шаруашылығының аясын кеңейту кеңейту мақсат еткен шаруа көпбалалы отбасы санаты бойынша мемлекеттен қайтарымсыз грантқа өтініш береді. Олжас Сырлыбаев бұл қаражатқа шаруашылыққа қажетті құрал-саймандар сатып алғанын жеткізді. Нәтижесінде кәсіп иесінің жылдық табысы 9 миллион теңгеге жеткен.
Адал еңбегімен шаруашылығын өрге дөңгелеткен отағасы мамыр айынан бастап қоңыр күзге дейін бал араларының ұясын алып, табиғат аясына кетеді. Қазіргі таңда 80 омартасы бар. Көбіне карника арасын асырайды.
«Бал арасы өзі мамыр, аққурай, жантақ, мақта балы болып бөлінеді. Әр қайсысының өзіндік пайдалы әрі емдік қасиеттері бар. Жантақ суыққа, мақта тыныс алу жолдарына, аққурай иммунитетті көтеруге жақсы болса, «майский» балы көктемде шайқалатын болғандықтан дәрумендерге бай келеді. Табиғи өнімге сұраныс өте көп. Көтерме бағамен сатып алушылар жиі хабарласады. Бірақ өзім асықпай сатуды жөн көремін», – дейді омарташы Олжас Сырлыбаев.
Кәсіп егесі балдан басқа гүл тозаңын сатумен және ара шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге кәсіптің қыр-сырын үйретіп те табыс табады. «Ниет пен икем болса, еңбек түбі – береке» дейді ол.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша биыл 452 азамат қайтарымсыз грант алды. Халықты жұмыспен қамтуда шағын бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қайтарымсыз гранттың септігі орасан.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, омарта шаруашылығы – ауыл шаруашылығының дамыған бір саласы. Арадан алынатын өнімдер халық шаруашылығында кеңінен қолданылып келеді. Бал тағам ретінде, ал ара балауызы кәсіпорын салаларында шикізат ретінде қолданылуда. Кейінгі жылдары медицина мен ветеринарияда, сонымен қоса косметика саласында ара шаруашылығы өнімдері пайдаланылып жүр. Олар: аналық ара сүті, прополис, бал арасының уы.
Бал – бүгінгі таңда жоғары тағамдық өнім ғана емес, сонымен қатар көптеген ауруға емдік зат. Ежелгі дәрігерлер мен философтар оған ұзақ жасау диетасы ретінде жоғары баға беріпті. Лабораториялық зерттеулер мен клиникалық бақылаулардың нәтижесінде балдың құрамы өте күрделі екені анықталған. Яғни оның құрамында ағзаға пайдалы жүздеген компоненттер бар: глюкоза, лебулеза, дәрумендер, ферменттер, органикалық қышқылдар, микроэлементтер, минералдар, гормоналды, антибактериалды және тағы басқа да заттар жеткілікті.