Перейти к содержимому

Шымкент – туристік әлеуеті жоғары қала

Шымкент қаласының шет елдегі кезекті туристік роуд-шоуыөткізілді. Бұл жолы ол Бакуде ұйымдастырылған.

Еліміздің үшінші мегаполисінің ішкі және сыртқы туризм саласын дамыту мақсатында Әзірбайжан Республикасының астанасы – Баку қаласында туристік бизнес өкілдеріне арналған ақпараттық «Road Show» ұйымдастырылды. Оған түрлі туристік және ақпараттық орталықтардың 60-тан астам өкілі қатысты.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Роуд-шоуға қатысушыларға Шымкенттің көрікті жерлері бейнеленген бейнероликтер көрсетіліп, «Шымкент шайы» мен ұлттық тағамдардың гастрономиялық дәм-татулары ұсынылды.

В2В («business to business» - «бизнес бизнес үшін») кездесулері нәтижесінде туризм саласы өкілдерімен екіжақты ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылып, бірлесе жұмыс істеу шаралары келісілді.

Айта кетейік, 6 айлық статистикалық есептік көрсеткіш бойынша Шымкент қаласына 200 мыңнан аса турист келген. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 400 мыңнан асыру жоспарланып отыр.

Жалпы, Шымкенттің туристік әлеуеті жоғары шаһар екені анық. Бұл жайында көптен бері айтылып келеді.

Шымкент қаласы туристерді қабылдау деңгейі жөнінен елімізде Алматы мен Астанадан кейінгі үшінші орында тұр. Шет елдерден келетін саяхатшылардың басым бөлігі – Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Қытай азаматтары. Ал «E-qonaq» туристерді бірыңғай тіркеу жүйесінің мәліметі бойынша, шетелдік туристер ең көп келетін кезең – наурыз айы.

Сондай-ақ Шымкентте шаһардың туристік әлеуетін жарнамалау ісі бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде.

Бірінші бағыт – жыл сайын қаланың көрікті жерлері туралы интерактивті альбом шығару. Онда шаһардың туристік нысандары туралы ақпарат бір кітапта арнайы бейнероликтер түрінде 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) көрсетіледі.

Екінші бағыт бойынша, өңірдің туристік өнімдерін ішкі және халықаралық нарықта ілгерілету мақсатында халықаралық көрмелерде Шымкенттің арнайы стендін қойып, таныстыру жұмыстарын жүргізу.

Үшінші бағыт – «Бақытты қалаға саяхат» байқауы. Бұл сайыс қаланың танымалдылығын арттыру және туристерді тарту мақсатында әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырылып жүр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 29 наурызда VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде туризмді дамытуды тапсырған болатын.

«Үкімет пен парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін ең алдымен инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», – деді мемлекет басшысы.

0
0
164

Еще по теме

Шымкент – туристік әлеуеті жоғары қала - Yvision.kz