Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ШЕТЕЛДЕ ОҚЫП, ЕЛДЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ

23 маусым күні “Хабар” арнасындағы “Bilim” ток-шоуында “Болашақ” халықаралық бағдарламасының артықшылықтары мен кемшіліктері туралы сөз болды.

Сапалы жоғары білім аламын деген қазақстандық жастар үшін толып жатқан мүмкіндіктер бар. Мемлекет басшысы 1993 жылы тағайындаған “Болашақ” халықаралық бағдарламасының арқасында әлемнің кез келген беделді оқу орнында білім алуға болады. Алайда, студенттеріміз міндетті түрде шет елдерде оқуы керек пе? Мұның елімізге берер пайдасы қандай? Ширек ғасырға жуық уақытта бұл бағдарлама бізге не берді? Осы және өзге де мәселелер “Bilim” ток-шоуында сөз болды. 

Халықаралық “Болашақ” білім беру бағдарламасы тәуелсіз Қазақстан президентінің алғашқы қаулыларының бірімен бекітілген болатын. Бұрынғы КСРО мемлекеттері арасында Қазақстанның жастарға шетелдің жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік жасаған алғашқы елдердің қатарында болғанын атап өткен жөн. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ойынша, шетелде жақсы білім алып келген жастар елге оралып, мемлекеттің әрі қарайғы дамуына үлес қосуы тиіс еді. Мәселе тек білімде ғана емес. Шетелде бірнеше жыл оқыған жас мамандардың көзқарасы да, менталитеті де өзгеретіні сөзсіз. Елімізге сырт көз ретінде қарау мүмкіндігіне ие болған жастар тиімді әрі озық шешімдерді таба алады деген сенім болған. Өздерінің ізін жалғап өсіп келе жатқан жасөспірімдер үшін бағыт-бағдар болады делінген. 

Ширек ғасырға жуық уақытта мемлекеттің сенімі белгілі бір дәрежеде ақталды деуге де болады. Статистика бойынша, “болашақтықтардың” 70%-ы (бағдарлама бойынша білім алған 12 мыңға жуық адамның ішінен) оқуын бітіргеннен кейін Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінде қызмет істеуге ниет білдіріпті. “Bilim” ток-шоуының қонағы, “Болашақ” бағдарламасының түлегі Бақытжан Сансызбайұлының сөзіне қарағанда, стипендиаттардың барлығы бірдей осы елдің өркендеуіне үлес қоссақ деп жүргендер емес. Бағдарлама түлегі кейбіреулер үшін “Болашақ” стипендиясы бар болғаны шетелде біраз уақыт өмір сүріп, ағылшын тілін немесе басқа да шет тілдерін үйренудің мүмкіндігі ғана екенін айтты. Ал енді біреулерінің көздегені тіпті басқа. “Көпшілігі бірден мемлекеттік компанияларда басшылық қызметке орналасып, 500 мың теңгенің үстінде жалақы алуды қалайды”, – дейді Бақытжан. 

Әлбетте, жақсы маманға дұрыс айлық төленуі керек, оған ешкім дау айта алмайды. Алайда, “болашақтықтардың” аймақтарға баруға ниеті жоқ екені де ойландырмай қоймайды: стипендиаттардың 85%-ы Алматы және Астана қалаларында тұрақтап жұмыс істеуде. Экономика ғылымдарының докторы Орақ Әлиевтің айтуынша, Білім және ғылым министрлігі бұл мәселенің де шешімін тапқан. Бұрын “Болашақ” бағдарламасының түлегі бұрынғы жұмыс орнында кемінде 5 жыл жұмыс істеуі қажет болатын (егер бар болса). Биылдан бастап оның баламасы пайда болды: енді “болашақтықтар” 3 жылға дейін аймақтардың бірінде қызмет етуі тиіс. 

“Болашақ” бағдарламасына қатысты басқа да өзгерістер жөнінде айтар болсақ, үміткерлер 6 кезеңнен тұратын конкурстан өтеді (бұрын 3 кезең болатын). Алғашқы кезең – “мотивациялық хат” ұсыну. Екінші және үшінші кезеңдер тілдік дайындыққа қатысты, шет тілін және мемлекеттік тілді меңгеруіне орай тест тапсыру. Төртінші кезеңде бірнеше тест болады: психологиялық, ҚР Конституциясы бойынша және ел тарихы бойынша. Бесінші кезеңде үміткер Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының сынынан өтеді. Одан кейін үміткердің барлық материалы соңғы шешім қабылдайтын Республикалық комиссияға жіберіледі. 2017 жылдан бастап бағдарламаға қатысуға байланысты құжаттардың барлығын электронды нұсқада өткізуге болатынын да атап айтқан жөн. 

Шетелде жоғары білім алуға қарсылық танытқандар талқылау барысында талантты жастардың сыртқа қарай кетіп қалу қаупі бар екенін алға тартты. Олар Қытайдың мысалын алға тартты, бұл елде студент шетелде жарты не бір жылдық курстарда ғана оқи алады екен. Халқының саны бір жарым миллиардқа жуық Қытайда! Шектеу саясаты Жапонияда да бар. Жылына бар болғаны 15 адам ғана (120 миллион жапонның арасынан) шетелдің жоғары оқу орындарында оқуға рұқсат алады екен. 

Талантты да талапты жастардың шетелге кетуі біздің еліміз үшін қауіпті ме? Статистикаға сүйенсек, шынында да, “Болашақ” стипендиясының көптеген түлегі елге қайтпаған екен. “Байтақ дала” экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртайдың сөзіне қарағанда, бүгінде ондай “болашақтықтардың” саны – 155 адам. Қазақстан олардың білім алуы үшін қыруар қаржы жұмсағаны белгілі. Бұлардың мемлекет алдындағы қарызының жалпы сомасы 1,9 миллиард теңге, қазірге оның 500 миллионы ғана қайтарылған. Дегенмен, жағдай соншалық мүшкіл де емес: стипендия тағайындалғаннан бергі уақытта бағдарлама түлектерінің 98%-ы елге оралған, қазір олар ел игілігі үшін табысты жұмыс істеуде. 

Бізге де шектеу жасау керек пе? Әлде керісінше, шетелде жоғары білім алуды мейлінше қолжетімді еткен дұрыс па? “Bilim” ток-шоуына қатысқан қонақтар мен сарапшылар соңғы нұсқаны көбірек қолдап жатты. Бүгінгі “болашақтықтармен” әңгіме оптимизмге үндейді. Мәселен, бағдарлама барысында бүгінде Малайзияның ақпараттық технология университетінде оқып жатқан Дәурен Досымбет байланысқа шықты. Студент міндетті түрде елге ораламын деп отыр. Тіпті, нақты жоспары да бар. “Мұнда интернет сауда мен электронды әмиян тым жақсы дамыған. Елге оралғаннан кейін өзім сияқты ойлайтын жастардың басын қосып, осы бағытты Қазақстанда дамытуды көздеймін”, – дейді Дәурен. 

“Bilim” ток-шоуы әдеттегідей Міржақып Дулатұлының сөзімен аяқталды: “Білім ал және үйренгеніңді халқыңа үйрет”. Бағдарлама қонақтары бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып жатқан жастар елге оралып, оқыған-тоқығанын ел игілігіне жаратып, дамуымызға үлес қосарына сенім білдірді.

0
0
2494

Еще по теме

ШЕТЕЛДЕ ОҚЫП, ЕЛДЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ - Yvision.kz