ШЕКАРАШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ
Аудан орталығындағы «Достық» үйінде ел Тәуелсіздігінің және Шекара қызметінің 30 жылдығына орай салтанатты шара өтті.
📷Айтулы басқосуда сиясы кеппеген «Мемлекеттік шекара» кітабы таныстырылып, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал-майор Кәрім Мәсімовтің бейнеүндеуі тыңдалды.
📷Шарада сөз алған аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:
–Мемлекет шекарадан басталады. Ал оны күзету Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне сеніп тапсырылған. Тарихымызға үңілсек, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызды сыртқы басқыншылардан қорғау жолында қаншама апайтөс батырларымыз шейіт кетті. “Ұрпақтан ұрпаққа аман-сау жеткен қасиетті жерімізге жан баласы көзін аларта сұқтанып, еліміздің тұтастығы бұзылмаса екен” деген арманмен қолына қару алып, ғұмырларын осы жолда сарп еткен барша қаһарман аталарымыздың біздерге қалдырған қасиетті жерін күзету – үлкен абырой, үлкен жауапкершілік. Тәуелсіздіктен асқан киелі ештеңе жоқ. Еліміз тәуелсіз болған 1991 жылдың желтоқсанынан кейін іргелі мемлекеттің шекара¬сын дербес күзету саясаты күн тәртібіне қойылды. Шекарамыз ресми түрде бекітіліп, белгіленді. Осының өзі біле білгенге үлкен еңбек. Шептегі ел ретінде біздің аудан тұрғындары үшін шекара сөзі таңсық емес. Бірақ шекарадағы заңбұзушылық, шекарадан рұқсатсыз өту, контрабанда сияқты істердің ара-гідік болса да, орын алып жатқанынан хабарсызбыз. Ұйқымыз тыныш, әр күніміз тыныш өтуде. Мұның бәрі шекарашылардың тынымсыз еңбегі, жауапкершілігінің арқасы деп білемін. Ұлт үшін ұлық мереке қарсаңында шекарашыларымызды да мерейтойларымен аудан жұртшылығы атынан құттықтаймын. Шекарамыз тыныш, тірлігіміз тиянақты, берекеміз баянды болсын! – деп тілегін білдірді.
📷Мемлекеттік шекараны күзету және қорғау міндетін абыроймен атқарып келе жатқан шекарашылар Сайқын шекара бөлімше бастығының орынбасары капитан Оян Сұлтанов, Орда шекара бөлімше бастығының орынбасары майор Құдайберген Бейсенов, осы бөлімшенің кіші сержанты Ернар Манабаев пен сержант Асқарбек Ахатовтар аудан әкімінің алғысхатына ие болды.
📷Отан алдындағы әскери борышын өтеуде шекара асып, от кешкен Ауған соғысының ардагерлері Мүслімеден Таубаев, Асылбек Сүйінішев, Нағым Баткенов, Бақытжан Жүнісов, Елтай Қонақбаевтер, жастарға патриоттық тәрбие берудегі белсенді қызметі үшін еңбек ардагері Марат Қадешевке де ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай алғысхат табысталды.
📷Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының І орынбасары Исатай Құрмашев та шекара қызметіндегі шенділерге тілектерін білдіріп, мерекемен құттықтады. Аға буын өкілі Марат Қадешев, Ауған соғысының ардагері Елтай Қонақбаевтар да мереке иелерін құттықтап, шекара тыныштығы – елдің тыныштығы екенін айтып, қиын да қасиетті борыштарын адал атқаруларына тілектестіктерін білдірді.
Орда шекара бөлімшесінің бастығы Иманғали Дүрманов, Сайқын шекара бөлімше бастығының орынбасары капитан Оян Сұлтанов Отан тарихындағы айтулы мейрамды салтанатты шара ұйымдастырып, еңбектерін елеген аудан басшылығына алғысын білдірді.
#орда_ақпараты
