Бүгін Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков Шардара ауданына арнайы іссапармен келді. Қайрат Сұлтанбайұлы мен облыстық полиция департаментінің басқарма басшылары, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудан прокуроры Руслан Әбдірайымов, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Аппаз Тұрғынбаев бастаған топ алдымен былтырғы жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта жаңғыртылған аудандық ішкі істер ғимаратының іші-сыртын аралап көрді.
Жаңа ғимараттың мәжіліс залында аудандық ішкі істер бөлімінің ардагерлері және қазіргі таңдағы жеке құраммен жиын өткізген Қайрат Сұлтанбайұлы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ішкі істер саласында жүргізіліп жатқан реформа жөнінде, сондай-ақ, жыл басынан бергі бір ай ішінде Түркістан облысы бойынша қылмыс көрсеткіші 28 пайызға төмендегенін атап өтті. Сонымен қатар, Шардаралық полицейлердің жаңа ғимаратқа қоныстанғанына құтты болсын айтқан Қайрат Сұлтанбайұлы осынау игі іске жәрдем беріп, полиция қызмектерлеріне ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайға алғысын білдірді.
Жиын барысында полиция қызметінің ардагері, ауданның құрметті азаматы Мейрамбек Сарманов ұзақ жылдан бері бос тұрған ғимараттың заманауи үлгіде жаңғыртылып, пайдалануға берілгеніне алғысын айтты.
Облыстық полиция департаментінің бастығы қала аумағында орналасқан бірқатар учаскелік полиция пункттерінің жұмысымен танысты. Учаскелік полиция пункттерінде қоғамдық кеңестің мүшелері, зейнет жасындағы еңбек ардагерлерімен сұхбаттасып, қылмысты болдырмау және оның алдын алу бойынша бірлесе жұмыс жүргізгенде істің нәтижелі болатынын жеткізді.
(с) Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі.